ТҰҒЫРЫ БИІК-ТУҒАН ЖЕР

3402
Adyrna.kz Telegram

“Туған жер” шығармашылық байқауына қатысушылардың туындыларын парақшамызға жариялауды бастадық. Келесі келіп түскен туынды «Үздік мақала» аталымы бойынша Абзал БЕКТҰРҒАНОВ.

 

Автор: Бектұрғанов Абзал Төреханұлы
Байланыс телефондары:  87086561055, 87711414642

Жоғары оқу орнын қалада оқып, қазіргі таңда қалада қызмет атқарып жатқанымызбен көпшілігіміз ауылдан шыққанымыз ақиқат. Туған жер – деген қандай жылы, жағымды сөз. Туған жерге, туған ауылға жетер жер барма?
Мен бұрынғы Оңтүстік Қазақстан Облысы Бәйдібек ауданы, Мыңбұлақ ауылы аумақтық әкімшілігінің Қайнарбұлақ елді мекенінде дүниеге келдім. Сол жерде балалық шағым өтті. Ауылым Қаратаудың баурайында орналасқан, ауасы керемет. Таза ауа, жасыл жайлау, тау бөктерінен аққан бұлақтың сулары ауылыма деген махаббатымды арттырады. Енді туған жерім туралы сыр шертсем.
Бәйдібек баба ұрпақтары Қаратаудың күнгей-теріскей бетіне қоныстанған. Жоңғар қалмақтары елімізге тұтқиылдан келіп, жойқын соғысынан «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» ұшырап, «Елім-ай» әнін зарлап айтып, Қаратау асып, Сыр, Арыс, Ташкент, Хиуа, Бұхар, т.б. жерлерге кеткен. 1726 жылы Ордабасыда үш би елдің басын қосып, ынтымаққа шақырып, елді, жерді жаудан босатып алу үшін ер-азаматтарды жұмылдырып, жауға соққы берген. Елдің бейбітшілікке қолы жетіп, Бәйдібек бабаның Жалмамбетінен тараған Ысты ұрпақтары Қаратаудың күнгей бетіне қоныс тепкен. Ол жерлерде өзен, бұлақтар көп болған. Олар: Бөген өзені, Сасық өзені, Шаян өзені, Арыстанды өзені, Қарабас бұлағы, Аю өзені, Ақтас өзені, Қайнарбұлақ, Бөкен бұлақ, Ақата бұлағы, Талдыбұлақ, Қарабұлақ, Мыңбұлақ, Құрттыбұлақ, Ойық өзені. Сол бұлақтардан ерекше көрінетін әрине туып өскен өлкем Қайнарбұлақ.
Туған жерім Қайнарбұлақтың көзінен бір арық су қайнап бұрқырап шығады. Осы бұлақтың оңтүстігіндегі Аралтөбе деген қыраттың күн шығысынан ағып өтіп жаюат тегіс жерге дейін жайылады. Аралтөбенің теріскей тұмсығында Сыздық болыстың Қызылқорған деген қыстауы мен Шыбықбел деген төбенің күнбетіндегі қойнауындағы мал қыстататын жайлауы болған. Қызыл қорғанның терістік батыс жағында Табақбұлақ, оның астына Ақтас өзенінің Қызылжар жерінен өтетін батыс бетінде, Ақтас сазының оңтүстік етегінде Тілеуіт атаның Қарабегінен тараған шөбересі Тұрғанбай баласының қыстауы болған. Тұрғанбай қыстауының батыс жағында 1-2 шақырымдай жерде Тілеуіттің немересі Боқан, Тоқан деген кісілердің суы аз бұлағы болған екен.. Оның шығыс жағында Құдайменнің шөбересі Жарболдық тұрған. Қоржынбұлақ деген суы аз бұлақтар да осы тұста. Қайнарбұлақтың терістік жағында бір қабат терістікке қараған таудың беткейінде Қашақ қыстауы, Байболат деген қыстауларды да Бәймен атаның Бектас баласының ұрпақтары мекендеп келген. Аралтөбенің Шұқырбұлағы, Құлтастың диірменінің оңтүстігінен Ақата бұлағына дейінгі тегістіктегі жерлерге қыстау салып, егін егіп, Сырымбеттің немересі Дәуебай атаның ұрпақтары мекендеген. Қайнарбұлақтан терістікке қараған таудың ішінде Бектал деген жерде шағын, суы аз бұлақ бар. Мұнда Жалаңтөс деген кісінің қыстауы болған. Бұл кісі де Дәуебай атаның ұрпағы болып келеді. Қайнарбұлақтың суын егістікке Бәйменнің Бектасы мен Дәуебай атаның балалары тең пайдаланып келген.
Туған жерім туралы аға буындардың айтқандарынан есте қалғандарын, өзім білетін тарихтан сыр шерттім. « Жеті атасын білмеген ер жетесіз» деген қазақта керемет сөз бар. Сондықтан қазақтың басынан өткен біраз қиыншылықтары, ілгері ата-бабаларымыздың өмір бақи атыс-шабыс, жаугершілік заманда өмір сүргенін біз сияқты болашақ жас ұрпақтар тарихты біліп, сыйға тартқан Қазақстанның осындай кең байтақ жерін көздің қарашығындай сақтап, ауызбіршілік пен ынтымақтастықты арттырып, оқып терең білім алса, сол білімін еліміздің қажетіне іскерлікпен ендірсе нұр үстіне нұр болар еді. Елбасының қазіргі алға қойған міндеттерін орындауға барлық күш-жігері мен білімін жұмсаса екен.
Аллаға шүкір қазіргі таңда туып өскен жерімде елдің ынтымағы артып, мәдени тұрмыстық жағдайы күннен – күнге жақсарып келеді.
Қазір ауылға жол төселіп, ауыз сумен толық қамтамасыз етілген. Байланыс бөлімшесі жұмыс істеп, күнделікті газет-журналдар уақытында жеткізіліп, телефон байланысы жолға қойылған. Биылғы жылдан бастап газ кіргізу жұмыстары атқарылып жатыр.
Ауылым ескі мектептің орнын 57 жыл бойы сақтады. Сол орынға 2009 жылы заманауи озық үлгіде мектеп салынды. Болашақ жастардың сапалы білім, саналы тәрбие алуына толық жағдай жасалды.
2011 жылы біздің ауылға заманауи үлгіде жаңа мешіт пайдалануға берілді. Бұл ел тәуелсіздігінің арқасында қол жеткен елдің имандылыққа бет бұруының белгісі еді. Бұл Алланың үйі – мешіт елді –мекен тұрғындарына қызмет етіп, болашақ жастарымыздың ислам дініне бет бұрып, Аллаға құлщылық жолында, иманды азамат болып өсуі жағдай жасары анық.
Туған жерім Қайнарбұлақ ауылымның өсіп-өркендеуіне, мектеп, жол, мешіт сияқты жобалардың жүзеге асуына белсенділік танытқан азаматтар көп болды. Әйтседе бірден-бір септігін тигізген азаматты атап өтпесем болмас. Ол ауылымыздың құрметті азаматы – Қансейіт қажы Түймебаев.
Түймебайұлы Қансейіт 1928 жылы 25 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданы Мыңбұлақ ауылы аумақтық әкімшілігінің Қайнарбұлақ елді мекенінде, шаруа отбасында дүниеге келген. Айтқым келгені біз сияқты өскелең ұрпаққа Қансейіт қажы атамыз сияқты аға-буын жол көрсеткен. Менде сол жолды көрдім. Болашақта ауылымның одан сайын көркеюі үшін қай жақта жүрсемде қызмет атқаруға әзірмін.
Дамыған елдер өздеріне зәулім-зәулім ғимараттарымен тартуы мүмкін. Өз басым 2012 жылдары Түркия елінде оқыдым. Сол кездері шынымды айтайын түрік еліне қызықтым, тамсандым. Бірақ, қызығушылығым екі аптадан артық аспады. Екі аптадан кейін туған жерімді сағынып, ауылыма асықтым. Бұдан айтқым келгені керемет дүниеге бір сәттік қызығушылық болуы мүмкін. Бірақ туған жерге деген махаббат, қызығушылық мәңгілік дегім келеді.
Мыңбұлақ ауыл әкімшілігінен шыққан мақтануға тұрарлық ғылым докторы мен кандидаттар жетерлік. Қысқаша айтар болсам:
⦁ Қалдыбек Тұрсын – тау-кен металлургия ғылымдарының докторы.
⦁ Төреқұлов Нысанбек – философия ғылымдарының докторы, жазушы.
⦁ Аян Нысаналин – жазушы, ҚР журналистер одағының мүшесі.
⦁ Түймебаев Жансейіт – филология ғылымдарының докторы.
⦁ Нарбеков Әшім заң ғылымдарының докторы.
⦁ Бектұрғанов Рамазан – медицина ғылымдарының докторы.
Ш.Уәлиханов атамыз «Бір елдің көркейіп дамуы үшін бірінші бостандық, екінші білім керек» - деген екен. Аллаға шүкір еліміздің, отанымыздың бостандығы бар. Тәуелсіздіктің де қадірін білмесек Сирия халқы сияқты босқын болып кетуіміз мүмкін. Тәуелсіздігіміз баянды болуы үшін болашақ ұрпақтарымыз білімді қару қылса ұтылмасымыз анық. Өйткені қазіргі заман білім мен ғылымның заманы. Еліне, жеріне деген патриоттық сезімі бар білімді кез-келген жас ұрпаққа елдің тізгінін алаңдамай беруге болады деп ойлаймын. Туған жеріне деген махаббаты қазақ еліне деген махаббатының ұштасуы деп білемін.
Менің жазған шығармамда шағын ауылдың жоқшылық заманнан қазіргі заманға дейінгі жолдарын көрсетуге тырыстым. Біздің ауыл құлдыраған жоқ. Керісінше дамыды деп айтсам қателеспеймын. Әрине бұның барлығы елдің ауызбірлігі мен ынтымағы деп білемін. Ауылдың дамуына септігін тигізген нар тұлғалы азаматтардың еңбегі. Елбасымыз Н.Назарбаевтың ұсынған «Туған жер» бағдарламасының негізгі мақсаты осыған саяды деп білемін.
Мұның өзі «бақ қайда барасың десе, ынтымаққа барамын» деген даналықтан шығады екен.
Ауылымыз жақсы болса аудан, аудан жақсы болса облыс, ол жақсы болса Республикамыз да өркендейді. Елбасы Н.Назарбаевтың дүние жүзі өркениетті 30 елдің қатарына қосылуға үндеген міндеттері орындалары анық.
Мен туған жерімді мақтан тұтамын және қазақ елінде өмір сүріп жатқаныма бақыттымын!

Пікірлер