Ақтөбеліктер саябақты қыста суғаруға 2 млн 232 мың 143 теңге қаржы бөлді

883
Adyrna.kz Telegram
фото: gov.kz
фото: gov.kz

Ақтөбе облысы Темір ауданы Қайыңды ауылдық округі әкімдігі "Қайыңдыдағы саябақты суару және күтіп ұстау қызметі" деген тақырыппен тендер жариялап, бюджеттен 2 232 143 теңге қаржы бөлді, деп хабарлайды Адырна ұлттық порталы satypalu.gov.kz сайтына сілтеме жасап.

Мемлекеттік сатып алу туралы хабарлама 13 қыркүйек күні жарияланған. Тендер жеңімпазы 20 қыркүйек күні анықталады. Техникалық сипаттамада мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырушы компания саябақтағы ағаш көшеттеріне тамшылатып суару жүйесін орнатуы керектігі жазылған. Тапсырыс беруші тарап тамшылатып суарудың артықшылықтарына да тоқталып, саябақтағы көшеттер біркелкі су ішетінін, күнге күйіп, топырағы керіш болып қатып қалмайтынын, т.б мәселелерді тізіп шығыпты. Отырғызылған көшеттерді суару тапсырыс берушінің жауапты маманының қатаң бақылауымен жүзеге асатынын да ескерткен. Тапсырысты орындаушы компания бекітілген кесте бойынша арнайы ыдыстарды суға толтыру арқылы аптасына 3 рет саябақты суарып тұруға міндетті. Сондай-ақ техникалық сипаттамада құрылыс жұмыстарының барлық түрі, соның ішінде қоршаулар мен суару жүйелеріне арналған шығыс материалдары жеткізушінің есебінен жүзеге асырылатыны,  сыйымдылығы кемінде 10 м3 су тасығыш болуы қажеттігі, жұмысты кемі 2 адам жүргізуі керектігі көрсетілген.

2024 жылдың аяқталуына бар болғаны 3 ай уақыт қалды. Сонда Қайыңды ауылдық округі әкімдігі саябаққа жаңадан егілген көшеттерді қақаған суықта суармақ па? Саябақты суаруға көктемде, я жазда 2 232 143 теңге бөлініп жатса, түсінуге болар. Қыркүйектің аяғында саябақты суғаруға қазына қаржысынан ақша бөлу ақылға сия ма?

Бұл сұрақтарды тиісті мекемеге жолдадық. Олардан жеткен жауапты алдағы уақытта жариялайтын боламыз.

Абай Асыл

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер