Тоғызқұмалақ ойыны -- көшпенді өмір көрінісі

966
Adyrna.kz Telegram

Астанада өтіп жатқан 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына байланысты көшпенді өмір қалыптастырған қазақтың ұлттық ойындарының бірі  тоғызқұмалаққа көз салайық. Тоғызқұмалақ ойыны қазақтың көшпенді өмір көрінісі десек артық болмайды.  Көзімізді жеткізу үшін тоғызқұмалақ ойынын қысқаша саралап көрелік.

Тоғызқұмалақ ойыны осыдан 4-5 мың жылдар бұрын пайда болған деген деректер бар, бірақ адамзаттың көшпенді дәуірінің одан арғы қойнауынан болуы да мүмкін. Осыған ұқсас ойын туысқан көршіміз қырғыз елі ғана емес, тіпті, Африка халықтарында да бар. 

Тоғызқұмалақты «Қойшылар алгебрасы» деп те атайды. Себебі бұл ойынды алғашында өрісте қойларын жусатып жіберген қойшылар ойнайтын болған. Жерден ұя-шұңқырлар қазылып, құмалақпен ойналған. 

Енді тоғызқұмалақ ойынын талдай отырып, оны қазақ халқының салт-дәстүрімен салыстырып көрелік.

Қазіргі ойын тақтасы  2 қазан, 18 отау, 162 құмалақтан тұрады. Ойын басында әр ойыншыға бір қазан, тоғыз отауға тоғыз-тоғыздан салынған 81 құмалақ тиесілі. Алғашқы жүріс жасаған ойыншыны бастаушы, екінші жүріс жасаған ойыншыны қостаушы деп атайды. 

Жүріс жасау үшін өз жағымыздағы отаулардың бірінен құмалақтардың біреуін орнында қалдырып, қалған сегізін қолға алып, солдан оңға қарай бір-бірлеп таратамыз. Тарату сәтінде құмалақтар өз отауларымыздан асып кететін болса, қарсыластың отауына таратамыз. 

Мақсат – өз қазанына мол құмалақ жинау. Ол үшін отауларды байыту керек. Бай отаудың қарсы жаққа шығу мүмкіндігі мол.

Көріп отырғанымыздай, ойын элементтері қазан, отау, құмалақ аттары қазақ тұрмысынан алынған. Тіпті, ойыншылар да қарсыластар емес бастаушы-қостаушы болып табылады. 

Енді тоғызқұмалақтың осылай аталу және отаулар мен құмалақтардың неге тоғыз болған сырына келейік. 

«Құмалақ» деген сөз қойдың құмалағынан басқа ұғымдарды да білдіреді. Мысалы, «құмалақ салу», не болмаса «құмалақ ашу» деген сөздер бар. Ал құмалақ салатын адамды «құмалақшы» деп атайды. Бұл сөздер қазақ арасында кеңінен тараған  адамның тағдырына үңілуге мүмкіндік беретін ежелгі дәстүрді және сол дәстүрді орындайтын адамды білдіреді. Тағы «құмалақ тас» деген сөз бар. Бұл «домалақ» деген ұғымды білдіріп, «домалақ тастың» бейнесін береді. Осылай «құмалақ» сөзінің көп мағыналы екенін көреміз. Сондықтан, қазақтың ұлттық ойынының «Тоғызқұмалақ» деп аталуы ешқандай да әбестікті білдірмесе керек. 

Тоғызқұмалақтың саны мен отаулардың саны басқа сан емес, тоғыз болуының да өзіндік заңдылығы болса керек. 

Тоғыз санының қасиетіне тоқталсақ, ана құрсағында нәресте тоғыз ай, тоғыз күнде өсіп жетіледі. Бұл сан адамның пайда болып, жарық дүниеге келетінге дейінгі уақыт өлшемі. Тоғыз саны өмірге адам әкеледі. Көшпенділер тоғыз санын болмыстың шыңы деп санаған, олардың салт-дәстүрлері мен наным-сенімдерінде тоғыз саны қасиетті болып есептелінген. Тоғыс санының омонимі – «ұзақ өмір». Сонымен бірге, жер бетіндегі тіршілікке және адам өміріне әсер ететін негізгі тоғыз планета бар. Олардың қозғалысы жер бетіндегі бүкіл тіршілікке ықпал жасайды. Көшпенді халық оны жақсы білген. Мүмкін тоғызқұмалақ ойыны сол планеталар қозғалысымен байланысты шығар. Бұл мәселені астрология ғылымы қарастыруы керек. 

Осы айтылғандардан тоғызқұмалақтағы 9 санының халық ділімен тығыз байланысын және оның үлкен мәні барын көруге болады.

Бұрынғы заманда көп балалы үй бір әкеге, ал қоғам рубасы ақсақалға қатаң бағынған. Бала кәмелетке жеткен соң әкесі оны үйлендіріп отау құрады. Тоғызқұмалақ ойынындағы отауда тоғыз құмалақ болғандықтан, ол отаудың басы адам деген ишара береді. 

Сөйтіп, балалар өскен сайын отаулар көбейіп, ұлғая береді. Әке байлығы өзінің жиғанымен ғана емес, балаларының, яғни отаулардың байлығымен де өседі.   

Тоғызқұмалақ тақтасын осындай қазақ ортасы деп қарастыратын болсақ, онда ойнаушыны әкемен, ал отауларды оның балаларының отбасымен салыстыруға болады. 

Адам өмірінде екі түрлі байлық болады. Бірі – адамның сүйіспеншілігін, мейірімділігін, сабырлылығын, даналығын, шыдамдылығын және басқа да адами қасиеттерін көрсететін рухани байлық, ал екіншісі оның денсаулығын, сұлулығын, күш-қуатын, қалтасындағы ақшасын және басқа да тәндік артықшылығын көрсететін дүниелік байлық. Дүниелік байлық мәңгілікті емес, өзгеріп отырады, ал өлген кезде адам одан мүлде айырылады. Рухани байлық, керісінше, мәңгілікті, ешуақытта кемімейді, өлгеннен кейін о дүниеде адамның азығы болады. Өмір мақсатына жеткізетін байлық та, осы рухани байлық. Бұл дүниеде адам рухани байлығын көбейту үшін өзінің дүниелік байлығын пайдаланады. Бұл тоғызқұмалақта қазандағы байлықты молайту үшін отаудағы байлықты қолдану тәрізді. Тоғызқұмалақта да екі түрлі байлық бар. Бірі – қазандағы құмалақтар. Кім өзінің қазанында көп құмалақ жинаса – сол жеңіске жетеді. Сондықтан бұлар ойыншыны  жеңіске жеткізетін құмалақтар – негізгі байлық болып табылады. Екіншісі – отаулардағы құмалақтар. Бұлар қазандағы құмалақтарды көбейту үшін пайдаланады, яғни жеңіске жету құралы ғана.

Осылай өмір көріністерін тоғызқұмалақпен салыстыратын болсақ, отаудағы байлық дүниелік байлық тәрізді бірде көбейіп, бірде азайып отырады, сондықтан ол өзгергіш дүниелік байлық болып табылады да, ал қазандағы байлық азаймайды, тек қана ұлғайып отырады және жеңіске жеткізетін тек қана осы байлық, сондықтан ол өмірдегі рухани байлық тәрізді. Тоғызқұмалақ дәстүрі мен көшпенді тіршілік дәстүрі ұқсас – көшпенді адам өзінің рухани байлығын ұлғайту жолында мал-мүлкін пайдаланатыны тәрізді, ойыншы да қазандағы құмалақтарын көбейту үшін отаудағы құмалақтарды пайдаланады. 

Баю үшін алу керек. Ал алу үшін әуелі беру керек. Бұл көшпенді өмірдің табиғи құбылысы. Тоғызқұмалақта да, бастаушы болған ойыншы өзінің бірінші жүрісінде әке тәрізді бір отауынан бастап сол отаудағы байлықты үлестіріп бере бастайды. Ол отауға да өмір сүру керек болғандықтан, ол отаудағы байлықты түгелдей үлестірмей, бір бөлігін қалдырады, яғни бір құмалақты қалдырады да, басқаларын үлестіреді. Үлестіргенде әуелі ең жақын отаудан бастайды. Себебі жақсылық жасауды ең жақыныңнан бастау керек. Жақсылықты жақыныңа жасай алмасаң, басқаға да жасай алмайсың. Бұл өмір заңдылығы. Сөйтіп, байлық жинау үшін ол біртіндеп ең жақынынан бастап үлестіреді де, алыстағыларға, тіпті, тақтадағы өзінің қарсы жағындағы отауларға көшеді. Соңғы тасы түскен қарсы жақтағы отаудағы барлық байлықты (құмалақтарды) алып өзінің қазанына салады. Осылай ол рухани байлық жинайды. Құмалағын берген отау қазір бос қалғанымен, ол одан азып кетпейді – ойын барысында оған байлық қайтадан жиналады. Себебі ол берді, ендеше берген қайта алады. 

Ойын барысында жүруші алыс-беріс тәртібі бойынша бір отаудан алынған байлықты барлық отауларға бірдей салып шығады, яғни ол әуелі өзінің маңындағыларына беріп, қоршаған ортасын байытады. Егер одан асып кетсе, онда ол келесі жақтың отауларына береді. Берген сайын отаудағы адамдардың ризашылығын алып, байлық жинау арқылы өзінің рухани болмысын өсіреді. Мақсат – қарсы жақтағы соңғы берген отаудың байлығын өзінің қазанына салу. Ол үшін жүрістің алдында әуелі алатын отаудың жағдайын біліп алып, оны жұп санды ету керек. Сонда ғана ол отаудағы құмалақтарды өз қазанына салады. 

Көшпелі адамның өмірі табиғат байлығын жинауға байланысты. Тоғызқұмалақ ойыны да осының көрінісі. Қазіргі спорт ойындары жеңу үшін қарсыластың күшін азайтып, оны құртуға негізделген. Яғни ойыншы қарсыластың тастарын жеп, азайтуға ұмтылады. Тоғызқұмалақта олай емес. Тоғызқұмалақтың мақсаты қарсыластың тасын жеу емес, өзіне байлық жинау. Байлық жинау көшпелі дәуірден келе жатқан әдіс, соның көрінісінің бірі. Ежелгі адам жеміс-жидек, жабайы өсімдіктердің дәндерін, тамырларын жинап және аңшылықпен шұғылданып, аңдардың терісін, жүнін жинап өз қажетіне жаратып дағдыланған. Кейіннен малды қолға үйреткеннен кейін оны табиғат байлығын жинауға пайдаланды. Мал далада жайылып, күн қуатынан пайда болған шөпті жеп, өзінің жүні, сүті тәрізді денесінің физиологиялық құбылыстарына айналдырды. Адам малдың жинап әкелген сол байлықтарын пайдаланды. Сөйтіп мал адам үшін табиғат байлығын жинайтын құралға айналып, өмір тірегі болды. Мал табиғаттың бір бөлігі болғандықтан,  бұл адамды табиғаттан бөлген жоқ, керісінше, жақындата түсті. Осылай көшпелі адам табиғаттан бөлінбей, үнемі оның бір бөлігі сезініп отырды. Табиғаттан өзіне керегін мал арқылы жинайды. Адамға ештеңе жасап керегі жоқ, тек қана малдың жайылымына жағдай жасаса болды. Мал адамға керектілерді өзі даладан жинап әкеледі. Сондықтан көшпендінің өмірі мал санына байланысты болды, ал мал саны табиғат құбылыстарына байланысты. Адамның өмірі табиғат құбылыстарына тікелей тәуелді болғандықтан, ол көңілін қоршаған ортаға толық аударып, онымен тығыз байланыста болуға мәжбүр болды. Осылай, табиғатпен тығыз байланысқан тәңіршілдік дүниетанымы пайда болды. Адам табиғат құбылысын барлап, оның сырларын түсіне біліп, өмірін байланыстырып отырды. Мысалы, көшкен құстар мінезі бойынша, жан-жануардардың әрекеттеріне қарап табиғат өзгерістерін барлады. Табиғат құбылыстарын білу жайлауға шығу, қыстауға қайту мерзімдерін анықтауға мүмкіндік берді.  

Табиғат Жоғары Жаратушының бір көрінісі болғандықтан, адам үнемі Соның ықпалында болып, Оның шапағатын үнемі сезініп отырды. Осылай адам бүкіл әлемнің бір мүшесіне айналып, оның рухани дамуы эволюция жолымен табиғи түрде болды. Көшпенді өмір Болмыстың бір бөлігі ретінде адамға осылай әсер етті. Болмыс кемшіліксіз, үйлесімді болғандықтан, Оның бір бөлігі көшпенді өмір де кемшіліксіз болды. Сондықтан, көшпенділер адамзат өркениетінің қозғаушы күшіне айналды.  

Ұлттық ойынымыз тоғызқұмалақты дұрыс түсініп, толық қабылдайтын болсақ, ұмытылып бара жатқан дәстүріміз ғана емес, бұрынғы ер мінезді болмысымызды да қалпына келтіре алар едік.

Досым Омаров

Пікірлер