СЫР-АЛАШТЫҢ АНАСЫ!

2497
Adyrna.kz Telegram

“Туған жер” шығармашылық байқауына қатысушылардың туындыларын парақшамызға жариялауды бастадық.  Бәйгенің "поэзия" аталымы бойынша келесі қатысушысы: Шалбай Аяжан Көлдейбекқызы

Автор: Шалбай Аяжан Көлдейбекқызы
Байланыс телефоны: 87714212500

 

Жырым болсын Сыр еліме арналған,
Мен қызыңмын ұлы өнерді жалғаған.
Алты алашқа пана болған жыр елім,
Тыным таппай көкке биік самғаған.

Алтын ордам – қымбатсың,бәйтерегім,
Көңіліме жарық сәуле ой теремін.
200 жыл тарихы бар үлгі етерлік,
Осы өңірде тумасам қайтер едім?

Тер тамшысы маңдайдан төгілген тым,
Бел майысып еңбектен бүгілді мың.
Қиын-қыстау кездердің дәмін татқан
Сыр елі үшін айтулы бүгінгі күн!

Тарихың бар сыр шертетін ежелден,
Талай жауhар шыққан осы ұлы елден.
Қайталанбас батырларың бір төбе
Қалың жауға ақ найзасын кезенген.

Сен бар жерде рахат тауып жайландым,
Өзің үшін қаруыммен сайландым.
Туған елдің түтінін түтеп сөндірмей,
Байтақ жерге кіндігіммен байландым.

Алар орны тарихтың зор емес пе?
Ұмытпастай сақтар мәңгі оны есте.
Тілім , дінім – елдігімнің тірегі
Сол арқылы ұмтыламыз белеске.

Сенде туған Жанқожа батыр бабам,
Қыл қобызын күңіренткен Қорқыт данам.
Туған жерін қызғыштай қорғап өткен,
Жалаңтөс Баhадүрдей батыр балаң.

Сонау тарих жолында бастамасы,
Сол кездерден ашылды дастан басы.
Қызылордадай шаhарды мақтан етем,
Еліміздің алғашқы астанасы!

Сұлулығы тамсандырар талайды,
Кең әлемге шуақ шашар арайлы.
Сыр елі деп , жыр елі деп тәу етіп,
Туған халқың қасиетіне балайды.

Жайнаған Сыр еліне қараған көп,
Бақыттың бастауына балаған тек.
Сан қилы тарихы мол туған жердің,
Киелі топырағынан тараған ек.

Көркем неткен байтақ елдің даласы,
Жерін сүйген мен қазақтың баласы.
Өркендей бер,көркейе бер мәңгілік,
Сыр Алаштың қасиетті анасы!

 

 

Ауылым – алтын бесігім

Қазалының Кәукей елді мекені,
Құмың – төсек,жасыл-желек етегі.
Әрбір перзент туып өскен ауылын,
Мәңгілікке мақтан етіп өтеді.

Таң нұрымен ажарын жасандырып,
Талайларды тәнті етіп,тамсандырып.
Ауылымның келбеті көз тартады
Өр бойына жарасып асау қылық.

Болған соң қазақ рухы қанымызда,
Елді ұмыту сын болар арымызға.
Туған жердің тарихынан сыр шертеміз
Тәубе етіп,тәуелсіздік таңымызға.

Көнелерден сыр шерткен мұңға балап,
Ауыл – тылсым,керемет тұңған алап.
Киелі өңір тарихы шежірелі,
Басымды ием,қастерлеп шыңға балап.

Қос ғашықтың куәсі Сараманнан,
От жанарын ала алмайды қараған жан.
Өнерлі,өрендері топ жарып жүр,
Киесі бойымызға тарағаннан.

Ауасы туған жердің шипа жанға,
Нәр берер жүректегі құйған қанға.
Аялы алақанның дәруі мол,
Жазылар жан жарасы сипағанда.

Қасиетті туған жер топырағың,
Уысыма аламын толтырамын.
Мың қайтара тәу етем маңдайыма,
Өркен жайып өссін деп жапырағын.

Қу тіршілік біртіндеп қиындады,
Көкейімнен кетпес бір түйін-дағы.
Кеше көшкен біздерден ауылымның
Туған жерден топырақ бұйырмады.

Пікірлер