Ақтөбедегі мектептердің бірінде 7-сынып оқушысы жүкті болып қалды. Полиция ақпаратты растады, - деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Aktobe Times басылымына сілтеме жасап.
Бұған дейін қала жұртшылығында Ақтөбедегі мектептердің бірінде 7-сынып оқушысының зорланғаны туралы ақпарат тараған болатын.
Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі қыздың жүкті болып қалғанын растады. Алайда полицейлер қыздың зорланбағанын алға тартады. Полицейлер оқушы қыздың серіктесінің жасын жарияламады.
«Зорлау фактісі расталған жоқ. Қыз жүкті болды, қалғанын айта алмаймын», - деді ПД баспасөз қызметінің басшысы Ерболат Сарқұлов.
Еске сала кетейік, маусым айында Павлодар облысында 12 жастағы оқушы қыз босанған болатын. Кәмелетке толмаған баланың жүктілігін бірінші болып мұғалімдер байқаған. Осы оқиғадан кейін аймақта тергеу жұмыстары басталды. Мектеп директоры арыз жазып, өз еркімен жұмыстан шығып, аудандық білім бөлімінің басшысына қатаң сөгіс жарияланды.
Белгілі болғандай, павлодарлық мектеп оқушысы зорланған соң жүкті болып қалған. Балалар омбудсмені Динара Зәкиеваның айтуынша, кәмелет жасқа толмаған балаға зорлық-зомбылық көрсету фактісі бойынша тергеу жүріп жатыр.