«Талақ» пен тәлкек. Саяси жүйенің езгісіндегі Сарымсақтар жалғыз емес

3749
Adyrna.kz Telegram

12 қыркүйектен бастап ел кинотеатрларынан Шанхай халықаралық кинофестивалінде бас жүлде – Алтын кубокты иеленген және басты рөлі үздік танылған Данияр Саламаттың «Талақ» фильмі  көрсетіле бастайды. Бейімбет Майлиннің әңгімелері негізінде түсірілген кинотуынды ішкі тартыс, психологиялық иірім және астарлы сарказмге толы.

Бұл – қазақ тілінде түсірілген фильмнің халықаралық ортада ірі жетістігі. Кинофестиваль өткізілген күндерден бері берілген бейтарап баға – соның мысалы. Енді бұл фильмді көруге қазақстандық көрермендер де мүмкіндік тауып отыр.

26 мәрте ұйымдастырылған Шанхай халықаралық кинофестивалі биыл маусым айының 14-23 аралығында өткен. Оған Франция, Аргентина, Испания, Германия, Иран, Қытай секілді елдердің туындылары да ұсынылған.

Данияр Саламаттың «Талақ» фильмі «Толық метражды көркем фильмдер» аталымы бойынша бас жүлдеге ұсынылған 14 туындының ішінен топ жарып бас жүлдеге лайықты деп танылды.

ҒАСЫРҒА ЖАЛҒАСҚАН ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ҒҰМЫР

Данияр Саламаттың сценарийі және режиссерлігімен түсірілген фильмнің желісі Бейімбет Майлиннің әңгімелерінен алынған. Жазушының «Әже» және «Талақ» әңгімелері Қазақстанда совет билігі үстемдік құра бастаған кезде жазылған. Бір қызығы – Би-ағаң осы әңгімелерін жазған тұста әлі кәмпеске болмаған, алайда алда ұлы алапат Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін күтіп тұрған. Аштықтың алды басталған тұс. Аталған әңгімелерде осы қарсаңдағы қазақ ауылдарындағы адамдар өмірі арқау болған.

«Әже» әңгімесі 1926 жылы, «Талақ» әңгімесі 1923 жылы жазылған. Осы шығармалар арада 100 жыл өткенде режиссерлік шешіммен кино тілімен сөйлеп отыр.

«Талақ» фильмі сол кездегі саяси ахуал мен әлеуметтік картинаны бейнелейді. Оның бас кейіпкері Сарымсақ әуелде комсомолдар қатарында ауылында ойын-спектакль қойып жүріп, арасында молданың әйелі ролін ойнайды. Киноның осы бөлігінің өзі фильмнің ішіндегі фильм сияқты. Ауыл көрермендерін қарқ қылған ол ойнаған спектакльді қаладан келген орталық үкіметтің, әлде партияның уәкілі де кездейсоқ келіп көреді.

Уәкіл ұраншылдық пен науқаншылыққа құрылған сол кездегі саяси партияның оспадар белсендісінің бір мысалы. Совет одағы құлағанға дейін қазақ ауылдарына облыстан немесе республикадан «уәкіл келе жатыр» деген хабар қауіп пен қатердің басындай көрінетін. Уәкіл келсе болды, тексеріс басталатын. Қысқасы, уәкіл совет үкіметінің ұзына бойындағы шолақ белсенді күйінде қалды. Қызыл үкімет олардың жағымды бейнесін жасауға тырыспағанына таңғаласың. Данияр Саламаттың «Талақ» фильміндегі Берия бейнелі уәкіл басқа да көптеген уәкілдердің жиынтық бейнесін жеткізеді.

«ОЙЫННАН» ШЫҚҚАН ӨРТ

Ал фильмнің бас кейіпкері Сарымсақтың шындығы бір басқа. Бұл шындық әшкере айтылмай Сарымсақтың ішіндегі арпалыс күйінде қала береді.

Ойын-спектакльде әйел рөлін ойнағаны үшін ауыл өсегінен запы болған әйелі Зылихаға ол өзінің не істеп жүргенін түсіндіріп бере алмайды. Тек комсомолдың ұйғарымымен ауылға «ойын қойып» жүргенін айтады. Әйелімен ұрыс-керіс барысында ол «талақ» айтады. Содан бастап әйелі да одан бас тартатынын білдіреді. Сарымсақ кейін райынан қайтып қанша жалынғанымен, Зылиха жібімейді. Іс насырға шабады. Зылиха дәті қатты болмағанымен, шариғатқа қатысты айтылған жайға бір шешімін табу осы отбасы үшін бас ауруға айналады.

Екеуі «талақ» мәселесін күн тәртібіне шығарып, соны шешу жолдарына келгенде кәдімгідей бірігіпақылдасып кетеді.

Бір жағы қызыл үкімет, комсомол, әйел теңдігі ұраны көтеріліп жатқан кез. Уәкіл де соңғы сапарында осы туралы нығырлап тапсырып кеткен. Екінші жағынан, дін жағымсыз көрсетілгенімен, молда-ишандар әлі қудалана қоймаған уақыт. Осындай өларада қалған Сарымсақ бір молдамен жолыққанда ол «талақ» айтылған соң, ерлі-зайыптылардың ажырасып, қайта қосылса, қайта неке оқылатынын айтады. Сарымсақ пен Зылиха соның айтқанына көніп, «сен кімге тұрмысқа шығасың?», «сен кімге үйленесіңмен» біраз күн өткізеді. Түбі молданың айтқанын орындап, екеуі қайтадан неке оқытудан үмітті. Бірақ сол үшін күйеуі біреуге үйленіп, әйелі біреуге тұрмысқа шығып, о жақтан қайтадан «талақ» алуы мәселесінің күрделі екенін ойлап жатқан ешқайсысы жоқ. Сөйтіп жүргенде арада Кәрібай байдың көзі Зылихаға түсіп, оны тоқал үстіне алуға кісі салады.

ҚҰЛҚЫННЫҢ ҚҰЛЫ – ҚҰРЫМБАЙ

Көп ұзамай «талақ» санкциясын шешетін жол табыла қалады. «Бала молда» аталған дін адамы үш рет «талақ» айтса ғана ажырасуға болады деген пәтуа береді. Сарымсақ әрине, оған қуанады. Алайда Зылиха оған бір емес, екі рет «талақ» дегенін еске салады да, бір кеште Кәрібай жаққа ауып жүре береді.

Оны қайтару жолында Сарымсақ ауыл милициясы Құрымбайға жүгінеді. Милиция Кәрібай ауылына Сарымсақ екеуі мінгесіп барып, қайтарда өз мініс атына қоса ақ боз ат жетелеп қайтады. Әйелін қайтармақ болып барған Сарымсақты да атқа байлап әкеледі. Құрымбай тергеу жүргізіп, істі Кәрібайдың пайдасына шешіп береді.

Бесіктегі баласы Бақыт пен ес біліп қалған қызы Ұлпаны Сарымсақтың өзі қарап, күтіп, сиыр сауып, тағдырына көнгеннен басқа лажы болмайды.

ҮМІТ ҰШҚЫНЫ – ДАУАГӨЙ ДҰҒА

Фильмде Сарымсақтың қызы Ұлпаның дұғасы әр кездескен қиындықтың бір шешімі түрінде көрініс тапқан. Фильмнің әсерлі тұсының бірі де осы болса керек. Әкесі ауырғанда ол сыртқа шығып кетіп, көкке қолын жайын алласына жалбарынады. Өзінің өмірінен әкесіне 40 жыл кесіп беруді сұрайды. Артынша әкесі сауығып кетеді. Көк сиыр көтерем болып қалған кезде оған да өз өмірінен екі жыл кесіп беруді сұрап, жалбарынады. Соңынан көтерем сиыр орнынан тұрады.

Кейін Кәрібай қос әйел үстіне алған Зылиха дертті болып, бай одан бас тартқан соң туысқан апасына қолына кетеді. Әл үстінде жатып, бір кезде «талақ» айтты деп кетіскен күйеуі Сарымсақ пен балаларын көруді арман ғылады. Бұл хабар Сарымсаққа жетіп, бұрынғы әйелін бір көріп қалуға барады. Соңынан Зылиханы арқалап ауылына келген кезде шешесінің өлмелі халін көрген Ұлпа өз өмірінің 20 жылын анасына қиюды сұрап, дұға қылады. Алдыңғы дұғалар орындалғанымен, осы соңғы дұғаның әсері қандай болғаны көрермен үшін жұмбақ болып қалады.

Осы аралықта Сарымсақтың Құрымбайдың ауыл әйелдерінің біріне тиіскенін көріп қалуы, мастанған милицияның әйел дамбалын жалаулатып, желбіретіп ұстауы, ол дамбалдың қызыл тудың матасынан тігілуі, оның соңы уәкілдің келіп, ауыл әйелдері дамбалдарын тексеруі, ақыр-соңында сол әйелдерді қудалап, уәкілдің Құрымбайды да қоса айдатуы сол кездегі шындықтың қандай болғанын білдіреді.

Фильм Ұлпа қыздың анасына 20 жыл ғұмыр тілеуімен аяқталады. Бейімбет Майлиннің әңгімесінде Зылиханың отбасына жетіп өмірден өткені айтылса, фильмде шешімді режиссер көрермен ырқына қалдырады.

Ұқпаның дұғасы – киноның ең бір эмоционалды эпизодтарының бірі. Бұл түпнұсқадағы әңгімелерде жоқ, дұға – режисерлік шешім. Және ұтымды шыққан шешім. Тұтас фильмде үш жерде айтылатын дұға – шарасыздықтың шегі, үміттің басы. Оның Ұлпаның аузымен айтылуы, шынайы дыбысталуы әбден шаршаған, тозған ортадан озуға бір талпыныс сияқты сезіледі.

САРЫМСАҚТАР ҚОҒАМЫ

«Талақ» фильміндегі бас кейіпкер – Сарымсақ алдымен өз әрекетінің құрбаны. Комсомолдар тапсырмасын орындап, жай «ойын ойнап» жүргенін ол әйелінің алдында дәлелдеп түсіндіріп бере алмайды. Соңынан әйелі Зылиха оны аттап өтіп, Кәрібайға тиеді. Бұл жерде Сарымсақ балаларымен қоса құрбан. Әділдік іздеп ауыл милициясына шағынғанда милиционер Құрымбай Кәрібайдан пара алып, Сарымсақты тағы да құрбан етеді. Сайып келгенде, Сарымсақтар сол кезде салтанат құрған тұтас жүйенің құрбаны болады. Бірде - діннің, бірде – дінге қарсы жүйенің ережесі арасындағы тартысқа ұшыраған, екеуінен де жауап таппаған адамның азапты кейпі. Ал «әйел теңдігі» деп ұрандағандардың әйел құқын аяқасты қылуы, фильмдегі қызыл ту мен қызыл матадағы ұрандар, тіпті ауылнайды кеңсесі қоржын там жанындағы ағаштың қызылға боялуы ұрыншақ саяси жүйенің сипатын аша түседі.

Ол сипат не еді?

Адамға адам деп қарай алмайтын, адамды саяси жүйенің құралына айналдырған билік өзін әділдіктің жаршысы, әйел құқығын қорғаушы ретінде көрсетті. Осы биліктің шын мәнісінде осыған керағар әрекеті,әпербақандығы қаншама тағдырды тәлкекке айналдырды. Сарымсақ – соның бірі. Қатардағы қарапайым адам көп нәрсенің парқына бара бермейді. Үйінде әурешілік пен әбігердің қозғаушысына айналған ол – қоғамда салмағы жоқ, тіпті өзін-өзі қорғай алмайтын әлжуаз көптің бірі. Момын, жуас Сарымсақ түбі әйелін қайтарып, әділдікке қол жеткізгендей көрінеді. Бірақ бұл кезде бәрі де кеш еді. Сарымсақтан күрескерлік талап ете алмайсың. Өйткені ол тапаншасын тарсылдатқан қоқаңдаған уәкілдердің алдындағы дәрменсіз қоғамның бір мүшесі болатын. Мұндай Сарымсақтар жалғыз емес, мың, миллиондап саналатыны белгілі...      

«ТАЛАҚТЫҢ» ТОП ЖАРУЫ

Туындыдағы басты рөлдерді белгілі актер Ерболат Әлқожа және жас актерлар Амира Омарова, Аяна Бауыржанова сомдаған. Данияр Саламаттың Ұлттық кино орталығының қолдауымен түсірген «Талақ» фильмі Шанхай фестивалінің толықметражды фильм номинациясының «Алтын кубогын» әлемнің үздік 14 фильмінен арасынан озып, жеңіп алып отыр. Туындыда Зылиха рөлін сомдаған Амира Омарова осы кинофестивальда үздік актриса деп танылды.

Шанхай фестивалі – «А» санатына жататын әлемдегі он кино-фестивальдің бірі. Биылғы байқауға 105 ел мен аймақтан 3,7 мыңнан астам өтінім түскен. Іріктеу процесінің қорытындысы бойынша 50 фильм бес номинация бойынша «Алтын кубок» жүлдесін алу үшін таңдалған, оның 38-і әлемдік премьера болған.«Толық метражды көркем фильмдер» аталымы бойынша бас жүлдеге 14 фильм, оның ішінде қазақстандық «Талақ» фильмі де бақ сынаған.

12 қыркүйектен бастап бұл фильм өз отанында көрсетіле бастайды.

Жанат Алғадай

Пікірлер