"ДРЕВНИЙ РИМДЕГІ" ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС НЕГЕ СОЗЫЛЫП КЕТТІ?

3051
Adyrna.kz Telegram

Қарағандыда «Древний Рим» мейрамханасындағы іске қатысты тергеу ісі аяқталды, деп хабарлайды Новый вестник сайты. Рахымжан Жансейіттің қазасымен аяқталған қылмыстық іс неге 8 айға созылып кетті? Құзырлы органдар Ресейге қашып кеткен басты күдікті Нарек Гурурянды неге елге әкеле алмай отыр?
1 қаңтар күні Қарағандыдағы "Древний Рим" мейрамханасында жанжал болып, Рахымжан Бақытжанұлы қаза тапқан болатын. Полиция мәліметінше, күдіктілер ішінде 14 адам бар, олардың 13-і қамауда болса, біреуі босатылған. Сондай-ақ, басты күдікті Нарек Гурурян Ресей елінде ұсталып, қазір оны елге әкелу жұмыстары жүріп жатыр.
Қарағандыдағы қазақ пен армянның арасындағы жанжал неге созылып кетті?  Бұл сұрақты белгілі блогер әрі осы іспен алғашқы күннен бері айналысып жүрген Айсұлтан Жақыпқа қойған болатынбыз. Блогердің айтуынша, Қарағандыдағы қылмыстық іс баяу жүріп жатыр.
– Бүгін облыстық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі тергеу аяқталып, қылмыстық істің 62 том болғанын хабарлады. Қылмыстық іс бойынша 13 адам күдікті ретінде қамауда отырса, бір күдікті кепілмен босатылған. Ал ең басты күдіктілердің бірі Нарек Гурурянды әлі Ресейден әкелген жоқ. Қыста қандай ақпарат білсек, одан артық бізде мардымды мәлімет жоқ. Рахымжанның әкесі Бақытжан ағамыздың өзі істің мән-жайын толық білмейтінін айтады. Бақытжан ағаға құзырлы орган өкілдері «сот ашық әрі бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен өтеді» деп айтыпты. Білетін азамттар Нарек Гурурянды елге әкелу ұзақ процес екенін айтып жатыр. Бірақ оны елге алдырту тым ұзаққа созылып кеткен тәрізді. Ал Рахымжанның әкесі кейбір ақпараттарды соттың құпиялығына байланысты айта алмаймын деп отыр, – дейді Айсұлтан Жақып.
Айсұлтан Жақып сияқты өзге де азаматтар бұл істің созылып кеткеніне алаңдап отыр. Әйтсе де, белгілі құқық қорғаушы Абзал Құспан аса ауыр әрі топталып жасалған қылмыстың созылуы қалыпты жағдай екенін айтады.
– Себебі, қылмыс өте күрделі. Оның үстіне басты күдіктінің бірі Ресейге қашып кетіп қалған. Күдіктіні Ресейден елге әкелудің өзіне бір жылдай уақыт кетеді. Бұл арада «билік бұл істі созып, халыққа ұмыттырайын деп отыр» деген пікір орынсыз. Қылмыстық істе басты күдікті қашып кетсе, оның созылып кетуі қалыпты жағдай. Оның үстіне басқа бір мемлекеттің күдіктіні бере қоюуы өте қиын. Сондықтан да біз бұл істе Минск конвенциясын қолданамыз. Аталған конвенция бойынша Ресей бізге күдіктіні беруге міндетті. Жалпы осындай күрделі істің 8 айға созылуына алаңдаудың қажеті жоқ. Бір емес, бірнеше адам топталып жасаған әрі адам өлімімен аяқталған істің созылуы заңды дүние. Кім өлтіргенін анықтау үшін сараптама тағайындайсың. Әр бір сараптаманы жасау үшін кем дегенде 1-2 ай уақыт кетеді. Мені істің созылуы емес, күдікті ретінде ұсталып отырған 14 адамның қай ұлттың өкілі екені қызықтырып отыр. Бұл істе негізгі себепкер армян ұлтының өкілдері болғандықтан қарапайым адам ретінде жергілікті азаматтар зардап шекпесе екен деймін, – дейді адвокат.
Қарағанды қаласындағы қазақ пен армянның арасындағы жанжал елде резонанс тудырған болатын. Облыс әкімі Ерлан Қошанов бұл істің әділ қаралатынын айтып, көпшілікке уәде бергені белгілі. Осындай даудың түйіні қалай шешілетінін алдағы уақытта білетін боламыз. Ең бастысы қылмыстық іске нақты кінәлілер жазаланып, әділ шешім шығады деп сенеміз.

Серік ЖОЛДАСБАЙ

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер