«Baiqonyr кинофестивалі - бұл әлемдік аренаға шығаратын трамплин»

952
Adyrna.kz Telegram

3 қыркүйекте Алматыдағы Chaplin Mega Alma-Ata кинотеатрында IX Baiqonyr кинофестивалінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Үш жүзден астам қонақ жиналған шара көрермендерге халықаралық жүлделерге ие болып үлгерген режиссер Кенжебек Шайқақовтың «Айқай» фильмінің көрсетілімімен басталды.

Жыл сайын кино саласының үздіктерін жинап, кино әлеміне енді аяқ басқан жас кинематографтарға бастау болатын Baiqonyr кинофестивалі осымен тоғызыншы жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр.

Ашылу салтанатында алғаш сөз алған Baiqonyr Film Festival президенті Ануар Кенжебаев биылғы фестивальдің бірнеше ерекшелігін атап өтті. Соның бірі - бұған дейін Baiqonyr аясында ұйымдастырылып келген анимациялық фильмдер байқауы - Almaty Animation Festival биыл бөлек фестиваль ретінде шілдеде өтті. Бұл да фестиваль аясын қалай кеңейтіп жатқанын көрсетеді.

«Кинофестиваль тек жас таланттарды көрсетумен шектелмейді. Біз оларды қолдап қана қоймай, сонымен қатар кино саласын дамытып жатырмыз деп ойлаймын. Мұның айқын дәлелі - фестиваль аясында Кинотанушылар мен киносыншылардың III халықаралық форумының өткізілуі», - деді Кенжебаев фестивальмен қатар өтіп жатқан форум туралы.

Фестиваль дәстүрлі түрде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастығы қорының қолдауымен өтеді. Сондай-ақ, Ануар Кенжебаев өз сөзінде Chaplin Mega Alma-Ata кинотеатрына ерекше алғысын білдіріп, кинотеатрдың арқасында биыл бұрынғыдан 160 адамға көбірек қонақ шақыру мүмкіндігі туғанын атап өтті.

IX Baiqonyr кинофестивалінің тағы бір ерекшелігін атаған бағдарламалық директор Ержан Жұмабеков биыл алғаш рет дебюттік толықметражды фильмдер байқауы өтетінін айтты.

Биыл 20 елден келіп түскен 670 өтінімнің ішінен фестивальдің байқау бағдарламасына қатысатын 34 фильм іріктеліп алынды. Байқауға Қазақстан, Грузия, Әзірбайжан, Армения, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Ресей елдерінің өкілдері қатысып жатыр.

«Биыл біз Baiqonyr кинофестивалі бағдарламасын мақтанышпен ұсынамыз. Бұрынғы фестивальдерде толықметражды фильмдерді бағдарламадан тыс көрсететінбіз, ал биыл байқау аясында көрсетіп жатырмыз. Қысқа метрлі фильмдерден өскен жас режиссерлердің алғашқы фильмдерін көрсететін бірегей платформа фестиваль болады деп ойлаймыз», - деді Жұмабеков.

Байқауға түскен фильмдер арасынан үздіктерін анықтайтын қазылар алқасы да салтанатты шарада назардан тыс қалмады. Baiqonyr кинофестивалінің халықаралық байқауын Қазақстандық қазылар алқасы бағалайды, ал Ұлттық байқаудың жеңімпаздарын халықаралық қазылар алқасы анықтайды.

«Менің ойымша, қазір Baiqonyr кинофестивальдер арасында монополист рөлге ие болған сияқты, себебі бұл - дебютанттардың, студенттер мен жаңа есімдер ашылып, мансабы басталатын жалғыз жұмыс істеп тұрған фестиваль. Маған режиссер және кино саласындағы адам ретінде Baiqonyr фильмдерін көру әрқашан қызықты. Бұл - импульс, тыныс және әлемдік аренаға трамплин», - деді танымал режиссер Әділхан Ержанов. Ол биыл Халықаралық байқауда баға беретін қазылар алқасының төрағасы.

Кейін шараға жиналған қонақтар асыға күткен Семей полигонымен тағдырлас әке мен бала өмірін баяндайтын Кенжебек Шайқақовтың «Айқай» фильмінің көрсетілімін тамашалады. Фильм алғаш рет Қазақстанда көрсетіліп отыр, бұған дейін фильмнің премьерасы Пусан халықаралық кинофестивалінде өткен.

IX Baiqonyr кинофестивалі 3-8 қыркүйек аралығында өтеді, байқауға түскен барлық фильм MEGA Alma-Ata сауда орталығындағы Chaplin Cinemas кинотеатрында тегін көрсетіледі. Тек толықметражды фильмдер ақылы негізде көрсетіледі, оған билетті Kino.kz сайтынан, не қосымшасынан сатып алуға болады.

Сонымен қатар, III Халықаралық кинотанушылар мен киносыншылар форумы аясында түрлі авторлық дәрістер, панельдік сессиялар мен шеберлік сабақтары AlmaU университетінде өтеді. Кіру тегін. 

Пікірлер