ЖАМБЫЛДА МҰҚТАЖ ЖАНДАРҒА ТҰРҒЫН ҮЙ СЕРТИФИКАТЫ БЕРІЛЕДІ

2052
Adyrna.kz Telegram

Жамбыл облысында тұрғын үй сертификаттары үшін 3,2 милиард теңге қарастырылмақ, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі. Бұл туралы облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен өткен жиында жан-жақты айтылып, талқыланды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыс әкімдігінің құрылыс басқармасының басшысы Жайықбай Шалдаров баяндама жасады. Басқарма басшысының айтуынша, сертификаттар жаңа үйлер бойынша ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік көмек ретінде қайтарымсыз және әлеуметтік қолдау ретінде яғни қайтарымды бюджеттік кредит ретінде берілетінін жеткізді. Сертификат мөлшері бастапқы жарнаның бір бөлігі ретінде 1 миллион теңгеге дейінгі қаржыны құрамақ. Бұл бағытта ағымдағы жылы 3,2 милиард теңге қарастырылмақ.
Көпшіліктің көкейінде аталған әлеуметтік көмек пен қолдауға кімдер ие болмақ деген заңды сұрақ туындауы мүмкін. Жайықбай Шалдаровтың айтуынша, аталған сертификат «Бақытты отбасы» және «7-20-25» бағдарламалары арқылы жүзеге асады. Нақтырақ айтсақ, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеушi, «Алтын алқа», «Күміс алқамен» наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы және толық емес отбасылар аталмыш жеңілдікке қол жеткізе алмақ. Ал, «7-20-25» бағдарламасы аясында тұрғын үй сертификаттары денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт салаларындағы және өзге де басым салалардағы қажетті, тапшы мамандарға үлестірілмек. Айта кетейік, салалардағы қажетті мамандар ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен бекітілген.
Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі таңда 262 пәтер дайын тұр. Оның 209-ы 15-ші мөлтек ауданына, қалғаны Арай-2 шағын ауданына тиесілі.  Асқар Исабекұлы аталған бағдарлама арқылы үй алғысы келетін әрбір санаттағы адамдарды анықтап, жеке-жеке талдау жүргізу керектігін баса айтты. Сондай-ақ, өңір басшысы ең алдымен халықтың әлеуметтік осал топтарын, әсіресе, мүгедек балалары бар отбасыларды, көпбалалы аналарды қолдаудың маңыздылығын баса айтты.
Басқосу барысында «Нұрлы жер» байдарламасы бойынша өңірде салынып жатқан тұрғын үйлер, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға арналған жатақханалар жайы, жеке тұрғын салу үшін жер телімдеріне беру мәселелері қаралды. Жиын қорытындысымен жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар беріліп, міндеттер жүктелді.

 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер