Абайдың бұрын айтқаны қазір дәл келуде - Досым Омаров

7272
Adyrna.kz Telegram

Абай болашақты болжап, дұрыс жолға бағыт бере білді. Ал бүгінгілер оның айтқанын ұғына алды ма? Бұл туралы белгілі абайтанушы, ғалым Досым Омаров “Адырна” ұлттық порталына берген сұхбатында айтып берді.

Досым мырза,  30 жылдан бері Абайдың рухани мұрасын жүйелеумен шұғылданып келесіз. Қаншама зерттеулер жасадыңыз. Дегенмен, алғашқы мамандығыңыз инженер екен. Неліктен Абайтану ілімін зерттеуді қолға алдыңыз?

—  Иә, менің ең бірінші мамандығым - инженер. Мен Абай облысы Бесқарағай ауданы Бөденелі ауылында дүниеге келіп, орта мектепті сонда бітірдім. Мектептен кейін Барнаулдағы Алтайдың политехникалық институтына оқуға түсіп, инженер-механик мамандығын алдым. Кейін 1979 жылы Мәскеудің ауылшаруашылық инженерлері институты аспирантурасына түсіп, техника ғылымдарының кандидаты атағын қорғадым. 1984-1991 жылдары Алматының ауыл шаруашылық ғылыми-зерттеу институтында ғылыми жұмыстармен шұғылданып, Алматының зооветеринарлық институтында дәріс бердім.

Кейіннен 1991 жылдан бастап ҚР Ғылым Академиясы Философия институтында ізденуші болып «Абай дүниетанымы» атты тақырыпқа философия ғылымдарының докторы дәрежесін алу үшін диссертациялық жұмыс жаздым. «Абай» журналында журналист ретінде Абайдың рухани мұрасын насихаттауға ат салыстым. Осылайша, Абайтану саласына бет бұрдым.

Мен рухани жолға түсіп, Абайдың рухани ілімін түсініп, рухани ілімді алғаннан кейін, маған өмірдің барлық сырлары ашыла бастады.Абайды оқи түсе, барлық сұрақ Абай ілімінде тұрғанын көрдім. Абай арқылы өмірдің барлық күрделі сұрақтарына жауап тауып, қандай мәселе болса да, шешуге болатынына көзім жетті. Біріншіден, менде Абайдың білімін халыққа жеткізейін деген ой болды. Екіншіден, Абайдың рухани деңгейін халыққа тарату болды. Абайдың рухани деңгейін халық түсінсе, оның мұрасын да қабылдай алады. Осы оймен Абайтануды зерттеуге кірістім.

АБАЙТАНУ САЛАСЫ ТЫҒЫРЫҚТА ТҰР”

— Бір сұхбатыңызда “Абай мұрасын зерттеп, оны халыққа тарату үзілмейтін нәрсе болуға тиіс” дейсіз. Қазір Абайтанушылар саусақпен санарлық. Бұл ілімге қызығушы, зерттеуші жастар бар ма?

— Абай мұрасын зерттеп, оны халыққа тарату қазақ халқының тарихында үздіксіз болуы тиіс. Себебі, қазақ қанша өмір сүрсе, Абай сонша керек болады. Өкінішке қарай, заман ағымына байланысты абайтануда жаңа көзқарас қалыптаспай, ескі сарында келе жатыр. Көбінесе, Абайды ақын ретінде қарап жүр.  Көбіне филолог, әдебиетшілер зерттеді. Олар 70 жылдай зерттеп, айтатын сөзін айтып, енді оларға жаңа ой айту қиын. Сондықтан қазір абайтану саласы тығырықта тұр. Ал оны зерттеуге ұмтылған жастар жоқтың қасы. Оның себебі, қазір мектепте абайтану сабағы жөндеп өткізілмейді. Оны тек қана ақын ретінде көрсетіп, бір-екі өлеңін жаттатқызып, қосымша сабақ ретінде жүргізіп, бірде бар, бірде жоқ өтуде. Сапасы өте төмен. Соның нәтижесінде қазір абайтану саласында жұмыс өте мардымсыз. Әрине, бірең-сараң жастар бар. Олардың ішінде Абылайхан және Шалқар Ахановтар ағайындыларды айрықша айтар едім. Екеуі Семейден. Абылайхан Абайдың сөздерін жатқа біліп, оның рухани мұрасын терең түснуге тырысады. Абай оған ашылып, күннен күнге рухани деңгейін көтеріп, келе жатыр. Ал Шалқар беделді суретшілердің бірі, Абай туралы кітабы да шыққан. Ол да Абайды зерттеп, өмірін соған арнамақ ойы бар. Меніңше, екеуі де Абайды алға алып шығатын жастар, оларға артар үмітім көп.

Абайдың ілімін зерттеу барысында қандай сирек кездесетін деректер біле алдыңыз?

— Абайтану саласындағы менің міндетім — Абайдың рухани мұрасын зерттеу. Ол рухани қандай деңгейде болды? Ол халыққа қандай рухани құндылықтар бере алды, оны қалай түсінеміз және оны өмірде қалай қолданамыз? Мен жалпы 14 кітап жазып шықтым. Бұл кітаптар арқылы Абайдың мұрасын бір жүйеге келтірдім. Сол жүйе арқылы адам өмірінің мақсаты, оған жету жолдары толығымен берілді. Бұл әсіресе, “Абайдың рухани мұрасы”, “Айдың рухани мұрасын қолдану жүйесі”, “Абай тағылымы” кітаптарымда толық берілді.

Ал Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы сирек кездесетін деректерді інім Асан Омаров зерттеп жүр. Ол бүгінге дейін қызықты деректер тауып, Абай шығармашылығы мен өмірін бір жүйеге келтірді.

АБАЙ АЙТҚАН “ТОЛЫҚ АДАМ” — РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДЫҢ ШЫҢЫ”

Абайдың “толық адам” концепциясы туралы көп зерттедіңіз. Осы жайлы сөз қозғасақ. Толыққанды түсіндіріп берсеңіз. Абай айтқан “толық адам” кім?

— Абай ілімі бойынша, әуелі «жарым адамнан» «адам» сатысына көтеріліп, сонан кейін ғана «Толық адам» сатысына жетуге болады. Бұл саты – көпшілік қауым көтеріле алмайтын, тек қана ұмтылатын меже, рухани жаңғырудың нысанасы ғана. Ерекше қасиеті бар адамдар ғана көтерілетін өте жоғары деңгей.

«Адам» мен «толық адамның» айырмашылығы үлкен. Ол айырмашылық иманның деңгейімен анықталады. Екеуінде де иман бар. Бірақ әртүрлі. «Адам» күнәлі істер жасамаса, ал «толық адам» оған қоса бұрынғы істердің күнәсін де жояды. Осылай ол толық тазару жолына түседі. «Адам» – фәни өмірде оянып, көзі ашылған, ал «толық адам» – бақи әлемде оянып, көзі ашылған. Ол енді әулиелікке аяқ басты.

«Адамның» иманы әлсіз, тұрақты емес. Кейде тән құмары жеңгенде адам рухани болмысын ұмытып фәни өмірге беріліп кетеді. Ал «толық адамның» иманы берік, оған ешқандай бөгет жоқ. Ол рухани жаңғыру арқылы Түп Иеге қайтуға толық берілген. Иманы толық. Осыған байланысты «Адам» мен «Толық адамның» рухани дәрежесі ғана емес, мақсаттары мен өмірге көзқарастары да бөлек. «Адам» Абайдың екінші сүюіне «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген адамзатты сүю қағидасына ұмтылады. Данышпан оларды «Біріңді, қазақ, бірің дос көрмесең, істің бәрі – бос» деп бірлікке, өзара сүйіспеншілікке үйретеді. Ал «толық адам» үшінші сүюге Алланың Өзін сүюге ұмтылады. Оларға Абай «Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті» қағидасын береді. Бұл таза рухани деңгей

Адам сатысы Алла Тағаланың жаратқандарын сүюге ұмтылып гуманизм, адамгершілік деңгейінде болса, ал толық адам Жаратқанның Өзін сүюге ұмтылып, рухани жаңғырудың шыңына ұмтылады. Бұл – таза рухани деңгей. Рухани жаңғырудың бұл деңгейіндегілер әлемнің ықпалынан толық шығады. Адамдар қоғам өмірімен тығыз байланыста болса, ал екіншілер, керісінше, көпшіліктен бөлектенуді, өзімен-өзі жеке болуға ұмтылады. Ол өмірді өзінің мақсатына жету құралы ретінде ғана пайдаланады. Шәкәрім бұл деңгейге жеткенде тауға кетіп, қоғамнан бөлек өмір сүрген. Абай да жекеленуге ұмтылды, бірақ қоршаған ортасы оған мүмкіндік бермеді. Оның «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» деген сөзі оның осы ішкі сырын білдіргендей болады.

Толық адам – рухани жаңғырудың шыңы, өзінің рухани болмысын тануы. Өзін-өзі тану дегеніміз өзін-өзі білу емес. Абайдың «Ақыл мен жан – мен өзім, тән – менікі» дегенін біліп, біз өзімізді бірден жан ретінде тани алмаймыз. Өзін білу мен тану, екеуі екі басқа, арасы жер мен көктей алыс. Білу дегеніміз тек қана хабар, ақпарат дейтін болсақ, тану дегеніміз сол ақпаратты сезіну, бойға сіңіріп, түйсік арқылы өзіндік қасиетке айналдыру. Өзінің жан екенін тану дегеніміз – өзінің жан екенін сезініп, рухани қасиет алып, жанша әрекет ету деген сөз, яғни адамның толық өзгеруі.

Бұл оның материяның ықпалынан шығып, мүлде басқа қасиет, рухани қасиет алды деген сөз. Оның ой-өріс, сөйлеген сөзі, жасаған іс-әрекеті мүлде басқаша. Ондай адам бұл фәни әлемнің заңдылықтарынан босанып, өзі осы әлемде болса да, рухани әлем заңдылығымен өмір сүреді. Өзін жан екенін тану дегеніміз, міне, осы.

Өзін жан екенін тану деңгейіне тек қана тәжірибе арқылы жетуге болады.

Абайдың заманы мен қазіргі заманның айырмашылықтарын оның шығармалары арқылы қалай түсіндіруге болады?

— Бұрынғы қазақ көшпенді дәуірде өмір сүрді. Көшпелі өмір табиғатпен үйлесімді болды. Адамның барлық өмірі, тұрмыс-салты, мінез-құлқы, ой-өрісі табиғат аясында пайда болды.  Яғни, табиғат қазақтың салт-дәстүрін, болмысын қалыптастырды. Қазақ табиғатқа табынып, табиғатпен үйлесімді өмір сүрді. Соның арқасында қазақтар жан-жақты, ән жағынан да, ақыл, өнер жағынан да мықты болды.

Ал өкінішке қарай, отырықшы дәуірге өткеннен кейін қазақтың мінезі толықтай өзгере бастады. Қазақ табиғат ықпалынан шығып, отырықшы өмірде өзімен-өзі жетілмей қалды. Жетілгеннің орнына құлдырап,төмендей бастады.  Әлі де төмендеуі жалғасып келе жатыр. Ал Абай өтпелі дәуірде өмір сүрді. Өтпелі дәурдің басында, ресейлік патшаның әсері болып, бодандық жасап, біздің ұлттық болмысымызды қорлап, бас бостандығымызды жойып, неше түрлі заңдар шығарып, біздің адамгершілігімізден айыра бастады. Ал Абай дәл сол кезде біздің қазақ халқының алда қалай болатынын білгендей, барлық көріністі жазып кетті. Мәселен, “Қалың елім, қазағым, қайран жұртым”, “Байлар жүр жиған малын қорғалатып”, “Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да”, “Адасқанның алды - жөн, арты - соқпақ”, “Сабырсыз, арсыз, еріншек”, “Ішім өлген, сыртым сау”, “Болыс болдым, мінекей”, “Мәз болады болысың”, “Сегізаяқ”, “Қор болды жаным”, “Заман ақыр жастары”, “Бойыбұлған” тәрізді өлеңдері арқылы қазақ халқы келешекте қандай болатынын суреттеп кеткен секілді.  Біз Абайың шығармаларын оқи отыра, не себепті сондай жағдайға түсіп, бүгінгі болмысымызды түсіне аламыз.

АБАЙДЫҢ ЕСКЕРТУІН ҰМЫТТЫҚ”

Абайдың ұлттық сана мен мәдениетті қалыптастырудағы рөлі орасан зор. Сондай-ақ, оның шығармашылығының қазақ халқының рухани дамуына әсері жоғары болды. Ал  қазіргі қоғамда Абайдың ойлары мен идеялары қалай көрініс табады?

— Өзіміздің тарихымызды Абай ілімі арқылы толығымен түсінуге болады. Батысқа қарайтын интеллигенттердің ойы “қазақ бұрын жабайы болған” дейді. Ал Абай бұған керісінше пікір айтады. Абай бұрын қазақ халқы ешқашан жабайы болмағанын, олар бүкіл адамзат өркениетінің қозғаушы күші болғанын айтады. Себебі, қазақ халқы табиғат аясында өмір сүріп, табиғаттың бір бөлігі болғаннан кейін, оның болмысы жоғары болған.

Абай мұрасынан біз өмірдің не екенін түсіне аламыз. Абай ілімі бойынша, өмір адамға жетілу үшін берілген. Яғни, жетілу құралы. Себебі, адам мәңгілік, ол өлмейді. Өлетін тек тән, ол уақытша.

“Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,

Ол бірақ, қайтып келіп, ойнап күлмес.

Мені мен менікінің айырылғанын,

өлді деп ат қойыпты өңкей білмес” деген өлеңінде Абай анық түсіндіріп кетеді.

Отыз сегізінші қара сөзінде жан тәнге қонғанда қонақ үйге кірген сияқты, яғни, қонақ үй жанға уақытша екенін айтады. Сөйтіп, ол өмірдің түпкі мақсатын көрсетеді.

Қазір көбі “бұл уақытша өмір” деп, ойын-сауыққа ұмтылып, жан-дүниесін дамытпай жатады. Күннен күнге құлдырап барады. Қазір елімізде қарапайым заттың өзін шет елден алдырамыз. Ал үлкен ұшақ, машина сынды заттарды өзіміз жасауға шамамыз келмейді. Мұның бәрін Абай кезінде айтып кетті. Абайдың мына бір сөзін естен шығарамыз:

“Өмір жолы-тар соқпақ, бір иген жақ,

Иілтіп, екі басын ұстаған хақ.

Имек жолда тиянақ, тегістік жоқ,

Құлап кетпе, тура шық, көзіңе бақ” деп өмір жолында қателеспеуді көрсетіп, ескертеді. Ал біз қазір Абайдың ескертуін ұмыттық. Көзсіз әрекеттер жасап, өмірдің ылдиына қарай құлап барамыз.

Онан кейін Абай білімнің сырлары, оның дейңгейлері, білім алудың маңызы мен қателіктерін түсіндіріп кетті. Қазір оқуды жастар диплом мен шәкіртақы үшін оқиды. Ал дипломды жұмыс үшін алады. Бірақ нақты білімді терең түсініп, ұғынбайды, ғылымға ұмтылмайды, өзгеге білгенін бөліспейді.

Абайдың бұрын айтқандары қазір  дәл келуде. Біз Абайдың ілімін өмірдің әр саласында да қолданып, әр әрекетіміздің бағытын айқындап алуымыз керек.

Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Дана Нұрмұханбет

”Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер