Мұратхан Тоқмәди Еркін Тәтішев пен АҚШ ФТБ-ның бұрынғы директоры Луи Фри келтірген деректерді жоққа шығарды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Курсив.Медиаға сілтеп.
Отбасының пікірінше, олардың мақсаты – Мұратхан Тоқмәдиді шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға кедергі жасау, аппеляциялық сатыдағы сотқа қысым жасау.
Мәлімдемеде Тоқмәдидің үш мәрте мерзімінен бұрын босатуға өтініш бергенін, бірақ екі мәрте «өзін-өзі ұстаудың жеткіліксіздігі», «төсегін жинамау» және «намаз оқу» сияқты әртүрлі себептермен қабылданбағанын айтылады.
Жаза мерзімінің үштен екі бөлігін өтеген Мұратхан Тоқмәдидің тәртібіне оң сипаттама берілгеннен кейін ғана үшінші өтініші қанағаттандырылып отыр.
«Жәбірленуші тараптың міндетті келісімі тек өтелмеген азаматтық талап-арызбен «шартты түрде мерзімінен бұрын босату» қаралған жағдайда ғана қажет. Біздің жағдайда, 10.5 жылға соттаған Тараз қаласы сотының 16.03.2018 жылғы үкіміне сәйкес, жәбірленуші тараптың өтелмеген талап-арызы жоқ», – дейді отбасы мүшелері.
Тоқмади отбасы Freeh Group Unternational Solutions жеке америкалық консалтингтік компаниясының негізін қалаушы және ФТБ-ның бұрынғы директорды Луис Фриге қатысты да өз уәжін айтты. Ол жүргізген сараптаманы «тәуелсіз» деп тырнақшаға алып отыр. Олардың айтуынша, сараптама оқиға орнында емес, Алматы қаласындағы ҰҚК ғимаратының ауласында «іс материалдарын» зерделеу негізінде ғана жүргізілген. Оқ атылған көлікке сараптама жасалмаған. Қару 2007 жылдан 2017 жылға дейін, яғни іс қайта қаралғанға дейін 10 жыл бойы Еркін Тәтішевте болған.
Тоқмади отбасының пікірінше, мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шығу заң аясында жүзеге асып жатыр.
«Мұратхан Тоқмәди, кез-келген Қазақстан азаматы секілді, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуға құқылы», – делінген мәлімдемеде.
Айта кететін жайт, Алматы облыстық сотында банкир Ержан Тәтішевті өлтіргені үшін сотталған Мұқтархан Тоқмәдиді мерзімімен бұрын бостандыққа шығару туралы шешімге қарсы жәбірленуші тараптың аппелляциялық шағымы қаралып жатыр. Алғашқы отырыс 23 тамызда өтті. Онда жәбірленуші тарап бұл шешімге үзілді-кесілді қарсы екенін білдірді. Банкир Ержан Тәтішевтің інісі Еркін Тәтішевтің адвокаттары мерзімімен бұрын босату шарттарына Тоқмадидің іс-әркеттері сәйкес келмейтініне баса назар аударды. Олар жаза тым жеңіл болды деп есептейді. Алматы облыстық соты келесі отырысты 6 қыркүйекке белгіледі.