Мал азығы неге аспандап тұр?

4018
Adyrna.kz Telegram

ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРЛІГІНІҢ НАЗАРЫНА!

Жаймашуақ жаз да өз мәресіне жетіп, қаймана қазақ қақаған қысты қарсы алуға қамданып жатыр. Ежелден төрт-түлікті жанына серік еткен ауыл халқы өзінен бұрын мал-жанның қамын жасауды көздейді. Бір үйде кем дегенде 5 сиыр бар дегеннің өзінде малдың аспандап тұрған азығы ауылдағыларды біраз әбігерге салары анық.

Мәселен, нақты келтірілген мәліметтер көзіне сүйенсек, Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Аса ауылында жоңышқаның бір бауы бақандай 400 тг-ні құрайды. Былай қарасаң ауыз толтырып айтарлықтай емес, алайда бір сиырдың өзі бір күнде, бір ғана баумен шектеліп қалмайды. Ауылдағылар бес бас сиырға 400 теңгеден бір қыста 1000 бау (түк) сатып алады. Оны жинауы, әкелуі, жол пұлы, қайта үйге тиеуі тағы да ақша. Сонда кем дегенде 400 мың теңге кетеді екен.

Қыс қатты болар деген сақтықпен, жоңышқаның қасына арпа, бидай, кебегін тағы қосады. Бұлардың да бағасы мәз емес. Арпа-66, бидай-74 теңге. Бір сиыр 50 кгдықпен 5 қап бидайды 18500 теңгеге тұтынса, 5 сиырға 92500 теңгеге бидай алынады екен. Сонда құны 200 мыңнан аспайтын бес ірі-қараға бұлай шығынданудың қажеті қанша деп ойланып қаласың?!

Әрі бұл малдар тек жем-шөбімен шектеліп қалса жақсы ғой, бұдан бөлек екі-үш ай сайын ектіруі, өріске беретін қаражаты, қашыруы, ауырса дәрі-дәрмегі, құлаққа салынатын еніне дейін шарықтап тұр. Ауылдағылардың малдан басқа қызығы жоқ екенін сезген, ветериналық дәріханада дәрілерді удай бағаға сатады. Нәтижесінде халық пайдасынан бұрын, қып-қызыл зиянын тартады.

Осы орайда білгішсымақтар малдың сүті, айраны, құрты қала берді майы бар емес пе қалуы мүмкін. Әрине, ақтың болғаны жақсы, бұлар бір үйге толығымен жететін шығар. Алайда ауылда құрт-майды сатылымға шығара алмайсын. Себебі маңайдың бәрі сиыр ұстағандар. Ал қалаға барып салпақтаймын десең, бірнеше сағаттық жолға шыдамай, ашып, әбігерге салуы да ықтимал. Қысқасы, қалай тартсақ та мал өз-өзін ақтамайды.

Осының бәрінен бейхабар үкімет, ауылдың біраз халқын 21 мың теңге үшін қора-қораны аралап, малдың барын білсе, жерден жеті қоян тапқандай берілетін жәрдемақыдан шектеп тастап отырды. Одан бөлек қаланың қақ төрінде жылы орындықта отырғандар "ауыл шаруашылығы неге дамымай жатыр" деп ұрандайтыны тағы бар. Әрине, мал азығы қымбаттап тұрған шақта ауыл шаруашылығының дамуы неғайбыл. Көп адамның малдан қашатын басты себебі де осы. Мал азығы ары қарай да арзандамаса ауыл шаруашылығы атымен жоғалуы әбден мүмкін. Сондықтан осы мәселені ҚР ауыл шаруашылығы  министрлігі назарына алады деп сенеміз.

Ақгүл АЙДАРБЕКОВА

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер