Ақ шағала секілді Ақұштап ақын

1563
Adyrna.kz Telegram
Сурет: Егемен Қазақстан
Сурет: Егемен Қазақстан

Бүгін, 23 тамызда Жайықтың ақ шағаласы атанған белгілі ақын Ақұштап Бақтыгереева 80 жасқа толды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының иегері Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Ақжайық ауылында туған. 1966 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар пединститутының филология факультетін тәмамдаған.

Ақын әр жылдары Орал облыстық «Орал өңірі», Талдықорған облыстық «Октябрь туы», республикалық «Қазақ әдебиеті» газеттерінде әдеби қызметкер, «Қазақфильм» киностудиясында редактор, «Жазушы» баспасының аударма редакциясында редактор болып жұмыс істеді.

Тұңғыш өлеңдер жинағы «Өрімтал» 1967 жылы жарық көрді. Ақұштап Бақтыгерееваның «Қанышым – іңкәрім» (1971), «Сені ойлаймын» (1973), «Ақ қанат» (1975), «Бақыт әні» (1978), «Жайық қызы» (1980), «Белокрылая» (1981), «Ақжелең» (1985), «Сүмбіле» (1990) атты кітаптары басылып шықты.

Бұған дейін ол журналистерге берген сұқбатында қазақ қыздарының ғасырға сай сауатты болуын армандайтынын айтқан еді.

«Қазақ деген ұлттың намысын қорғайтын, тарихын терең білетін, ұлттың анасы болатын дәрежеде, асқан ақылды болса екен деймін. Қазақ қызын тәрбиелеу – әлі де менің көкейімде жүрген үлкен мәселе. Жалпы, қазақ қызын ұлт болып тәрбиелемесек, біз ұлттық болмысымыздан айрыламыз ба деп қорқамын.  Қазір менің жыр жолымдағы төрт шумағымды қыздар жатқа айтып жүр. 

«Болмау керек сүюдің жолы жаңа, 

Қыз үлесі қашанда болу Ана.

«Жаным» деген жігітті жек көрмеңдер, 

Өзі сүю қыздардың соры ғана...» 

Мен осы жолдар арқылы көрген-білгенімді, қазақтың әйелі кешкен нәрсені айтқым келеді. Ана болу, бесік тербету, қоғамға қызмет жасау, ұлтты сүю – міне осының бәрі аз шаруа емес. Махаббат жолында қыз бала ешқашан өзі сүйем деп айтпауы керек. Қазақ қызы тәкаппар, нәзік, өр, өте парасатты, өзін өзгеге сыйлата білуі керек. Бәлкім, біреулер мұны ұсақ тақырып дейтін болар. Жоқ, барлық тіршілік әйелдің қолында. Ерлердің бақыты да қыздардың қолында. Мен қазақтың дана әйелдері тәрбиелеген ұрпақпын. Ұлттың анасы болу – менің ендігі арманым...»—деді ақын.

Пікірлер