Түркістанда дәретханадан табылған үш жасар қыздың өліміне қатысты тың дерек шықты

1083
Adyrna.kz Telegram
Сурет: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі
Сурет: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі

Түркістан облысы Сіргелі ауылында дәретханаға құлап кеткен 3 жасар бүлдіршіннің өлімі туралы тың деректер пайда болды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Алғашында қыз абайсызда дәретханаға өзі түсіп кеткен деп айтылғанымен, қазіргі таңда оны біреу итеріп жіберген деп күдіктеліп отыр.

Басылымның мәліметінше, қайғылы жағдайдан бір ай өткен соң тағы бір қыз дәл сол дәретханаға түсіп кете жаздаған. Сол кезде ол 16 жастағы көршісін көрсеткен. Полиция тергеу жүргізіп, үш жасар Асылымның өлімі қасақана жасалған қылмыс екенін анықтады. Жасөспірім өзінің іс-әрекетін мойындады. Оның шизофрениямен ауыратындығы белгілі болды.

«3 жасар қыздың қайтыс болу фактісі бойынша тергеу жүргізуде, оның денесі ағымдағы жылдың мамыр айында Сарыағаш ауданында дәретханадан табылған. Тергеу іс-шаралары барысында бұл оқиғаға кәмелетке толмаған күдіктінің қатысы болуы мүмкін екендігі анықталды. Анықталған жағдайларға байланысты және күдіктінің психологиялық жағдайын ескере отырып, ол мамандандырылған медициналық мекемеге орналастырылды. Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайларын толық және жан-жақты анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жалғасуда. Полиция ақиқатты анықтауға және заңды шешім қабылдауға бар күшін салады», — деді Түркістан облыстық полиция департаменті.

Еске салайық, 16 мамырда Асылым есімді бүлдіршіннің жоғалып кеткені туралы хабарланған еді. Қыз баланың денесі үш күннен кейін әжетханадан табылды. Артынша полицейлер бүлдіршіннің денесі көрші үйдің дәретханасынан табылғанын, зорлық-зомбылықпен өлім белгілері жоқ екенін мәлімдеді.

Пікірлер