Елімізде 9 мыңнан астам қазақстандыққа арнайы әлеуметтік төлем тағайындалды. Ол зейнет жасына дейін берілетін болады. Бұл туралы бүгін, 21 тамызда Үкіметтің баспасөз қызметі айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Арнайы төлемді тағайындау үшін 55 жасқа толуы және БЖЗҚ-да кемінде 7 жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының болуы міндетті шарт болып саналады. Бүгінгі таңда зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеген 9145 азаматқа 1,7 млрд теңгесомасына арнайы әлеуметтік төлем тағайындалды. Арнайы төлемнің орташа мөлшері шамамен 208 мың теңгені құрайды. Қызметкерлер жалақыны да, арнайы төлемді де алуды жалғастыра отырып, денсаулыққа зияны аз жұмысқа ауыса алады, немесе олар зейнетақы тағайындалғанша төлем ала отырып, демалысқа шыға алады»,—делінген хабарламада.
Айиа кетейік, төлем 4 көзден – республикалық бюджеттен, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан, жұмыс берушіден және өмірді сақтандыру компаниясынан жүргізіледі.
Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлердің әлеуметтік тұрғыда қорғалуын арттыру жөніндегі жүйелі шараларды іске асыру үшін Қазақстанда арнайы әлеуметтік төлем енгізілген болатын.