ЛАТЫН ӘЛІПБИІ. РЕСЕЙ КЕДЕРГІ МЕ?

3642
Adyrna.kz Telegram

Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Тіл саясаты комитеті латын әліпбиіне көшу жоспар бойынша жүзеге асатынын мәлімдеді, деп хабарлайды informburo.kz сайты. Бұған дейін Ресейдің "Известия", "Комсомольская правда" басылымдары «Қазақ үкіметі латын әліпбиіне көшуді 2035 жылға дейін ұзартуды қарастыруда» деп ақпарат таратқан болатын. Ел үкіметі Ресейдің қысымына шыдамай, латын әліпбиіне көшуді шынымен кейінге шегере ме, жоқ әлде табандылық танытып, өзінің позициясын қорғап қала ма?
Әу баста еліміз латын әліпбиіне көшеді дегенде Ресей тарабы өре түрегелген болатын. Өйткені еліміздің кириллицадан бас тартып, латын әліпбиіне көшуіне құдайы көршіміз әрі экономикалық «одақтасымыз» қарсы болған еді. Өзінің қарсылығын «Мәңгілік досымыз» әлі де болса ақпараттық шабуыл арқылы жалғастырып жатыр.
Тіл саясаты комитетінің төрғасы Ғалымжан Мелдешовтың айтуынша, Ресей БАҚ жариялаған ақпарат негізсіз. Сондай-ақ ол латын әліпбиіне көшу жоспар бойынша жүзеге асып жатқанын мәлімдеді
– Латын әліпбиіне көшу 2030-2035 жылдарға шегеріледі дееген ақпарат шындыққа жанаспайды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының "Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы" Жарлығына сәйкес ҚР Үкіметі латын әліпбиіне 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен көшу жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті. Қазіргі таңда 3 кезең бойынша іс-шаралар жоспары бекітіліп, ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. 2018-2020 жылдары нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру, жаңа әліпбидің жазу ережелерін құрастыру және мәтіндерді латын графикасына көшіріп жазатын IТ қосымашалар жасап шығару көзделген. Келесі кезең 2021-2023 жылдарға жоспарланған. Осы аралықта мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар қабылдаған нормативтік құқықтық актілер латын графикасына көшіріледі, төлқұжат, жеке куәлік және басқа құжаттар айырбасталады. 2024-2025 жылдары мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар іс қағаздарын латын әліпбиінде жүргізе бастайды. Мемлекеттік БАҚ пен білім беру мекемелері де латын графикасына ауысады, – дейді Ғалымжан Сәрсенбайұлы.
Ғалымжан Мелдешовтың айтуынша, қазіргі таңда тілдерді дамыту мен қолданудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасы әзірленуде. Аталған бағдарламаның негізгі міндеті латын әліпбиі негізінде қазақ әліпбиін жаңғырту болып отыр. Сондықтан да ол "Осыған байланысты барлық жұмыстар бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес жүзеге асырылуда", - деп мәлімдеді.
Еліміздің латын әліпбиіне көшіп, өзінің Тәуелсіз саясат жүргізуі өте маңызды. Бұл ретте ел үкіметінің бекітілген жоспардан ауытқымай, табанды позиция көрсетуін қолдаған жөн. Әйтсе де Тіл саясаты комитеті мектептердің латын әліпбиіне көшуіне байланысты ләм-мим демепті. Бұған дейін Білім және ғылым министрлігі 2020 жылдан бастап еліміздегі даярлық сыныптары латын әліпбиінде білім бере бастайтынын айтқан болатын.
0 сынып - 2020 жыл
0, 1 сыныптар - 2021 жыл
0, 1, 2 сыныптар - 2022 жыл
0, 1, 2, 3 сыныптар - 2023 жыл
0, 1, 2, 3, 4 және 5-9 сыныптар - 2024 жыл
0, 1, 2, 3, 4, 5-9 және 10, 11 сыныптар - 2025 жыл.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек «Алматы» телеарнасына берген сұхбатында еліміздегі мектептер латын әліпбиіне 2021 жылы көшетінін мәлімдеген болатын. Ал  Шаяхметов атындағы тілдерді дамыту республикалық үйлестіру-методикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешов «Астана ақшамы» газетіне берген сұхбатында даярлық сыныптары 2020 жылдан бастап білім беретінін мәлімдеген екен.
Ресейлік БАҚ әртүрлі ақпарат таратып жатқанда ел үкіметі табандылық танытып, латын әліпбиіне 2020 жылдан бастап көшіп кетсе жақсы болар еді. Алайда одан бұрын Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының латын әліпбиінің нұсқасы қабылдануы керек секілді. Ел тізгінін енді қолына алған Қасым-Жомарт Тоқаев латын әліпбиінің жаңа жобасын бекітеді деген сенімдеміз. Айтпақшы бұған дейін мемлекет басшысы:
"Көрші мемлекеттердің көп­шілігі латын графикасын таңдады. Әлемдегі ақпараттардың 90 па­йызы латын графикасында жарық көреді. Ал ақпаратқа кім иелік етсе, ғылым мен технологияға да сол ие болады. Бұл қоғамдық ой мен санаға түпкілікті өзгеріс жасайтын қадам. Латын әліпбиіне көшу кезең-кезеңімен жалғаса береді. Нақты белгіленген кесте бар. Сол жүйеден ауытқымаймыз. Бірақ қоғамдық пікір, әліпбиді қолдану бары­сын­дағы артықшылықтар мен олқы­лықтар ескеріледі", - деген болатын.

Серік ЖОЛДАСБАЙ

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер