Қайрат Сатыбалды мемлекетке тағы 50 миллиард теңгеден астам активті қайтарады

1138
Adyrna.kz Telegram
Ашық дереккөзден
Ашық дереккөзден

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды мемлекетке 50 миллиард теңгеден астам активті қайтарады. Бұл туралы бүгін, 15 тамызда Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитеті айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Қазіргі таңда 18 млрд теңгеге активтер қайтарылды. Олардың қатарында Алматыдағы 2 ірі бизнес орталығы, коммерциялық жылжымайтын мүлік және Астананың беделді ауданындағы элиталық үй бар.

«Сатыбалдыдан тінту барысында алынған 95 мың АҚШ доллары Арнайы мемлекеттік қорға аударылды. Сонымен қатар жүздеген миллион теңгеге эксклюзивті зергерлік бұйымдар, брендтік сағаттар, коллекциялық монеталар және басқа да сәнді бұйымдар, Біріккен Араб Әмірліктерінен жалпы құны 192 млн теңгені құрайтын Rolls-Royce Cullinan және Aston Martin маркалы көліктер түріндегі активтер қайтарылды»,—делінген хабарламада.

Одан бөлек, Қайрат Сатыбалды мен оның жақындарына тиесілі шетелдік мүліктің тапсырылуы аяқталу сатысында.
Оларға Дубай қаласындағы құны 20 млрд теңге тұратын екі бағалы вилла, Францияның Көкшіл жағалауындағы құны 4 млрд теңге тұратын төрт элиталық пәтер, құны 5 млрд теңге тұратын Ресейдің Мәскеу қаласындағы беделді тұрғын үй кешендеріндегі 15 жылжымайтын мүлік, құны 4 млрд теңгеден астам Түркияның Бодрум және Ыстамбұл қалаларындағы екі элиталық вилла және пәтер жатады.

Еске салайық, 2022 жылдың 26 қыркүйегінде Астана қаласы Байқоңыр ауданының №2 соты Қайрат Сатыбалдыны 6 жылға бас бостандығынан айырған болатын. Оған Қылмыстық кодекстің екі бабы («Алдау немесе сенімге қиянат жасау жолымен мүліктік залал келтіру», «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу») баптары бойынша айып тағылды.

Пікірлер