Ажал терезесі. Балалар құлай бере ме, ата-ана көңіл бөле ме?

1771
Adyrna.kz Telegram

Ата-аналардың жеткілікті көңіл бөлмегенінен балалардың терезеден құлауы жиілеп барады. Әлеуметтанушы оның бір себебін ұялы телефон, әлеуметтік желімен байланыстырса, төтенше жағдай қызметі ескерту жариялаумен шектелген. Қайтсе баланы ажал терезесінен аман алып қалуға болады?

Биылғы жаз айларында балалардың терезеден құлау оқиғалары жиілеп кетті. Күнде, күнара еститін ақпараттың бірі – осы. Былтыр бір жыл ішінде терезеден құлаған періштелер саны 170 болса, биыл қазірге дейін терезеден құлаған балалар саны 120-ден асып кетті. Ал 2020 жылы бір жыл ішінде терезеден құлаған балалар саны ресми мәлімет бойынша 105 болған. 

Өкінішке орай, мұндай жағдайлар баланың ауыр жаралануына ғана емес, өліміне де себеп болып отыр. Өмірбақи осының зардабын тартып тіршілік кешетіндер туралы айта алмай отырмыз. 

АТА-АНА ҚАЙДА ҚАРАЙДЫ?

3 тамыз күні бір күн ішінде еліміздің әр аймағында үш бірдей баланың терезеден құлағаны хабарланды.  Теміртау қаласында алты жасар ұл бала үшінші қабаттан құлап, түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілсе, Астана қаласында бір жасар бала бесінші қабаттың терезесінен құлаған. Сондай-ақ, Семей қаласында 2020 жылы туған қыз бала бесінші қабаттан құлап, алған жарақаттарының әсерінен оқиға орнында қайтыс болды. Аталған үш оқиғада да балалар ата-анасының қарауынсыз қалған. 

Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы Марина Лискованың айтуынша  7 тамыз күні Үлкен Нарын ауылында үйінде ересектердің қарауынсыз қалған екі жасар бала екінші қабаттан құлап, ауруханаға жатқызылған.

 - Ересектердің бақылауынсыз қалған балаларды сақтандыру мақсатында ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тұрғын үйлер аумағына динамикпен жабдықталған арнайы дрон ұшырып, терезелер ашық болған жерде тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін айтып, балаларды қараусыз қалдыру қаншалықты қауіпті екенін еске салды, - дейді ШҚО ТЖД баспасөз хатшысы Марина Лискова.

Бірақ бұдан мәселе шешіле ме? 

СЕБЕПТІҢ БІРІ – ҰЯЛЫ ТЕЛЕФОН 

Әлеуметтанушы Айжан Шабденова қазіргі заманның балалары ширақ, сол себепті оларды мүлде назардан тыс қалдыруға болмайды дейді. 

 - Тағы бір жайт – қазіргі ата-аналар ұялы телефоннан бас алмай, түрлі әлеуметтік желілерге кіріп кетеді. Соның әсерінен балалар қараусыз қалып, түрлі қайғылы жағдайлар орын алуда. Дегенмен бұл мәселенің тек бір ғана себебі, - дейді Айжан Шабденова.  

Әлеуметтанушы баланың қараусыз қалуына отбасының әлеуметтік жағдайының әсері жоқ екенін алға тартты. Оның айтуынша мұндай жағдай әр түрлі отбасыда болуы мүмкін. 

- Қайғылы жағдайлар орын алмас үшін, әлеуметтік желілер мен баспасөз беттерінде баланың бақылаусыз қалуының соңы қандай жағдаймен аяқталатынын көбірек айтып, ата-аналарды сақтандыру қажет, - деп пікірімен бөлісті әлеуметтанушы.

ТЖМ ЕСКЕРТЕДІ, ЕГЕР АДАМЗАТ ЕСКЕРСЕ

Балалардың көпқабатты үйлердің терезелерінен құлауымен байланысты жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында Төтенше жағдайлар министрлігі қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертеді:

 - Үйде кішкентай бала болса, терезелерді ашық қалдырмаңыз. Өйткені назарыңызды бір секундқа басқа жаққа аударудың өзі баланың өміріндегі соңғы сәт болуы немесе оның біржола мүгедек болып қалуы үшін жеткілікті;

 - Терезені тиісті қорғаумен жабдықталмаған москит торларын пайдаланбаңыз. Балалар мұндай торларға сүйеніп, нәтижесінде олармен бірге құлап түседі;

 - Балалар өздігінен терезені аша алмайтындай етіп, қауіпсіздік құлыптарын орнатыңыз;

 - Баланы қараусыз қалдырмаңыз, әсіресе терезелер мен шыны есіктердің жанында ойнауға жол бермеңіз;

 - Балалар терезенің алдына шыға алатындай жиһаздарды оның жанына қоймаңыз.

АЖАЛ ТЕРЕЗЕСІ

Статистикаға сүйенетін болсақ, жыл басынан бері тұрғын үйлердің терезесінен 102 бала құлады. Бұл – тек тіркелген оқиғалар ғана. Осы оқиға салдарынан 7 бала қаза тауып, 95 бала түрлі жарақаттармен ауруханаға жатқызылған. 

ТЖМ мәліметінше, Астана қаласында – 18, Қызылорда облысында – 13, Қарағанды облысында – 12  бала терезеден құлаған. Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстарында 6 оқиға тіркелсе, Атырау, Ақмола, Абай, Маңғыстау, Ұлытау облыстарында 5 жағдай орын алған.  

Еске сала кетейік, өткен жылы тіркелген оқиға бойынша 170 бала терезеден құлаған. 2-13 жас аралығындағы балалар қараусыз қалып, терезеге өздігінен көтеріліп, тіреуіш ретінде әртүрлі жиһаздарды қолданған немесе москит торына сүйеніп, терезеден құлап кеткен. Қайталап еске салайық, бұл ресми тіркеліп, хабарланғандары ғана.  

Мерей Мырзағалиқызы

«Адырна» ұлттық порталы

 

 



Пікірлер