Гинеколог

332

Өз-өзіммен сызбаларымды жасап, есеп-қисабымды жүргізіп жұмыс істеп отыр едім. Жайын ауыз Жөкеңнің қалай кеп қалғанын байқамаппын. Тура желкемде тұр екен. Қасында қас көзі қиылған, белі қынамалы, етегі келте көйлек киген бір қыз бар.
– Бәке...– деді Жөкең.
– Көке...–дедім мен, шекемнен суық тер шығып. Соңғы кезде Жөкең
біреуді бөлімге жетелеп келсе қызметкер біткен жерге кіріп кетердей бұғып, көзге түспеуге тырысатын.
– Бәке, – деді Жөкең. – Сізді қатты құрметтейміз. Мекеменің абыройлы
болуы үшін көп еңбек сіңірдіңіз...
Тынысым тарылды. Тамағым құрғап, өңешке өксік тығылды. Өткен жолы Тұқылды дәл осылай мақтап тұрып...
– Қазір заман басқа, технологиялар дәуірі , – Жөкең торғай арбаған
жыландай бір сарыннан танар емес. – Жастарға орын беру керек.
Орындыққа сылқ ете түстім.
– Көке, Жөке... – жоғарғы түймемді ағытып, аузыммен ауа қармандым.
Осыдан қорқып едім. – Жөке... заман өзгергенімен құрылыс стандарттары өзгерген жоқ қой. СНиП, ПУЭ, Жобалау-жоспарлау нормалары...
– Ту, Бәке, ақыл тоқтатқан адамсыз ғой... Оның үстіне стандарт,
нормаларды қазір интернеттен-ақ оқып алуға болады. Солай ма, Гуляжан? – Жөкең жанындағыға мейірлене қарады.
– Легко, – деді қыз. – В гугле все есть!
– Оу, Жөке, гөглің... – дей беріп едім Жөкең қысқа қайырды. –Бәке, сөзді
көбейтіп қайтесіз, ертең мақтау қағаз беріп, шапан жауып шығарып саламыз. Құрмет-қошеметті білу керек!
Жөкеңнің соңғы сөзі тым ызбарлы шықты. Қос қолыммен басымды ұстадым. Жөкең бұрылып жүре берді. Қыз да менің жұмыс орнымды барлай бір қарап шығып, Жөкеңнің соңынан желе жөнелді. Тілім байланып қалды. Біраз отырдым. Үйдегі бес бала үшін Жөкеңнің аяғын құшсам ба екен... Е, болмайды. Сәкенді шығарғанда оны да көргенбіз. Бетінің бір тамыры бүлк етпеді ғой басекеңнің. Не істемек керек? Өңірдегі құрылысқа жауапты жалғыз мекеме осы, басқа жоқ. Оның үстіне таныссыз ешкім есігінен сығалатпайтын заман туды. Енді?
Есіме құдамның құдасы Қисынның сап ете түспесі бар ма. Облыстағы денсаулыққа жауапты дөй мекеменің дөкейі. Өткенде құданыкінде бас мүжіп отырып, «Көмек керек болса айт. Біз деген...» деп біраз күпінгені бар еді. Оның үстіне біреудің жеріне салып алған коттеджін заңдастыруға қолұшын бергенім тағы бар... Ақыры кететін жұмыс қой, әзірден қамдана берейін, деп уақыт аяқталмағанына қарамай далаға шықтым. 20 жыл құт мекенім болған аласа ғимаратқа қимастықпен бір қарап алдым да, жылжып шыққан бір тамшы жасты саусақ ұшымен сылып тастап, денсаулық басқармасына қарай тарттым.
Қисын орнында екен. Хатшы қыз ішке өткізгеннен кейін маған ұзақ қарады, босағада тұрыңқырап қалдым.
– Ә, сен екенсің ғой...
Таныды. Уһ. Маңдайымнан тағы суық тер бұрқ ете қалған. Қисынның
жанына жетіп барып қос қолымды соза амандастым. Сол тұрғаннан орындыққа бөксем тигенше аузым жабылмады. Жағдайымның қиын екенін, жұмыссыз қалғанымды, бес баламды...
Қисынның бетіне үмітпен қараймын ғой баяғы. Қызық, осыларға
бет бір жерден үлестіріле ме? Бәрінікі бірдей, жып-жылтыр, жап-жалпақ, бұғақтары салбырап... Жөкең секілді мұның да жалпақ бетінің бір тамыры бүлк еткен жоқ, ей.
– Сонымен? – Қисынның әзер қыбыр еткен ернінен шыққан екінші сөз осы болды.
– Сонымен жұмыс керек, – дедім.
– Менде құрылысшыға жұмыс жоқ!
– Оу, Қақа, енді құда деген атыңыз бар, қызметіңіз бар... бір қисынын келтіріңізші... –жанарыма тағы жас келді. – Көмектесіңізші... Сіз үй салғанда...
Осы сөзді айтқанда Қисынның еті мол көзі бағжаң ете қалды.
– Осы сендер ит жылғыны ұмытпай, көңірсітіп жүресіңдер,а?!
Басым салбырап кетті.
– Жарайды. – Қисынның аузынан осы сөз шықанда мына әлем нұрланып сала бергедей болды.
– Жарайды. Ана бесінші емханаға гинеколог керек секілді еді...
Қықаңның не айтқанын жете түсінбесем де қатты қуандым.
– Қолыңнан келе ме?
– Не істеу керек?
– Ештеңе, қарайсың да, жазасың, қарайсың да жазасың , – Қисын қарқылдап күлді. Май денесі түгел іркілдеп кетті.
– Е, оған үйренгенбіз ғой, жиырма жыл қарап, тексеріп, жазумен айналыстым ғой.
Құрылыс нысандарын тексеріп жүргенім көз алдымнан зулап өтіп, жүрегім шымшып сала берді. Қисын телефон тұтқасын алып біреуге қоңырау шалды:
– Әй, сендегі ана орынға бір кісі жіберем қазір. Менің құдам. Жақсы маман. Дұрыстап қабылдап, көз қырыңды салып жүр.
Тұтқаны қойып, маған қарады.
– Міне, Бәке, шаруаң шешілді.
Аяқ асты «Бәке» болғаныма қайран қалып мен отырмын.
– Бар. Ертең бас дәрігерге жолық.
Алғысымды жаудырып, есікке қарай ентелеп бара жатқанда Қисын жөткірінді. Жалт қарадым.
– Бәке, жаңа өзің айтқан үйдің дәлізі әлі әлем тапырақ болып жатыр еді. Қазақша айтсақ «ауы менен бауы бар». Соған жәрдемдесіп жібересіз бе? Мен ондайдан мақұрыммын ғой, ана құдағиың жұмысшы тауып берсе бас-көз болып... ішін әрлеп, сыртын, әлгі «мюнхенка» дей ме сондай жасатып дегендей...
Шегінетін жер жоғын түсіндім.
– Мақұл, құдеке.
Ертеңіне Жөкең кигізген шапанды сүйретіп, мақтау қағазымды қолыма
ұстаған күйі емханаға тарттым. Бас дәрігер басын иіп қарсы алды. Марқайып қалдым. «Мынау сіздің кабинетіңіз» ,– деп аппақ бір бөлмеге енгізді. Қақ ортада бір үлкен кресло тұр екен. Қықаңның құдасы болған соң неден қаймығайын, бардым да қонжиып отырып алдым. Арқалығы да шалқақ. Екі жақта арбиып тұрған жылтыр темір білегіңді салғанға ыңғайлы екен. Тек алшақтау. «Апайтөстігіңді көрсетіп, не алшайып, не шалқайып отыру керек-ау» деген бір ой жылтың ете қалды. Бас дәрігердің қасында тұрған мейірбике қыз күліп жіберді.
– Кешіріңіз, бұл жерге клиенттер отырады, сіздің орныңыз бұл емес, – деп жанында жылтырсирақ орындық тұрған үстелді нұсқады.
– Сіз тек саспаңыз, үйреніп кетесіз ғой.Қықаңның бір ағайыны
электромонтер екен, «Көп тоқтың арасынан адаспағанмын, тамыр деген не тәйірі», – деп неврологияны басқарып отыр. Оның жанында сіздікі көп жеңіл, – деп бас дәрігер кібіртіктеді. Қабағы салыңқы. «Ә, қу, өзің біреуге әзірлеп қойғансың ғой бұл орынды» деген арам ой жетегімен мырс еттім. Қықаңның құдасымен ойнапсың...
– Жарайды, мен кетейін, – деп бас дәрігер асықты.
Мойнымды бұрмастан басымды изей салдым. Ол шығып кеткен соң үстелімнің жанында тұрған аспаптарды шұқылап кеттім. Істік, үшкір, өткір бірдеңелер, қақ тілінген құбыр жапсырылған қысқаш та жүр... «Мына дөңгелек шынысы бары нивелирге ұқсайды екен»,– деп ойладым мейірбике қыз берген аспапты маңдайыма жапсырып жатып.
– Кісі келіп тұр, – деді көмекшім.
– Е, келе берсін, біз кей бастықтар сияқты көп күттіретін кеудемсоқ
емеспіз, – дедім мақтанышпен.
Есіктен етжеңді, етжеңді дегенде де ұзыны мен көлденеңі бірдей, белді
жоғалтып алғанына біраз болған, кеудесіндегісі қос өркеш секілді орыс әйел кірді. Мейірбике қыз оны креслоға қарай өткізіп, жатыр еді:
– Жайланып отыра беріңіз, – дедім де даусымды сәл бәсеңдетіп,
мейірбикеге: – Бұларға өстіп қазақша сөйлеу керек. Әйтпесе ана тіліміз
қашан мандиды, – деп ана әйелге байқатпай көзімді қысып қойдым. Бұрын емханада көргенімді істеп, өкпесін тыңдармын, отырғызып,
тұрғызармын, балғамен тізесін ұрармын деген ішкі ойым тағы бар. Көмекшім маған науқас қабылдаудың жөнін түсіндіріп жатыр. «Әуелі аты-жөнін жазыңыз, науқас парағын бір сүзіп шығыңыз...» Ана әйелдің креслоға мықшыңдап жайғасып жатқанын, ырсылдағанын желкеммен естіп, жүрексініп отырмын. «Байғұстың жүрегін май басқан екен. Мына дәрігер дегенің оңай жұмыс екен ғой. Былай-ақ біліп отырмын»,– деп ойладым. Көмекшімнің айтқанын істедім. Мен сұраймын, ырсылдаған әйел айтады. Өстіп төрт-бес жол жазғаннан кейін іштей дұға етіп, біссімілдамды бес қайтарып, әлгі әйелге бұрылдым... қатты састым, бетті бастым... тұра қаштым.
«Нивелирдің» қайда қалғанын бір құдай білсін. Қықаңның құдасын шалқайған күйі айғайлаған орыс әйелдің «Кудасы?» тоқтата алмады. Зытып бердім. Емханадан жарты шақырымдай алыстағаннан кейін барып, тоқтадым. Бір ағашқа сүйеніп тұрып, ойландым.
Қисын да құрысын, құдаң да құрысын, вокзал жаққа барайын. Осыдан бір жыл бұрын Жөкең қылқамойын, мұрты енді тебіндеген балаға «алмастырып» жіберген Тұрсын сол жерде жүкшілер бригадасын құрды деп естіп едім. Сол экс- сәулетшілерге қосылсам, ортақ әңгіме де, нәпақа да табылар... Кеттім.

Серік ӘБІКЕНҰЛЫ

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер