Ғылыммен айналасу қазақтың маңдайына жазылмаған

273

Менің ойымша біздің қоғам капитализмнің қатал заңдылықтарына жыл өткен сайын еніп барады. Турасын айту керек қазақ халқы ешқашан капитализмде өмір сүріп, әлемдік өркениетте ғылым, білім, жаңалық ашудан, экономикадан шынайы бәсекеге түсіп көрмеген. Қазіргі өтпелі кезеңде құндылықтар мен заманға сай келмейтін сананың трансформациясын бастан өткеруіміз қажет. Жалпы ұлт модернизацияға түсуі керек. Болмысы мен санасы, әлемді қабылдау түсінігі трансформациядан өтуі тиіс. Ауыр болса да бұл жолдан өтуіміз қажет. Әлемге ашылумен ақырындап болса да қазіргі таңда бұл процесс жүріп жатыр.

Осы жерде түсініспеушілік те бар. Жалпы біздің қоғамдағы әңгіменің ауаны майда, ұсақ әңгіменің деңгейінен шыға алмайды. Технология, жаңалық ашу қазаққа қатысы жоқ дүние секілді. Ертең Илон Маск Марсқа ұшып барса қазақ "Еее, барыпты ғой" дейді де өзінің қазанына сай келетін тақырыпқа қайта түсіп, соны қаужап отыра береді. Осындай ұсақ тақырыптарды елдің алдында жүрген зиялылардың өзі бастайды. Себебі олардың өзі, жалпы біздің бәріміздің деңгейіміз сол негізі. Білсек айтамыз, білмесек не айтамыз?.. Қолдан келсе жасаймыз. Келмесе не жасаймыз?.. Адамзаттың дамуы, өркениеттің беталысы  бізге қажеті жоқ дүние секілді қабылдаймыз. Біздің тақырып емес деген бейсаналы түйсік жаулап алған. Осы рамкадан шыға алмаймыз. Дәл осылай кете берсек "Вечно догоняющий экономикасы" бар ел қатарынан мәңгі шықпаймыз. Ары қарай экономика, тәуелсіз мемлекет, мәңгілік ел дегеніңнің өзі ғылымы мықты орыс пен қытайдың ортасында отырған біз үшін үлкен сұрақ. Бір заманда біздің буын не келер ұрпақ бұл проблемамен бетпе-бет келеді.

 

Бауыржан СЕРІКБАЙЕВ

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер