Ойыншы нені білуі керек? Лудоманиядан қашық бол, адам болам десеңіз

1612
Adyrna.kz Telegram
Коллаж: adyrna.kz
Коллаж: adyrna.kz

Лудоманиямен күрес жоспары бекітілгенімен, ол кімге не береді? Алда ойын бизнесімен айналысатындарды және ойынға салынғандарды алда не күтіп тұр? Күзде күшіне енетін заң талаптарын түсіндіреміз.

18 шілдеде мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Заң 9 қыркүйектен бастап күшіне енеді.

80 МИЛЛИОННАН АСА ҚАРЖЫ ҚАЙДА ЖҰМСАЛМАҚ?

Осы заңға қол қойылған 18 шілде күні үкімет 2026 жылға дейінгі лудоманиямен күрес жөніндегі кешенді жоспарды бекітті. Оны іске асыру арқылы букмекерлік кеңселер мен ойынханалардың белсенді клиенттерінің санын 42%-ға төмендету, тегін оңалтудан өтетін лудоман санын 500-ге дейін жеткізу, жыл сайын кемінде 7 мың интернет-ойынханамен букмекерлік сайттарды бұғаттау көзделген. Осыған байланысты Қазақстан Республикасында заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл бойынша кешенді жоспарды іске асыруға республикалық бюджеттен 80 миллион теңгеден астам қаржы бөлінеді.

- Құжатта 4 блокқа бөлінген 28 іс-шара қарастырылған. Әр блоктың өз мақсатты аудиториясы бар. Бірінші бөлім құмар ойындарды бұған дейін ойнамаған азаматтарға арналған. Екінші бөлім тәуекел тобын анықтауға және олармен жұмыс істеуге бағытталған. Үшінші блок лудомандарға көмек көрсетуді көздейді. Жоспар аясында лудоманияның алдын алу бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірлеу жұмыстары жүргізілуде, - деді туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев ОКҚ алаңында.

«2021 жылдан бастап жүргізілген тексеру шараларының нәтижесінде еліміздегі 28 букмекерлік кеңсе, 6 тотализатор және 2 ойын автоматтары залы лицензияларынан айырылды. Ал, жыл басынан бері 5164 интернет-ресурс пен жарнама және интернет-казино мен электрондық казино қызметі бұғатталып, 4 букмекерлік кеңсе мен 2 ойын автоматтары залына жоспардан тыс тексеру жүргізілді. «Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында ойын бизнесі саласындағы қызметпен айналысуға 28 қолданыстағы лицензия бар, оның ішінде 6 казино, 9 ойын автоматтары залы, 12 букмекерлік кеңсе және 1 тотализатор бар» делінген спорт және туризм министрлігі жариялаған құжатта.

ЖАРНАМА ШЕКТЕЛЕДІ – ЖОҒАЛМАЙДЫ  

Заңгер Гүлмира Исмаилованы айтуынша бұрын соңды ойын бизнесі, лоторея қызметтері бойынша жарнамаға ешқандай шектеу қойылмаған. Бұдан былай көлік құралдарында, ұялы байланыс желілерде, бұқаралық ақпарат құралдарында жарнама жасауға рұқсат етілмейді.

Сонымен қатар, тұрғын үйлерде, жатақханаларда, ғибадат үйлерінде, мәдениет ұйымдарының ғимараттары мен құрылыстарында, әлеуметтік объектілерде және олардан жүз метр қашықтықтағы радиуста лотерея билеттерін таратуға және лотерея терминалдарын орнатуға тыйым салынады.

Тек букмекерлік кеңселердің орналасқан жерінде, спорттық ғимараттарда, спортшылардың киімдерінде, спорттық бағыттағы ресми тіркелген БАҚ-та және отандық телеарналар халықаралық спорттық жарыстарды тікелей трансляция жасаған кезде ғана жарнамаға рұқсат беріледі.

ТҰТАС ЕСЕП ЖҮЙЕСІ ЖӘНЕ БАСҚА ДА ШЕКТЕУЛЕР

Заң аясында құмар ойындарына қатысуға тыйым салынғандардың тізімі кеңейтілді. Енді борышкерлердің тізімінде тұрған азаматтарға және мемлекеттік қызметкерлерге бәс тігуге шектеу қойылады.

- Ойын бизнесімен айналысатындар біртұтас есеп жүйесін жүргізуге және оны кірістер басқармасына қолжетімді етуге міндетті. Яғни, мекеме қызметін пайдаланған азаматтардың барлық деректерін кірістер басқармасы көре алады. Бұрын мұндай мекемелер өз бетінше жұмыс жасап жүрді. Ал, қазір үкімет қалай жұмыс жасау керек екенін бекітіп береді, сол ереженің аясында  қызмет етуге міндеттеледі. Бұдан былай құмар ойын ұйымдастыратын мекемелердің есігінде үкімет бекіткен шаблонмен дайындалған ескертпе ілінуі шарт.  Тағы бір өзгеріс, салық комитетіне ойын бизнесімен айналысатын мекемелердің есепшоттары қолжетімді болады, - дейді заңгер.

Гүлмира Исмаилованың айтуынша заңға 2020 жылы енгізілген өзгерісте әр азамат букмекерлік кеңсеге барып арыз жазу арқылы өзіне 6 ай мен 1 жыл аралығына шектеу қоя алатын. Ал қазір бұл санатқа енгізілген өзгеріс бойынша 6 айдан 10 жылға дейін өзін шектеуге болады. Сонымен қатар ойын мекемелеріне барудың қажеті жоқ, eGov mobile арқылы қызметті пайдалануға мүмкіндік бар. Сондай-ақ,  лудоманды жақын туыстары да ойын бизнесінен алшақтата алады. Бірақ ол үшін міндетті түрде азаматтың құқықтық қабілетінің шектелгені туралы соттың шешімі болуы шарт.

Биыл 132 мың адам eGov mobile арқылы өзін құмар ойындардан шектеу қызметін пайдаланған. Еске сала кетейік, шектеу тек лицензиясы бар заңды ойын компанияларына қолданылады.

ЛУДОМАНИЯНЫҢ ЫҚТИМАЛ САЛДАРЫ

Әлемдік денсаулық сақтау ұйымы 2017 жылы лудоманияны ресми тұрғыда психологиялық ауру деп таныды. Психотерапевтердің айтуынша лудомандардың нейропсихологиялық механизмі нашақорлар мен маскүнемдерге ұқсайды. Сол себепті оны наркоман, алькоголиктер сияқты кешенді түрде емдеу қажет.

- Тәуелдік бала кезден бастап қалыптаса бастайды. Оған баланың үйінде конструктивті емес, деструктивті қарым қатынаста өсуі, өзін-өзі бағалауы төмен болуы сияқты факторлар әсер етеді. Баланы 13 жасқа дейін ата-анасы тәрбиелесе, ары қарай араласатын адамдары, қоғам тәрбелейтіні жасырын емес, бұл да әсер етеді. Кей жағдайда тәуелділік генетикалық тұрғыда да беріледі, - дейді консультант-аддиктолог Азамат Нұрбекұлы.

- Елімізде құмар ойындарына тұрақты түрде қатысатындардың саны 350 мыңға жуықтаған.  Дегенмен, Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше Қазақстанда «лудоман» диагнозымен 19 адам ғана ресми есепке алынған. Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев бұл статистика елдегі шынайы картинаны көрсетпейтінін мәлімдеді. Себебі, құмар ойындарына тәуелді адамдардың көпшілігі мемлекеттік емханалардың көмегіне жүгінбейді. Өйткені, есепке алынған азаматтар ЖОО-ға  түсе алмайды, жұмысқа орналаса алмайды, әскерде қызмет ете алмайды. Сондықтан лудомандар жекеменшік емханалардан ем алады. Тағы бір себеп – жеке мекемелердің бақылаусыз және жабық болуы. Мирас Төлебаевтың айтуынша бұдан былай мемлекеттік клиникаларда да анонимділік қамтамасыз етілетін болады.

Ойынқұмарлық жеке адамның басындағы мәселе ғана емес, жалпы қоғамның дертіне айналып келеді. Қазақстанның Бас прокуратурасының мәліметінше, өткен жылы 31 мың қылмыстық іске лудомандардың қатысы бар. Сонымен қатар, 2023 жылы тіркелген 3676 суицидтің әр бесіншісі құмар ойындар мен қарыздарға байланысты жасалған. Азамат Нұрбекұлының айтуынша құмар ойындарына тәуелді адамдардың өзіне қол жұмсау туралы ойлары көп жағдайда әрекетке айналады. «Лудоманияның алып келетін жері – өз-өзіне қол жұмсау», - дейді аддиктолог.

Лудомания психологиялық ауру болғандықтан оны терапиялық жолмен емдейді. Маманның сөзінше, белгілі бір уақыт аралығында қоғамнан, айналадағы дүниелерден алшақтап, жабық жерде ем алу арқылы бұл дерттен айығуға болады.

БАСҚАЛАРДА ҚАЛАЙ?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше әлемде жыл сайын 350 миллион адам құмар ойындарына тәуелдіктен зардап шегеді. Соның ішіндегі 58 миллионға жуық ойынқұмарлар АҚШ-та. Америкалық ересектердің 85%-ы жылына кем дегенде бір рет құмар ойнайды. Оған  АҚШ-та әлемдегі ең үлкен WinStar World Casino and Resort казиносының орналасуы әсер ететіні анық. 400 000 шаршы метрден астам аумақты алып жатқан құмарханада 10 000-нан астам түрлі ойын автоматтары бар. Бұдан бөлек, Америкада 1000-ға жуық казино (покер клубтары мен слот залдарын есептемегенде) орналасқан деген мәлімет бар. 2022 жылы коммерциялық ойындардан, соның ішінде казинолардан түскен табыс алғаш рет 60 миллиард доллардан асып, құмар ойындары АҚШ экономикасындағы маңызды салаға айналды. Соған қарамастан, АҚШ-та лудомандарға көмек қарқынды түрде жүргізіледі. Елде тәуелділіктен арылуға көмектесетін Ұлттық құмар ойындар кеңесі ұйымы (NCP Gambling) және тегін желілер жұмыс жасайды. Олардың негізгі мақсаты – тәуелділікпен күресуге және салауатты әрі табысты өмірге оралуға көмектесу.

Ойынқұмарлардың саны бойынша АҚШ-тан кейін құмар ойындар индустриясы жылдам дамып келе жатқан Германия тұр. Немістердің 24,2 %-ы жылына кем дегенде бір рет спортқа бәс тіксе, 29 миллион адам тұрақты түрде құмар ойындарына қатысады. Германия денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше елдегі лудоманиямен ауыратындардың саны 1,3 миллион адамға жеткен. 2001 жылдан бастап Германияда ойынға тәуелділік ауру ретінде танылып, мемлекет есебінен көмек көрсетіледі. Мұнда ем шараларынан бөлек, сенім қызметтері және анонимді қолдау топтары жұмыс атқарады. Сонымен қатар, тәуелдіктен арылған жандар өз тәжірибелерімен бөлісіп, өмірін өзгерткісі келетіндерге кеңес бере алады. Одан бөлек, тіркелген онлайн қызметтерге шектеулер қойылған. Мәселен, мұндай платформаларда айына мың еуродан артық бәс тігу мүмкін емес. Сондай-ақ, ойынға тәуелді адамдарды туыстарының өтініші бойынша қара тізімге қосуға болады, бұл оларды біраз уақытқа дейін ойыннан алыстады.

Құмар ойындары 1999 жылдан бастап заңдастырылған Канада елінде де ойын құмарлар саны жыл сайын артып келеді. Ай сайын елдің ересек азаматтарының 60 %-ы ұтыс ойындарына қатысады. Деректерге сүйенсек, 19,3 миллион адам құмар ойындарына белсенді түрде қатысып, жылына ойын сайттарына 4 млрд. доллар, ал жергілікті мекемелерге 16 млрд. доллар жұмсайды. Бір қызығы Канада үкіметі құмар ойындардағы ұтыстарға салық салмайды. Ойын индустриясымен қатар бұл елде тәуелділік мәселесімен айналысатын жергілікті  ұйымдар да қарқынды дамып келеді. Канадалық қауіпсіздік кеңесінің құмар ойындарымен күресу бойынша түрлі функциялары бар. Білім беру, алдын алу және түсіндіру жұмыстарын атқаратын, сонымен қатар, өз мәселесін жасырын түрде шешіп, тәуелділіктен өз бетінше арылғысы келетіндерге арналған веб-сайттар жұмыс атқарады.

КІМДЕР ҚАЛАЙ ЖАЗАЛАЙДЫ?

Құмар ойындарына заңды түрде рұқсат берілген елдермен қатар, шектеу қойылған мемлекеттер де бар. Мәселен, БҰҰ-дағы 193 елдің 66 елінде казиноға заңды түрде тыйым салынған.

Қытайда 1949 жылдан бастап футбол матчтары мен ат жарыстарына бәс тігуге және лотореяларға мараторий енгізілген. Ал, құмар ойындарын ұсынатын сайттарға 2010 жылдан бастап тыйым салынған. Заң бұзушылар бірнеше жылға бас бостандығынан айрылады.

Мұсылман мемлекеттерінде де құмар ойындарына шектеу қойылған. Туристерге де ойнауға рұқсат етілмейтін Біріккен Араб Әмірлігінде 2013 жылы заңсыз ойын қызметін ұйымдастырғаны үшін 16 адам сотталды. Оның үшеуі ғана БАӘ азаматы, ал қалғандары Африка мен Азиядан келген. Бұған қарамастан сот барлығын бас бостандығынан айыруға үкім шығарған. Нәтижесінде 4 сотталушы 1 жыл, қалған 12 адам 3 ай түрмеде жазасын өтеді.

Көршілес Қырғызстан, Өзбекстан елдерінде де ойынханаларға толық тыйым салынған.

Мерей Мырзағалиқызы

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер