Алматыдан сәлем. Бақылау камераларында бет-әлпетті тану жүйесі іске қосылды

1520
Adyrna.kz Telegram
Фоо: Ашық дереккөзден
Фоо: Ашық дереккөзден

Алматы мен Атырау қалаларындағы бейнебақылау камераларына өзгеріс енгізілді. Бас прокуратура еліміздің барлық қаласында бет-әлпетін тану үшін жасанды интеллект қосылатынын мәлімдеді, - деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бет-әлпетін тану жүйесін енгізу туралы Қазақстанның Бас прокуроры Берік Асылов Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарлады.

Берік Асыловтың айтуынша, Бас прокуратура сот төрелігінен жасырынған адамдарды іздестіру барысына қадағалауды күшейткен.

Биыл бейнебақылау камераларына өздері мониторинг жасау арқылы 53 қашқынды танып, ұстау шараларын қабылдаған. Ал камералардағы жасанды интеллект жүйесі әзірге екі қалада іске қосылған.

"Биыл тамыздан бастап Алматы мен Атырау қалаларындағы бейнебақылау камераларына біз қашқын қылмыскерлерді, борышкерлерді және хабар-ошарсыз кеткендерді автоматты түрде тану бойынша AI элементтерімен IT-әзірлеуді қостық. Екі күн ішінде тергеуден жасырынған 2 адам және хабар-ошарсыз кеткен 2 адам танылды", - деді Берік Асылов.

Бас прокурор ЖИ камераларының көмегімен жас пен сырт келбеттің өзгеруіне қарамастан адамдарды тауып, іздеу шараларын күшейтуге болатынын жеткізді.

"Прокурорларға жүйені барлық өңірлерге енгізу тапсырылды. Қазір 9 мыңнан астам адам іздестіріліп жатыр, оның 2,2 мыңы қылмыскер және 2 мыңы хабарсыз жоғалғандар".

Пікірлер