Әнші Димаш Құдайберген жаңа әнін қазақ және қытай тілдерінде шырқады

1455
Adyrna.kz Telegram
Сурет: dimashnews.com
Сурет: dimashnews.com

Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Қытайдың "I am a Singer" байқауының гала-концертінде жаңа туындысының тұсауын кесті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Әннің музыкасы мен сөзін қазақтың белгілі композиторы Ренат Гайсин мен ақын Қалкаман Сарин жазған. Ал су жаңа туындының аранжировкасын Ренат Гайсин дыбыс продюсері Ерлан Бекчуринмен бірлесіп жасағаны хабарланды.

Димаш арнайы қытай көрермендері үшін қазақ және қытай тілінде ән шырқады. Қытай тіліндегі мәтіннің авторы — Лин Вэй Вейлим.

Ренат Гайсин Димаш Құдайберген туралы ақпарат тарататын DimashNews редакциясына әннің жасалу тарихы туралы ойын бөлісті.

"Бірнеше жыл бұрын ұшақ терезесінен ақша бұлттарға қарап отырып ерекше әдемі суреттен шабыттанып, ойыма әдемі бір әуен оралды. Сол арада әуенді ұмытып қалмайын деп өзімнің дыбыс жазу құрылғыма жазып қойдым. Пандемия кезінде «Qairan Elim» композициясын әзірлеу үстінде бұл әуенді Димашқа көрсеттім. Бірақ тынымсыз саяхат пен гастрольдік сапарлар көбейіп кеткен соң бұл әнмен айналысуға енді ғана мүмкіндік туды. Жақында Димаш маған телефон соғып, «I am a Singer» гала-концертінде осы әнді орындағысы келетінін айтты. Ол мәтінді қазақ тіліне тәржімелеуімді өтінді. Көп ойланбастан бірден өзімнің жақын досым, елдегі ең талантты ақындардың бірі Қалқаман Саринге телефон соқтым. Біз телефон арқылы хабарласқан соң Қалқаман әуеннен шабыттанып, нәзік сезімді әнге өлең жазды. Мен бұны — композитор мен ақынның бірін-бірі сөзсіз түсінісуіндегі нағыз үйлесімділік деп атай отырып, шығарманы романтикалық поэма дегім келеді. Әнге Димаштың өзі шынайы, таза және баға жетпес махаббаттың белгісі ретінде «Angel love» деген ат қойды", — дейді сазгер.

Пікірлер