Атаулы дата қарсаңында. Садыр Жапаров Қырғызстан мемлекетінің негізін қалаушылардың тізімін бекітті

1615
Adyrna.kz Telegram

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров өз жарлығымен қазіргі Қырғыз мемлекетінің негізін қалаушылардың тізімін бекітті.

 Fergana.agency-дің хабарлауынша бұл тізімге бес тұлға енгізілген.

 Ишеналы Арабаев (1882-1933) – ағартушы, қырғыз мектептеріне арналған тұңғыш «Қырғыз әліппесі» («Кыргызский букварь») оқулығының авторы, қырғыз тіліндегі тұңғыш «Эркін-Тоо» газетінің редакторы, «Манас» эпосын жинақтау және жазу тобының жетекшісі.

 Иманалы Айдарбеков (1884-1938) – Қара-Қырғыз Революциялық комитетінің басшысы (1924-1925), Қырғыз АССР Бас сотының төрағасы (1927-1929), республиканың жеңіл өнеркәсіп және сауда халық комиссары.

 Әбдіқадыр Орозбеков (1889-1938) – патша армиясына шақыруға қарсы Орта Азия көтерілісіне қатысушы (1916), Қырғыз АССР / Қырғыз КСР Орталық Атқару комитеті төралқасының төрағасы (1927-1937).

 Әбдікерім Сыдықов (1889-1938) – қырғыздардың тарихы мен шежіресі туралы еңбектердің авторы. 1916 жылғы Орта Азия көтерілісін басуға көмектескені үшін 3-дәрежелі Әулие Станислав орденімен марапатталған. Сондай-ақ, ол – қырғыз халқының автономиялық мемлекеттілігін құру идеясын ұсынғандардың бірі. 1922 жылы желтоқсанда КСРО құрған Кеңестердің құрылтай съезінде Қырғызстанның жалғыз делегаты болды.

 Жүсіп Әбдірахманов (1901-1938) – 1920 жылдардың басында Әбдікерім Сыдықовпен, Есеналы Арабаев және басқалармен бірлесіп Түркістан республикасының құрамында Таулы облысын құру туралы ұсыныс жасаушы. 26 жасында Қырғыз АССР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы болып тағайындалды.

"Дәл осы азаматтар ХХ ғасырдағы жаңа мемлекеттіліктің бастауында тұрып, тілі, мәдениеті мен тарихы бар қырғыз халқының Орта Азияның басқа халықтарымен тең дәрежеде өз мемлекетін құруға толық құқығы бар екенін сенімді түрде дәлелдеді", — делінген президенттік жарлықта.

 Сонымен қатар, жарлықта жоғарыда аталған тұлғаларға «негізін қалаушылар» атағының берілуі «еліміздің басқа да көрнекті мемлекет және саяси қайраткерлерінің отан алдындағы сіңірген еңбегіне нұқсан келтірмейді» деп жазылған.

 Жарлық Қырғызстан биыл тойлайтын Қара-Қырғыз автономиялық облысының құрылғанына (14.10.1924) 100 жыл толуына орайластырылған.

 "Қара-Қырғыз автономиялық облысының, одан кейінгі Қырғыз Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы мен Қырғыз Социалистік Кеңестік Республикасының құрылу тарихы Қырғызстанның болашақ тарихы үшін орасан зор маңызға ие болды, ол сайып келгенде біздің егемен Қырғыз Республикасының іргетасына айналды", — делінген Жарлықта.

 Жапаров ел негізін қалаушы ата-бабалардың рухына тағзым етуді әрбір қырғызстандықтың қасиетті борышы деп санап, үкіметке мынадай тапсырма берді:

• оқушылар мен студенттерді отансүйгіштікке тәрбиелеу үшін олардың қызметі туралы материалдар әзірлеу және тарату;

 • негізін қалаушы ата-бабаларды мәңгі есте сақтау мақсатында халық арасында ақпараттық-насихаттау жұмыстарын жүргізу;

 • осы тақырып бойынша ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізуді қамтамасыз ету.

 Айта кетейік, қырғыз мемлекеттігі негізін қалаушылар тізіміне енгендердің барлығы 1930 жылдары қуғын-сүргінге ұшыраған. Ишеналы Арабаев 1933 жылы түрмеде сотқа жетпей қайтыс болды, кейбір деректерде оның өз-өзіне қол жұмсағаны айтылады. Қалғандары 1938 жылы атылған. 1950 жылдары олардың барлығы ақталды.

 

Пікірлер