КРИМИНАЛДЫ АЙМАҚ ҚАШАН РЕТТЕЛЕДІ, ӘКІМДЕР?!

1558

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың, Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың назарына!  

Бақытжан Сағынтаев, Амандық Баталов, «Алтын орда» базарының қасындағы, Апорт сауда орталығының артындағы елдімекен қазір нағыз қылмыстың ордасына айналды. Мұнда адам тонау, ұрлық-қарлық, топ болып төбелесу, қыз зорлау, адам өлтіру фактілері тым жиілеп кетті. Бүгінде халық бұл жақты 13-ші район, яғни «криминалды аймақ» деп атайтын болды. Жұртшылық арасында осы «бұзақы аймақ» атанған ауылға қашан көңіл бөлесіздер, әкімдер!

Осыдан бес-алты жыл бұрын қылмыс өршіп, террорлық әрекеттер орын алғандықтан, облысқа қарайтын біраз ауылдар Алматы қаласына қосылып еді. Бірақ біз қазір не ауылға, не қалаға қарайтынымызды білмей, ортада қалдық. Біз құжат бойынша Қарасай ауданы, Іргелі ауылына қарағанымызбен, бізге су «Алматы су» компаниясынан беріліп отыр. Бұл жер қаланың территориясы деп айтылады. Дегенмен жедел-жәрдем шақырсақ, бізге Қалқаманнан да, Қарасай ауданынан да ешкім келмейді. Қалқаман ауруханасы: «Сендер Қарасай ауданына қарайсыңдар» дейді, ал Қарасай ауданы: «жоқ, сендер қалаға қосылғансыңдар» деп, бір-біріне сілтейді. Осылайша, біз қазір не ауылға, не қалаға кіргенімізді білмейміз. Не анда, не мұнда жоқпыз, бейтарап қалдық. Бізге қарайтын бірде-бір әкім жоқ.

Әкімдер! Амандық Баталов, Бақытжан Сағынтаев, ел арасында 13-ші район аталып кеткен Алматының дәл іргесіндегі «криминалды аймақ» халқы қазір жарық, су, жол азабын тартып отыр. Мұнда 15 жылдан бері әлі ешқандай мәселе шешілген жоқ. Тіпті ауыл көшелеріне атау да берілмеген. Көшенің аты болмаған соң, жедел-жәрдем, өрт сөндіру қызметін шақырсақ, олар қайда барарын білмейді. Адасады. Олар келем дегенше, адам өліп, жанған үйдің түгі қалмайды. Көшелерге жарық орнатылмай, тас қараңғы болған соң, мұнда ұрлық, тонау көп. Полиция келмейді. Учаскелік полиция деген атымен жоқ. Мектеп те салынбаған. Әкімдер, суды, жарықты, жолды қашан жасайсыздар? Көшеміз жазда – шаң-топырақ, көктем-күзде – ми батпаққа айналады. Алатау ауданының әкімі Шахмерден Рыспаевтың, Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаевтың, тіпті ауыл әкімінің де бұл жаққа өмірі аяғы тимеген. Олар осы уақытқа дейін «жаны ашымастың қасында басың ауырмасынның» керін келтіріп отыр. Әйтпесе, бұл жақтағы үлкен жол қалаға қарайды, бірақ ол өмірі жөндеу көрген жоқ.

Балаларымыз мына шаң-тозаң, ми батпақтың арасынан сонау 7-8 шақырым жердегі мектепке жаяу баруға мәжбүр. Оның үстіне, мұнда жабайы иттер қаптап кеткен. Иесіз иттерден балалар тұрмақ, үлкен адамдар көшеде жүруге қорқады. Жолдың қияметін айтып, құзырлы органдарға қанша шағымданғанымызбен, құлақ асар ешкім жоқ.

Өкінштісі сол, бізде Іргелі ауылының әкімі Қадырбек Атшабаровтың үйіне баратын жол тақтайдай теп-тегіс, асфальт төселген. Тіпті өзі тұратын көшеге әкімнің атасы Атшабардың есімі берілген. Ал бізде жол тұрмақ, көшенің аты жоқ. Осы әділдік пе?

Жақында ҚР ПРезиденті Қасым-Жомарт Тоқаев барлық әкімдерге әлеуметтік желідегі тұрғындар сұрағына жауап беруін міндеттеген болатын. Сондықтан Бақытжан Сағынтаев, Шахмерден Рыспаев, Амандық Баталов, Жандарбек Далабаев 13-ші район, «криминалды аймақтың» мәселесі нақты қашан шешілетінін заңда белгіленген мерзімде бізге жазбаша түрде берулеріңізді сұраймыз!

 

Ауыл тұрғындары

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер