Қазақстандық теннисші, әлемнің төртінші ракеткасы, Ресейден алынған легионер Елена Рыбакина денсаулығына байланысты Париждегі Олимпиада ойындарына қатыспайтыны белгілі болды. Ел сенген спортшының тосын жағдайда кортқа шығуда бас тартуын, қоғам түрліше қабылдауда. Ал қазақстандық спортшылар Олимпиаданың алғашқы күнінде алғашқы медальға ие болды. Толығырақ “Адырна” материалында тарқатып көрелік.
ЕЛЕНА ЭЙФЕЛЬГЕ БАРМАДЫ
Қазақстан теннис федерациясының мәліметінше, қазір Елена бронхитпен ауырып қалған. Дәрігерлер оған тек кортқа ғана емес, жарыстарға ұшуға үзілді-кесілді тыйым салып отыр.
«Рыбакина Олимпиадада жоғары деңгейде ойын көрсетуге үміттеніп, ойындарға белсенді түрде дайындалды. Бірақ ауруға байланысты бұл мүмкін болмады. Қазақстан теннис федерациясы Еленаның тезірек сауығып, кортқа сәтті оралуын шын жүректен тілейді. Біз оған сенеміз және оның жаттығулар мен жарыстарға қайта оралуын асыға күтеміз», – делінген федерация мәлімдемесінде.
Елена Рыбакина өзі де әлеуметтік желіде ел намысын Францияда қорғай алмайтынына қынжылатынын жеткізді.
"Құрметті қазақстандықтар! Өкінішке қарай, Париждегі Олимпиадаға қатыса алмайтын болдым. Уимблдон турнирінен кейін бронхиттің асқынған түрімен ауырдым, жаттығуға оралуға тырысқаныммен, ағзам әлі қалпына келе қоймады. Дәрігерлер кортқа шығуыма үзілді-кесілді тыйым салды. Үміттеріңізді ақтамағаныма, Париждегі Олимпиадада біздің құрама атынан бақ сынай алмайтыныма қатты қапалымын. Токиода медаль алуға жақын қалған едім және Қазақстан қоржынына алтын жүлде салу үшін Париж ойындарына да тыңғылықты дайындалдым. Өкінішке қарай, ауырғаным жоспарды жүзеге асыруға мүмкіндік бермей қойды. Қазақстандық барлық спортшыға Парижде сәттілік пен жетістік тілеймін! Барлық спортшымызға жанкүйер боламын және олар Олимпиадада еліміздің намысын лайық деңгейде қорғайды деп сенемін. Алға, Қазақстан!", - деді Елена Рыбакина.
Елена Рыбакина бұған дейін бір рет Олимпиада ойындарына қатысқан. Ол Токио-2020 Олимпиадасында Қазақстан атынан өнер көрсетіп және әйелдер арасында жеке сында ширек финалға дейін жеткен еді.
АУЫРСА ДА АЛТЫН ЖЕҢГЕНДЕР БОЛҒАН
Әлемде бүгінге дейін Олимпиада ойындарына денсаулық жағдайына қарамастан қатысқан спортшылардың да бары айтылды. Мәселен, 1996 жылғы Атланта Олимпиадасына қатысқан америкалық гимнаст Керри Струг, командалық жарыста финалдық секіруді аяқтап, алтын медальді жеңіп алу үшін аяғын жарақаттанғанына қарамастан жарысқан.
Ал оның отандасы Симон Байлз 2021 жылғы Токио Олимпиадасында психикалық денсаулық мәселелерімен күресіп, жарыстарға толық қатыспай, бірақ командалық жарыста командаластарына қолдау көрсетіп, финалдық жарыстарға шыққан.
Осы секілді Джоан Бенуа 1984 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасында тізе жарақатымен жүгіріп, алғашқы әйелдер марафонында алтын медаль жеңіп алған болатын.
ҚОҒАМ ҚАЛАЙ ҚАБЫЛДАДЫ?
Рыбакинаның Олимпиада ойындарына қатыса алмайтыны қазақстандық жанкүйерлерді қынжылтты. Олардың пікірі екі жаққа бөлінді. Бірі Рыбакинаның денсаулығына алаңдап, жылы лебіздерін жаудырса, енді бірі “әдейі қатыспайын деп тұр” деп сынға алды.
“Қасқырды қанша бақсаң да, орманға қарап ұлиды деген рас”, “оған Қазақстанның атынан шығып керек емес, одан да басқа елдің атынан қомақты қаржыға шығу тиімдірек”, “бұндай спортшыдан не пайды?” “өзіңнен тумай ұл болмас деген осы екен ғой” деген сынды негативті пікір жазушылар қаптады.
Ал кейбірі Еленаның денсаулығына алаңдап, оған сәттілік тіледі.
“Мына пікір жазып жатқандарды түсінбеймін! Денсаулық бәрінен маңызды ғой”, “ел намысын басқа турнирларда да қорғап, Қазақстанның атын асқақтатып жүр ғой, неге ренжисіңдер”, “тезірек жазылып кет, Елена, бронхит оңай ауру емес” дегендер де болды.
АЛҒАШҚЫ ҚАДАМДАР
Олимпиаданың алғашқы күнінде пневматикалық винтовкамен 10 метрге нысана көздеуден аралас командалық сында қазақстандық Ислам Сәтбаев пен Александра Ле жұбы олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанды.
Финалдық кезеңде отандастарымыз Германия құрамасымен кездесті.
Алғаш рет олимпиада ойындарына қатысып тұрған Ислам Сатбаев пен Александр Ле жұбы Анна Янсен мен Максимилиан Ульбрихтен басым түсті.
Париж олимпиадасында дзюдодан қазақстандық спортшы Елдос Сметов екінші айналымда украиндық Дильшот Халматовты ұтса, Әбиба Абужақынова алғашқы белдесуінде Сара Ришониден басым түсті.
Елдос Сметов ширек финалда тайпейлік Янг Ю Вэймен кездеседі. Бірінші кезеңде отандасымыз нидерландтық қарсыласын шидо саны бойынша ұтқан болатын.
Ал 48 келі салмақта сынға түсіп жатқан Әбиба Әбужақынова болса, израильдік спортшыны Waza-Ari ұпайымен жеңген.
Дина Литпин
“Адырна” ұлттық порталы