САЛТТАР ƏЛЕМІНЕ САЯХАТТАҒАН МƏДЕНИЕТТАНУШЫ

118

3-тамыз күні Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада "Адырна" ұлттық-этнографиялық бірлестігінің ұйымдастыруымен белгілі мәдениеттанушы Бердалы Оспанның "Салттар әлеміне саяхат" атты кітабының тұсаукесері өтті. Атаулы кітап "Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы" КЕАҚ-ның мемлекеттік гранты аясында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан "Дәстүрлі руxани құндылықтарды қолдау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру" жобасы аясында шығып отыр. Кітап тұсаукесеріне "Ақиқат" журналының бас редакторы Аманхан Әлім, Еуразия инновациялық университетінің профессоры, кітаптың алғы сөзін жазған Тәуке Алтынбеков, "Мәміле" клубының жетекшісі Қанат Тасибеков, профессор, композитор Бахтияр Аманжол, филолог Қанат Жаңабаев, аудармашы Марат Жұмағазиев сынды тұлғалар қатысты. Академик Хангелді Әбжанов тізгінді қолға алып, бастан-аяқ жүргізіп шықты. Қызықты тарихи деректер арқылы қазақы болмысты ашып көрсеткен рухани кітапқа пікір білдірушілер де көп болды.

Белгілі ақын Аманхан Әлім кітаптың пайдасы мол, егер оқулыққа енгізер болса, оқырман үшін қабылдауға жеңіл болатындығын айтып, бұл құнды дүниенің дәстүрімізді насихаттауда үлкен септігі тиетінін жеткізді. Кітап алғы сөзін жазған Тәуке Алтынбеков: "Қазақ салты - әдемі, үйлесімді әрі мазмұны өте терең рухани құбылыс. Осы орайда Бердалы Оспанның кітабы салт-дәстүрлер арқылы ұлтымыздың кодын тануға жақындатуымен бағалы",- деген пікір білдірді. Жиын соңында "Салттар әлеміне саяхат" кітабын бірнеше тілде, әсіресе орыс, ағылшын тілдеріне аудару қажеттігін, оның ұлттық болмысымызды өзге елге танытуда пайдасы мол екені айтылып, ұсыныс тасталды. Сонымен қатар, әліпби бойынша құрылған кітап мазмұнын тақырып мағынасына қарай жүйелеу маңызды екендігі де сараланды. Кітап авторы Бердалы Оспан әлі талай ізденісті қажет ететін дүниелердің көптігін айтып, болашақта олардың да жарыққа шығатындығынан хабардар етті. Сонымен қатар автор жиынға қатысқан адамдардың барлығына шексіз алғысын білдірді.

 

Жансая СМАН

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер