Құқықтық мәдениет – қоғамдық сананың айнасы

808
Adyrna.kz Telegram

Құқықтық мәдениет - қоғамның заңдарды түсінуі, құрметтеуі және оларды сақтауына негізделген құндылықтар жүйесі. Ол азаматтардың құқықтары мен міндеттерін білуінен, заңдарды сақтаудан және әділдікке ұмтылуынан тұрады. Құқықтық мәдениет жоғары болған жағдайда, қоғамда заңға деген сенім артып, құқық бұзушылықтардың саны азаяды. Бұл мәдениет жүйесі қоғамның барлық деңгейлерінде, соның ішінде отбасында, білім беру мекемелерінде және жұмыс орындарында қалыптасады. Құқықтық мәдениет азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру арқылы нығаяды және қоғамның тұрақты дамуы мен тәртібіне негіз болады. Құқықтық мәдениетті жетілдіру, азаматтардың құқықтық санасы арқылы тәуелсіз әрі демократиялық мемлекет құруға әсер ететін құқықтық қоғамды қалыптастырудың маңызды бөлшегі болып табылады.

    Құқықтық мәдениеттің мазмұнын зерделеу кезінде мемлекеттік басқару қызметкерлеріне ерекше көңіл бөлетін шет мемлекеттердің тәжірибесіне жүгінсе болады. Мысалы, Ұлыбританияда мемлекеттік қызметкерлердің құқықтық сауатын және мәдениетін жетілдіруді реттейтін бірқатар кодекстер әзірленген, мысалы, Министр кодексі, Парламент депутаттарының мінез-құлық кодексі, Мемлекеттік қызмет кодексі және т.б. Бұл кодекстер мемлекеттік қызметшілердің этикалық нормалары мен адамгершілік қасиеттерін анықтай отырып, бағыт береді. Осылай құқықтық тәрбиені қалыптастыра аламыз.

    Құқықтық тәрбие – бұл қоғамдық және жеке тұлғаны қалыптастыру процесін қамтамасыз ете алатын мемлекет пен қоғамның құқықтық сананы және құқықтық мәдениетті дамытудағы мақсатты әрі көп қырлы жүйесі.  Елімізде жоғарыда айтылған құқықтық мемлекет түсінігін қалыптастыру жолында құқықтық тәрбие мәселелері басты назарға алынуы қажет. Құқықтық тәрбие қоғамдағы заңның күшін арттыруға, қоғамның объективті шындықтың тәуелсіз факторы ретіндегі маңыздылығын түсінуіне әсер етеді. Құқықтық тәрбие – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және олардың заңдарды түсінуін, құрметтеуін және сақтауын қамтамасыз етуге бағытталған процесс. Бұл тәрбие түрі балалар мен жастарға мектептерде, жоғары оқу орындарында және қоғамдық ұйымдарда беріледі. Құқықтық тәрбие адамға құқықтары мен міндеттерін түсінуге көмектеседі, заңдарды сақтау және қоғамдағы әділдік пен тәртіпті қолдау қажеттігін ұғындырады. Құқықтық мәдениет – қоғамдық сананың айнасы. Сол себепті, құқықтық мәдениетті ілгерілетуге басымдылық берілуі тиіс. Мәселен, қоғамдық-құқықтық сананы дамыту мақсатында бірнеше маңызды қадамдарды жүзеге асыру қажет. Олар: 

1. Алдымен, білім беру жүйесін қолға алу керек. Мектептер мен жоғары оқу орындарында құқықтық білім беру бағдарламаларын енгізілуі тиіс. Оқушыларға және студенттерге құқықтық сауаттылықты арттыратын пәндер мен курстар өткізу арқылы олардың заңдарды түсінуі мен құрметтеуін қамтамасыз ете аламыз. Құқықтық білім мен тәрбиені орта жалпы білім беру мекемелерінде, орта арнаулы және жоғары оқу орындарында жалғастыру керек, бұл жерде қазақстандық құқық негіздері мен құқық салаларын оқыту курстарын енгізу маңызды.

2. Қоғамдық ақпараттандыру шаралары жиі өткізілуі қажет. Құқықтық ақпаратты көпшілікке қолжетімді ету – қоғамды сауаттылыққа үйрететін алғашқы қадамдардың бірі. Бұқаралық ақпарат құралдары, интернет ресурстар және әлеуметтік желілер арқылы азаматтарға құқықтық мәселелер бойынша ақпарат беру, құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған бағдарламалар мен жобалар ұйымдастыру да өз жемісін берері анық.

3. Құқық қорғау органдарының жұмысын көрсету және құқық қорғау органдарының ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету халықты ақпаратпен қамтамасыз етеді. Азаматтарға құқық қорғау органдарына сенім білдіру үшін олардың жұмысының айқындылығын арттыру және құқық бұзушылықтарға қарсы күрес шараларын күшейту арқылы құқықтық сананы арттыра аламыз.

4. Жастармен жұмыс жасалуы міндетті. Жастар ұйымдары мен волонтерлік қозғалыстар арқылы құқықтық мәдениетті насихаттай аламыз. Жастарға арналған құқықтық білім беру бағдарламаларын, семинарлар мен тренингтерді ұйымдастыру – жастарды дұрыс бағытқа салуға көмектеседі.

5. Отбасылық тәрбие – қоғамның ең кіші әрі маңызды бөлігі. Ата-аналардың балаларға құқықтық тәрбие беруі отбасында құқықтар мен міндеттер туралы түсінік қалыптастырып, заңдарға құрметпен қарауды үйретеді.

6. Заңнамалық бастамаларға жол ашу – құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталған заңнамалық бастамаларды қолдаудың жақсы тәсілі. Ол құқықтық жүйені жетілдіру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған заңдарды қабылдауға ықпал етеді. Осы қадамдар арқылы қоғамда құқықтық мәдениетті арттыруға, азаматтардың құқықтық сауаттылығын жоғарылатуға және заңдарды құрметтеуін қамтамасыз етуге болады.

 

Пікірлер