Жуырда Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекті қабылдады. Кейбір азаматтар бұл кездесу кезектен тыс Парламент сайлауына дайындық деп болжайды. Егер биыл сайлау өтсе, оған еліміздегі жалғыз оппозициялық партия – ЖСДП дайын ба және саяси ұйым соңғы 3 айда қандай жұмыс атқарды? Осы және өзге де сұрақтарды ЖСДП төрғасы Ермұрат Бапиге қойған едік.
– Кейбір азаматтар Парламент мәжілісінің кезектен тыс сайлауы биыл өтеді деп отыр. Егер биыл сайлау өтсе, оған еліміздегі жалғыз оппозициялық партия – ЖСДП дайын ба?
– Еліміздің заңы бойынша бір жылда екі сайлау өткізуге болмайды. Бірақ Қазақстанның жағдайында президенттік және парламенттік сайлау өткізе салу қиын емес. Егер де Парламент сайлауы мерізімінен 2 жыл ерте ұйымдастырылатын болса, әрине біз оған толыққанды дайын емеспіз. Өйткені партия жетекшілігіне келгеніме үш ай ғана болды. Қазіргі таңда партияның ішкі құрылымдық жұмыстары мен жаңа саяси науқанға дайындалып жатырмын. Негізгі жұмыстар тамыз айының аяғы мен қыркүйек айының басынан басталады. Президент қыркүйек айында Парламентті таратып, сайлау жариялайтын болса бізге қысыл-таяң мерзім болады.
– Партия басшылығына келгеніңізге үш айдан асты. Осы үш айда парламент төрінен орын алатындай қандай жұмыс жасадыңыздар?
– Соңғы үш айдың бір жарым айы президент сайлауымен өтті. Сол бір жарым айдың ішінде партиялық жұмыстармен айналыстық деп айта алмаймын. Ең басты жұмысымыз сайлауға бақылаушылық жұмысты ұйымдастырдық. Сондай-ақ, сайлаудан кейін пайда болған жаңа әлеуметтік саяи күштермен кездесу өткізіп, келіссөздер жүргіздік. «Ақиқат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы еліздегі бірден бір оппозициялық партия болып саналады. Сондықтан да қоғамдық ұйымдарды партия аясына топтастырып, Парламенттік сайлауға бірге қатысуға шақырдық.
– Олардың арасында қоғамға белгілі қандай азамат бар?
– Бұл жерде қоғамға белгілі деп жеке-жеке атын атау керек емес. Президент сайлауынан кейін қоғамға белгілі деп жүрген Қосанов сияқты азаматтар боқ сасып қалды емес пе? Біз қоғамда жаңадан пайда болған «Оян Қазақстан» мен «Республика» қоғамдық ұйымдары және ұлттық патриоттық бағыттағы азаматтармен әңгімелестік. Мұны сайлауға дайындықтың алғышарты ретінде қарастырған жөн. Біздің басты масатымыз билікке наразы көңіл күйдегі азаматтарды «Ақиқат» партиясының маңына топтастыру болып отыр.
– Сіз Марғұлан Сейсенбайға «Егер Парламенттік сайлауда 50 пайыз дауыс жинасақ, өзіңді Үкімет басшысы етіп сайлаймыз» деп айтсаңыз партияның қолдаушылары көбейетін шығар. Өйткені әлеуметтік желідегі жұрт Марғұлан Сейсенбайдың премьер-министр болғанын қалайтыны белгілі.
– Сайлауға қатысқаннан кейін Парламенттегі көпшілік орынды жеңіп алуға тырысу керек. Бұл жердегі ең басты проблема еліміздегі бақылаушылар контингентін көбейтуіміз керек. Сайлауға дайындық ретінде 22 мың бақылаушыны дайындауға күш салып жатырмыз. Себебі, біз еліміздегі 11 мыңға жуық сайлау учаскесін бақылаушылармен жаппасақ, Парламентке өтемін деген бос қиял. Елімізде әділ сайлау болмағандықтан бақылаушылардың күшіне иек артуымыз керек. Егер бақылаушылардың көмегімен Парламенттегі көпшілік орынды иеленетін болсақ, онда әрине біздің партия Үкіметті жасақтаудың құқығына ие болады. Бірақ Марғұлан мырзаның партияға тарту туралы бізге әңгіме болған жоқ. Оның үстіне онымен кездесіп, әңгімелесу мүмкін болмай жүр. Ол бірде анда кетіп қалады, бірде мында кетіп қалады. Соған қарағанда, Марғұлан мырзаның біздің «Ақиқат» партиясына деген қызығушылығы жоқ-ау деймін. Себебі, соңғы 3-4 жыл бойы бұл партия ұйқылы-ояу, қоғамда белсенді болған жоқ. Сондықтан да азаматтардың партияға деген сенбеушілігі мен оған кіруге ықылас танытпауын түсінемін. Осы партияның ояту мақсатында тамыз айының аяғынан бастап ауқымды жобаларды жүзеге асырамыз. Партияның мүмкіндігін азаматтық қоғам мен халыққа дәлелдеген кезде Марғұлан Сейсенбай сияқты азаматтар «Ақиқатқа» келуі мүмкін. Ауқымды жұмыс атқармаған соң азаматтарды партияға кел деп айта алмаймыз. Жаңадан жасақталып жатқан партияның мүмкіндігін азаматтық қоғамға дәлелдей білуіміз керек.
– Партияға деген азаматтардың сенімі жоқ екенін айтып қалдыңыз. Бәлкім өзіңізбен бірге Парижге барған Абзал Құспан мен Мәди Манатбек секілді азаматтардың орынбасар етіп қоюға қалай қарайсыз?
– Біріншіден, Абзал Құспан әлеуметтік желіде танымал болғанымен қоғамдық ұйымдарда жұмыс жасамаған азамат. Оның үстіне отбасын асырап отырған табысты қызметін тастап, партияның жалақысы жоқ жұмысына келеді деп айта алмаймын. Ал Мәди Манатбек биліктің құрылымдарында қызмет еткен әрі қоғамға саяси тұлға ретінде танылмаған азамат. Әлеуметтік желіде пост жазғаны болмаса оппозициялық басылымдарға сұхбат бермеген жігіт. Оның азаматтық қарым-қабілетін оқып біліп жүрмін. Бірақ құр сөзбен қуырдақ қуыруға болмайды. Оппозициялық партия төрағасының орынбасары болуы үшін, саяси жүйенің сыншысы болу керек. Мен бұл азаматтардың аузынан «Қазақстанды құртқан Назарбаевтың жүйесі» деген сын естімедім.
– Сынау жақсы әрине. Бірақ партияға сыншылдармен қатар іскер азаматтар да керек шығар...
– Ол мәселемен айналысып жатырмыз деп айттым ғой. Абзал Құспан мен Мәди Манатбекпен қоғамның тұлғалары таусылып қалмайды. Ол жігіттер батыл позицияларымен партияға келетін болса, әрине оларды тартамыз. Біздің есігіміз бәріне ашық. Бірақ бізге ең алдымен биліктің сыншылары керек. «Мына сөзім қалай болар екен» деп биліктің сынай алмай, жалтақтап отыратын жігіттер керек емес.
– Жаңа сіз бақылаушылар туралы жақсы айттыңыз. Сайлау кезінде аймақтардағы дауыс беруді бақылау өте маңызды мәселе. ЖСДП аймақтардағы жетекшілерден кімдерді таңдайды?
– Бұған дейін аймақтардағы кадр мәселесін қозғамадық. Алдағы қыркүйек айынан бастап бұл мәселеге назар аударамыз. Бізде Президентік сайлаудан кейін бірден Парламенттік сайлау болуы мүмкін деген ой болды. Егер кезектен тыс Парламент сайлауы өтетін болса, аймақтағы жетекшілерді таңдауға күш саламыз. Аяқ астынан сайлау жарияланып кететін болса, сайлау науқаны және жетекшілерді таңдаумен қатар айналысуға тура келеді. Менің ойымша, бұл кезде аймақтағы кадрды ауыстыру емес, сайлауда жеңіп шығу басты мақсат болады.
– Қазіргі сіздердің жасап отырған жұмыстарыңызбен Парламенттен орын алу қиын секілді. Қаржылық және басқа жағдай шығар, әйтеуір партия тарапынан қатты белсенділік байқалмайды. Соңғы үш айда жұрттың назарын аударатындай қадамдар жасалмады. Негізі, партияның жеңісі ықпалды адамдарды тартуға байланысты емес пе?
– Тамыз айының аяғынан бастап қоғамдағы белсенді азаматтарды партияға тартумен тұрақты айналыса бастаймыз. Бұған дейін біздің партияға Жанболат Мамай, Әсет Матаев, Айман Сағидолла секілді азаматтар партияға мүшелікке кірді. Біз осындай белгілі азаматтармен келіссөздер жүргіземіз. Бірақ біз партияға жалынып-жалпайып адам тартпаймыз. Парламенттік сайлауға қатысып және жеңіп шығу жалғыз Бапи мен «Ақиқат» партиясының міндеті емес. Бұл жалпы азаматтық қоғамның мақсат - міндеті. Күзден бастап Марғұлан Сейсенбай секілді азаматтарды тартуға күш саламыз. Әйтсе де бизнесте жүрген адамның оппозициялық партияға өту-өтпеуі белгісіз. Бірақ біз бәрібір де қоғамда аты бар адамдармен бірге жұмыс істейміз. Алайда бұл жұмыс бір жақты ғана болмауы керек, сол азаматтардың тарапынан да жауапкершілік болуы керек. Өйткені еліміздегі режимді өзгерту жалғыз «Ақиқат» партиясының міндеті емес. Еліміздегі өзгерістерді жасайтын бірден бір саяси платформа әзірге «Ақиқат» партиясы. Өкінішке қарай, басқа саяси күш жоқ. Бұл жағдайды елдегі азаматтар түсінуі керек деп санаймын.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Серік ЖОЛДАСБАЙ
"Адырна" ұлттық порталы