Home » Айдарлар » Әдебиет » БАЙЫТ ҚАБАНҰЛЫ: АҚЫНҒА ӘЙЕЛ БОЛУДЫҢ МАШАҚАТЫ

БАЙЫТ ҚАБАНҰЛЫ: АҚЫНҒА ӘЙЕЛ БОЛУДЫҢ МАШАҚАТЫ

Қиылған тілек келген соң көңілдерін қайтара алмай жоғарғы мектеп студенттерімен кездесу жасап біраз әңгіме айтып, махаббаттық өлеңдер оқыдым. Көңілдерінде еш кіршік жоқ жастар қайдағы бірдемені білгілері келеді. Ойыңа келмейтін сұраулар қояды. Бүгінгі жастар да солай болды, неше түрлі сауалдар қойды. Өз шамамша жауап қайтарып ортасында қалжыңдап та отырдым. Сөйтіп отырғанда зал толы студенттердің орта тұсынан ұзын бойлы бір сұлу қыз тұрып сәл күлімсіреп алды да:
– Аға, әйеліңізге арнап осыншама әдемі, көп өлең жазыпсыз, сіздің жарыңыз неткен бақытты. Айтыңызшы, мен қайтсем сіз сықылды білімі зор, дарыны асқақ, атақты ақынға келіншек боламын – деді түйеден түскендей ғып. Мырс етіп күліп жібердім. Не деуге болар.
– Айналайын қарындасым – дедім, Бұрын осы сен сықылды бір қыз бір атақты генаралдың кемпірінен:
– Апа қайтсем сіз сықылды генаралдың әйелі болам – деп сұраған екен, сонда әлгі кемпір еш ойланбастан:
– Қызым ол үшін сен ең алдымен жәй бір әскердің келіншегі болуың керек. Сосын кіші бастықтың құшағына өтіп, сосын офисердің қойынына кіресің. Онан кейін орташа және үлкен офисердің әйелі болып соңында елуден асып алпысқа таяғанда арман болған генаралдың жары боласың – деген екен. Сол секілді сен мен сықылды ақынға әйел боламын десең ең алдымен арақшыға жар болуың керек.
Ол сенімен үйленген күннен бастап: «Сұлу әдемі келіншек алдым» – деп ішіп, «Саған арнап жақсы өлең жаздым» – деп ішеді. Соғым алғалы жинаған ақшаңа кітәп бастырып, сол кітәбін жуып арақ ішеді…
Өзің теңдес басқа адамдардың әйелдері торғын-торқаның асылын киіп, кез кездің модасының бәрін иығына жауып сәнденіп жүргенде сен төркініңнен киіп барған ескі киіміңе қанағат қып, ашқұрсақтау күн кешесің. Басқа адамдардың өзің секілді әйелдері биге кетіп, барға барып сайран салып жүргенде сен күйеуіңнің достары болған қызулау ақындарға дастархан жасап, арақ тасып асты-үстіне түсіп күтіп жүресің. Тағы сол секілді ол сенің құшағыңда келе жатып кез келген бір сұлу қызға айланып қарап, тағы соған арнап өлең жазып, онысы ән болып күндіз түні шырқалып сенің құлағыңа үнемі ызыңдайды да тұрады. Тағы, тағы….
Міне осылардың бәрін басыңнан өткізіп, шыдап бақсаң елуден асып алыпысқа тақаған шағыңда дәл мен сықылды білімді, дарынды, атақты ақынның әйелі боласың. Солай қарындасым – деп бетіне қарадым. Ол ештеме деместен орнына қайта отырды. Шамасы ақынға әйел болу онша тілейтін тілек емес екеніне көзі жетіп, көңілі суыды-ау деймін.

 

2015.04.04
“ҚЫСҚА ӘҢГІМЕЛЕР” жинағынан, БАЙЫТ ҚАБАНҰЛЫ

“Адырна” ұлттық порталы

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

Ерболат БАЯТҰЛЫ: ТАСТАҒЫ ЖАЗУ!

Уа, Тәңірім! Төбемізде Көк Аспан, табанымызда Қара Жер, Сенің сөнбейтін нұрыңнан жаралғанбыз, Алтайдан төрткүл дүниеге ...