«Майқайыңалтын» АҚ шахтасынан үшінші құтқарушының денесі жарты жылдан кейін табылды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеп.
19 шілдеде "Майқайыңалтын" АҚ күшімен жер қазу жұмыстарын жүргізу кезінде 70 метр тереңдікте бір құтқарушының денесі табылды, ол 4 қаңтарда "КӘАҚҚ РОШ" ЖШС-нің тағы үш құтқарушысымен бірге автобуста жұмыс істемейтін шахтаның тазарту кеңістігіне құлаған.
Бұдан бұрын 2 құтқарушыны іздеу жұмыстары қайта жанданған. Сканерлеу және автобустың нақты орналасқан жерін анықтау үшін сканері бар "Алтыналмас" АҚ мамандары тартылды. Сканерлеу нәтижелері бойынша автобустың 12 метр тереңдікте орналасқандығы анықталды.
Авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу орнына Павлодар облысы ТЖД құтқарушылары келді, олар «КӘАҚҚ РОШ» ЖШС-мен бірлесіп денені жер бетіне шығарып, жедел-тергеу тобына тапсырды.
"Майқайыңалтын" АҚ бас директоры Қайролла Жүрсінбаевтың сөзінше, Айдос Шаймерденовтың денесі 19 шілдеде сағат 5.30 шамасында табылған. Құтқарушылар іздеуді күн шыққан кезде бастаған екен. Олар сағат 13.30 шамасында мәйітті толықтай шығарып алыпты.
Содан кейін полиция келіп, барлық процедуралар басталды дейді. Ол төртінші қаза болған құтқарушының денесін жақын арада табамыз деп үміттенетінін жеткізді.
Қайтыс болған адамның туыстарына психологиялық көмек көрсету үшін ТЖД психологы да келді.
Естеріңізге сала кетейік, оқиға болған күні Павлодар облысы ТЖД құтқарушылары 2 денені тауып, жер бетіне шығарған болатын. Одан кейін жұмыстар тоқтатылып, жуырда қайтадан жанданды.