Тұңғыш президенттің қызы түрмедегі жазасын қалай өтеп жатыр?

2313
Adyrna.kz Telegram
Фото: Радио Озодлик
Фото: Радио Озодлик

Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтың қызының қамауға алынғанына 10 жылдан асты. Сот үкімінен кейін түрмеде жазасын өтеп жатқанына 9 жылға жуықтады. Түрмеде қозғалған тағы бір іс бойынша ол ұзақ мерзімге сотталғалы бірнеше жыл болды. Соңғы жазасын өтеу мерзімі 2033 жылы аяқталады. Түрмедегі Гүлнара Каримова қазір жазасын қалай өтеп жатыр?  

Өзбекстанның тұңғыш президентінің қызы 52 жастағы Гүлнара Каримова алғаш 2013 жылы қамауға алынып, қазір Ташкент облысының Зәңгі-ата ауданындағы әйелдер колониясында жазасын өтеуде. Ол мекеме басшылығы үшін "бас ауруына" айналды, деп хабарлайды Озодлиққа сілтеме жасап «Голос народа». 

2015 жылы 18 желтоқсанда Гүлнара Каримованы Ташкент қалалық соты – 10 жылға, ал 2020 жылы 18 наурызда жаңа қылмыстық іс шеңберінде 13 жылға бас бостандығынан айырды. Оған қастандық, бопсалау, жымқыру және тонау қылмыстарын жасады деп айып тағылды.

«ОЛ ӨЗІН ЖАМАН СЕЗІНБЕЙДІ»

VIP-тұтқын Гүлнара Каримованың түрмедегі бүлігі туралы БАҚ-тың хабарламаларына түсініктеме бере отырып, мекеме өкілі анонимдік шарттармен басылыммен сұхбаттасқан. Өзбекстандағы жалғыз әйелдер түрмесі – Зәңгі-ата ауданындағы №21 колония қызметкері "мекеме басшылары Гүлнара Каримованың мінез-құлқы мен басқа тұтқындарға қатысты арандатушылықтары туралы жоғары басшылыққа бірнеше рет жүгінуге мәжбүр болды" дейді.

Ташкент облысының Зәңгі-ата ауданындағы әйелдер колониясының бұрынғы тұтқындарының бірі блогер Кирилл Альтманға берген сұхбатында Гүлнара Каримованың түрмеде "бүлік шығарғаны" туралы айтқан.

«Бір күні былай болды. Ол жұмысқа шығады. Сол күні ол бүлік шығарады. Сонда оны 2,5 сағаттай тыңдап тұрып қалады. Мүмкін ол өзін қалай соттағанын айтқан шығар. Оны бұл жерге отырғызбау керек еді, бірақ қамағаннан кейін, менің ойымша, режимді аздап сақтағаны дұрыс болар еді. Бірақ ол оны орындамайды», - дейді бұрынғы тұтқын.

Әйелдер колониясында жазасын өтеген бұрынғы тұтқын Альтманмен әңгімелесу барысында Гүлнара Каримованың наразылық акциясының уақыты мен күнін айтпады. Бұрынғы сотталушы блогердің сұрақтарына жауап бере отырып, Гүлнара Каримова үшін түрмеде VIP-шарттар жасалмағанын, керісінше, ол жалпы отрядта жазасын өтеп жатқанын атап өтті.

«Алайда оның айналасын жаймамен қоршап тастаған төрт төсегі бар. Ол кәдімгі асханадан тамақ ішпейді, өзіне сырттан жеке тамақ әкеледі. Оған көптеп сәлемдеме келеді. Ешкім жоқ кезде әлдебір көліктер келіп, оның керегін 5-10 килолап емес, молынан әкеліп береді. Егер ол бірдеңені қаласа, оған қол жеткізе алады. Бірде ол бір сотталушыны көргісі келген. Соны басқа отрядтан шақыртып алды. Бір сөзбен айтқанда, ол өзін жаман сезінбейді», - дейді бұрынғы тұтқын. Басылым сөйлескен әйелдер колониясының басқа бұрынғы тұтқындары да жағдайды осылай сипаттады. 

БЕЛГІСІЗ МӘЛІМЕТТЕР ЖӘНЕ БҮЛІКШІЛ ТҰТҚЫН

2023 жылдың күзінде Гүлнара Каримованың үй қамағына алынғаны туралы бейресми ақпарат пайда болған еді. Мұндай деректің тарауына қызы Иманның Ұлыбританиядан Өзбекстанға жиі келуі себеп болды. 

Кезінде дереккөздер Гүлнара Каримова уақытының көп бөлігін үйде өткізетінін және қажет болған жағдайда ғана түрмеге келетінін мәлімдеген. Алайда бұл хабар ресми расталған жоқ.

Журналиспен сөйлескенде аты-жөнін атағысы келмеген №21 әйелдер колониясы қызметкерінің айтуынша, Гүлнара Каримованың мәселесі осы мекеме әкімшілігі үшін нағыз бас ауруына айналған. Алайда, сұхбаттасушы Гүлнара Каримованың үй қамағына алынғандығы туралы хабарламаға жауап берген жоқ. 

Әйелдер колониясы қызметкерінің айтуынша, Гүлнара Каримованың туыстарымен кездесуінде ешқандай артықшылық жоқ. Оған заңды түрде туыстарымен кездесуге рұқсат етілген. Бірақ кездесу уақытында оны көруге ешкім келмеген. 

"Мекеме басшылары Гүлнара Каримованың мінез-құлқы мен басқа тұтқындарға қатысты арандатушылықтары туралы бірнеше рет жоғары басшылыққа жүгінуге мәжбүр болды. Бізге, жедел қызметкерлерге, оны ұстауда сақ болуды тапсырды. Сондай-ақ, "оған ерекше қарамау" керектігі де ескертілді», - дейді Зәңгі-атадағы әйелдер колониясының қызметкері.

Басқа да дереккөздер Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтың қызы түрмеде жиі наразылық акцияларын өткізетіні туралы ақпаратты растады. Сондайда мекеме басшылары бірнеше рет жазаны орындау департаментіне және арнайы прокуратураға жүгінуге мәжбүр болған.

Өзбекстанның қылмыстық-атқару кодексінің талаптарына сәйкес, қазіргі уақытта Гүлнара Каримованы басқа колонияға ауыстыру немесе шартты түрде мерзімінен бұрын босату мерзімдері өтіп кетті.

Мәліметтерге қарағанда, Гүлнара Каримова мемлекет пен азаматтардың мүдделеріне 1 трлн 270 млрд 200 млн сомды, 1 млрд 651,8 млн АҚШ долларын, 26,1 млн еуроны құрайтын залал келтірген. Ол 2019 жылдың көктемінен бастап Ташкент облысының Зәңгі-ата ауданындағы №21 әйелдер колониясында жазасын өтеп жатыр.








Пікірлер