ДИНА ИМАМБАЙ: 148 академиктің ішінде Нұрсұлтан Назарбаев пен Динара Нұрсұлтанқызы бар

2335
Adyrna.kz Telegram
Фото: gylymordasy.kz
Фото: gylymordasy.kz

Енді Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясына академик болып сайлануға болады, бірақ ол оңай емес, атақтан үміткер конкурстан өтеді, соңғы он жылда он ғылыми мақаласы болуы керек. Ашық НҚА порталында талқылау үшін жарияланған Ереже осылай дейді.

✔ Ал Мұрат Жұрынов басқаратын Ұлттық ғылым академиясының академиктері зейнет жасына жеткен соң ҚҰРМЕТТІ АКАДЕМИК атанып, ай сайын мемлекеттен стипендия алады.

М.Жұрынов басқаратын ҰҒА жойылмайды, бірақ қоғамдық ұйым болып қалады. Иә, кәдімгі ҮЕҰ – НПО.  Енді бұл ұйым басқалар сияқты ЦПГИ-ге жыл сайын бөлінетін миллиардтаған қаражаттан үлес алып, жоба ұсынуына болады.

Бірақ, бұрынғы академияның сайтында еш жаңалық жоқ, экс-президент кезіндегі ақпарат әлі жаңартылмапты. Соған қарағанда, ол кісілер жаңа ережені күтіп отыр.

✔ 2020 жылғы мәліметке сәйкес, ҰҒА қоғамдық бірлестігінде 148 академик болған, оның ішінде экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Динара Нұрсұлтанқызы Кулибаева бар. (Ол кісілер де стипендия ала ма, қызық).

Бишімбаевтар отбасынан екі адам академик екен.

2011 жылы академия ғимаратында ғалымдардың Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған форумы өткен. Оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан. Ғимаратқа сол 2011 жылы да күрделі жөндеу жасалған, айтпақшы.

Форумда Геология институтының ғалымдары өздері ашқан жаңа минералды НУРНАЗЕН деп атауды ұсынған. Ол ұсынысты халықаралық комиссия бекітті ме, жоқ па, оны геологтар біледі.

Экс-президентке «Ғасыр ғұламасы» атағы осы форумда берілді. Оны сол кездегі білім-ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов пен ҰҒА президенті Мұрат Жұрынов табыс еткен.

Нұрсұлтан Әбішұлы өз кезегінде: «Нақты ғылымда ешқандай жаңалық ашқан жоқпын, бірақ біз тарихта болмаған жаңа мемлекет құрдық. Бұл – ең мәртебелі марапат», - деп алғыс білдіре қабыл алған.

✔ «Ғылым туралы» жаңа заң осы жылдары қабылданды. Негізі ол да жаман заң емес еді дейді ғалымдар.

✔ 2012 жылы ғылымға 42 миллиард теңге бөлініпті. Бұл сома 2015 жылы 118 миллиардқа жетеді делінген.

✔ 2011 жылы Қазақстандағы ғалымдардың орташа жасы 55-те болса, қазір 58 деп есептеледі.

✔ Осы форумда 2014 жылы ғылымды қаржыландыру ІЖӨ-нің  1 пайызы болады деп уәде берілген. Бірақ, бұл көрсеткіш әлі 0,13 пайыз төңірегінде.

Тағы бір дерек, ҚазҰУ-дің филология магистрі Анна Данченко  осы форумда «шұрайлы қазақ тілінде ғылымды неге таңдағанын майын тамыза айтып беріпті». Қазір Анна ғылымда жүр ме, әлде концерт жүргізіп жүрген сол қыз ба, білсеңіздер жаза кетіңіздер.

Иә, отыз жылғы ғылым тарихында осындай сәттер болған, бәрі тасқа басылып, жазулы тұр.

Тарих өткеннен сабақ алу үшін де керек. Репутация институты да әсте-әсте қалыптасар.

Жаңа Ереже 23 шілдеге дейін талқыланады, ашық порталда тұр.

 

Дина Имамбай

 

 

 

Пікірлер