Home » Айдарлар » Көкейкесті » КАСПИЙ СУЫ ЖҰТҚАН – БІЗДІҢ ҮЙДІҢ ТРАГЕДИЯСЫ

КАСПИЙ СУЫ ЖҰТҚАН – БІЗДІҢ ҮЙДІҢ ТРАГЕДИЯСЫ

Оқыған журналист, не болмаса мықты жазушы, Алла берген талатты ақын да емеспін. Бұл оқиғаны, жиырма алты жылға тақағанда, қағаз бетіне түсіріп көруге бел будым. Әрине, “неге ұзақ уақыт өткесін, неліктен жазды, бұрынырақ неге жазбаған?” деген де іштеріңізде бір сұрақ тұрған шығар… Есейген сайын өткеніңе қарайлай береді екенсің. Сол өмірден ешнәрсені көріп те үлгермей ерте кеткен бес бауырымды, ардақты әжемізді еске алуды жөн санадым. Мүмкін бұны оқығанда ертегідей көрінетін шығар. Ал мен үшін, бұл, трагедия болып жадымда мәңгіге сақталды. Мың тоғыз жүз тоқсаныншы жылдың көктемі – біздің жанұяны көктей үзген еді. Атырау облысы (бұрынғы Гурьев), Индер ауданы, Елтай селосы, Амангелді қой совхозы болатын. Совхоз малшылары қыстайтын Гогольск деген жерден малшылар жайлауға көшкенде, біздің әке-шешеміз қыстағын қарауылдап, қысқа дайындайтын, өздерінің азын-аулақ малдарымен қарауылдап қалатын. Тұрған жерлері үш-төрт шақырым жерде көрші совхоздың қарауылдары да жанұяларымен қалатын. Әке-шешеміз олармен көрші болып араласып тұратын. Тұрған жерлері теңізге өте жақын еді. Ал, мен ауыл орталығында тұратын нағашы ата-әжемнің қолында М.Сиранов (бұрынғы В.И.Ленин) мектебінде оқитынмын. Жазғы демалыста барып кеткенім болмаса, көп уақыт ата-әжемнің қолында болдым. Көктем кезінде су тасудан барлық елді мекен сақтанатыны белгілі, сол сақтықтан біздің жанұя құр қалса керек. Совхоз басшылары да бейқам қалған ғой… Көрші совхоздың жанұялары дер кезінде көшіріліп, аман қалды. Ал, сол – лағнет атқан мамырдың 4-күні болған тасқын су, біздің үйдің бес бірдей баласы мен 80-ге жеткен анасын жұтты. Содан екі күн бұрын әкеміз жағалауды барып қарап келіп, өзінше жобалап – мына су тасығанша бізді де көшіріп әкететін шығар,- деп көңілдерін көншітіп қойған екен. Сол кездегі басшылардың ұқыпсыздығынан ба деп қынжыласың, бір Алланың салғаны деп те өзіңді жұбатасың кейде… Біздің жанұяның хабары бүкіл ауыл, елдің төбе шашын шымырлатып, қабырғаларын қайыстырып, “Ойпырмай” дегізген-ді. Сол кезде мен еш нәрсе түсінбеген, он жастағы ойын баласы едім, бірақ, бәрінен айрылғанымды ішім сезсе де бала қылықпен білдірмегендей боп жүре бердім. Жұрттың маған аянышпен қарағандарын көріп, санамды сансыз ойлар мазалады: неге олай қарайды, неге бәрі мені құшақтап жылайды…. Екі күн бойы нағашы ата-әжемнің үйінің іші-сырты жылаған адамға толды. Бәрі суға кетіпті, енді іздеп жатыр,- деген әңгімені құлағыма әлсін-әлсін шалып қалды. Жүрегім жалғыздықты сезді. Тығылып жылайтынды шығардым. Әлі есімде, үшінші күн дегенде үйге табыт көтерген бір топ адамдар кірді, үйдің іші айқай зарлы жылаулар – денемнен бір мұздай нәрсе өткендей болды. Бірақ, кімді алып кіргендерін білмеген едім. Әйтеуір, босағада отыра кеткенім есімде. Анам тірі болса екен, деп тіледім ішімнен. Табыт көтерген адамдардың қайта шығып бара жатқан соңғы ер кісіден “аға менің мамам тірі ме?” деп сұрадым. Ол кісі де менен бұл сұрақты қояды деп күтпесе керек, – иә, иә тірі, мамаң да папаң да. Олар қалада ауруханада, естерін жиғасын келеді үйге, – деп басымнан сипап шығып кетті. Ата-анамның тірі қалғанын естіп “уһ” деп қайта сол жерге отыра кеттім. Тілсіз жау бес бауырым мен сексенді алқымдаған зағиып әжемізді мәңгілікке акетті. Ауыл жұрты, бар ағайын-тума болып іздеп, бір-бірлеп табылған мүрдені қара жер қойына жерлеп жатты. Бір өкініштісі кенже бауырымыз төрт айлық болатын, ол сол күйі табылмады. Бірақ су өз арнасына қайтқаннан кейін сол жерге бауырымызға арнап ескерткіш белгі қойылды. Кейін есімізді жинап, әкеміздің көзі тірісінде, ара-арасында әңгіме қозғап қалған кезде құлағым шалып қалатын. Сол су тасқыны болатын күні таңда анам кішкентай бауырымды әжетханаға апаруға далаға шыққан кезде, қорадағы малдардың осқырынған дауыстары шығып, есік алдындағы иттің өзі анамның аяғына оралып қыңсылап жатыпты. Анам лезде бәрін оятып, тездетіп үйдің жанындағы биіктеу мал көбірінің үйіндісіне шығып алуға тырысқан. Әттең, бірақ ол ойлары іске аспады. Тасқын судың қаттылығы сонша, бір-бірін тас қып ұстағанына қарамастан жұлып әкете берген. Сол кезде әкемнің анасы “Шырағым, ақ сүтімді кештім, сен бәрімізді аман алып қалуға шамаң келмес, әйеліңді құтқар…” -депті… Қайран ана сол сәтте жанының қиылып мәңгілік мекенге бүлдіршіндей немерелерімен аттанып кететінін сезгендей ұлына қимастықпен айтқаны шығар. Әкем анам екеуі зорға дегенде әлгі биік қабаққа шығыпты. Бәрінен айырылып жігерлері сал болып, әлдері кетіп, есеңгіреп жатқан жерлерінен, Алланың олда сыйы, вахталық кезекші тікұшақ көріп, су ортасында жапырақтай құрғақ жерде жатқан жерлерінен, қона алмаса да жоғарыдан баспалдақпен көтеріп, қалалық ауруханаға жеткізіпті. Әйтеуір, әке -шешем сол су апатынан аман қалды. Бір жылдан кейін Кұрал деген інім өмірге келді. Шаңырағымыз қайта құралсын деп атын әкем өзі Құрал деп қойды. Әкем содан кейін үш жыл өткесін бес баласы мен анасынын артынан кетті. Міне, біздің үйдің трагедиясы осындай. Бұл әкемнің тірі кезінде айтып, құлағымда қалған әңгімесі. Қазір, шүкір, денсаулығы болмаса да анам тірі, бірақ осы болған оқиғаны қанша сұрағым келсе де бата алмадым. Жүрегін ауыртып алам ба деп қорқам… Менің анам “Қайсар ана” деген атқа лайық. Өйткені, ол бар қайғыны жеңіп, ортамызда жүр. Аллаға сансыз шүкірлік айтамыз. Қайта құралған отбасымыз дін-аман. Мұндай қайғыны дұшпанның да басына бермесін деп тілейміз…

 

Жанат ОНГАР

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

АҒЫЛШЫН ТІЛІ 3 СЫНЫПТАН БАСТАП ОҚЫТЫЛУЫ КЕРЕК

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен мұғалімдердің жыл сайынғы дәстүрлі Тамыз кеңесі өтті. Жиында президент ...