Қараөзенде «Айшабибі» бөбекжайы ашылды

1230
Adyrna.kz Telegram

Қараөзен ауылы тұрғындарының жиі көтеріп жүрген мәселесі — ауылға балабақшаның қажеттілігі. Түйткілді мәселенің шешімі табылып, Қараөзен ауылдық округі әкімі аппаратының ғимараты босатылып беріліп, жөндеу жүргізілді.

Бүгін «Айшабибі» бөбекжайы есігін айқара ашты. Бөбекжайдың ашылу салтанатына аудан әкімі Асланбек Сарқұлов, облыстық мәслихат депутаты Самат Хасанов, зиялы қауым өкілдері мен білім саласының ардагерлері қатысты.

Еліміздің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақ. Балаларға сапалы білім беріп, қолайлы орта қалыптастыру мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Мектеп жасына дейінгі балаларды дамыту мәселесі мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі болып отыр. Осы мақсатта мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Солардың бірі мемлекеттік-жекеменшік серіктестік арқылы жеке кәсіпкер Нұрлан Асылбекұлының бастамасымен бүлдіршіндерді тәрбиелеу мен оқытуға арналған 45 орындық «Айшабибі» жеке бөбекжайының ашылуы.

“Бүгін ауданымызда балаларымыздың игілігі үшін тағы бір бөбекжай пайдалануға беріліп отыр. Балаларға сапалы білім, саналы тәрбие беріп, жан-жақты жағдай жасау үшін Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес балабақша мен мектептердің санын көбейту үшін бірқатар жұмыстар жүріп жатыр. Соның ішінде жеке кәсіпкерлердің осындай игі істерге тартылғаны баршамызды қуантады. Ертеңгі жас ұрпақтарымыз аман болсын”, — деген аудан әкімі жеке кәсіпкерге ризашылығын білдірді.

“Ауылда балабақша мәселесінің шешімін табуына себепкер болып, үлесін қосқаны үшін және азаматтық ұстанымы мен адал еңбегі үшін жеке кәсіпкер Нұрлан Асылбекұлына алғысымды білдіремін. Батыстың адуынды ақыны Бауыржан Шимердинұлының «Адамның кіндік қаны тамған жерге, маңдайының тері де таму керек» деген қанатты сөзі бар. Сіз туған жерге ат басын бұрып, Қараөзен ауылында жекеменшік балабақшаның ашылуына себепкер болып, түйткілді мәселенің шешілуіне үлесіңізді қостыңыз”, — деді аудан әкімі.

Бөбекжай бүлдіршіндері 3 топта тәрбиеленеді. Балаларға барлық жағдай жасалып, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бөбекжайға облыстық мәслихат депутаты Самат Хасанов, аудандық мәслихат депутаты Дархан Аябалиев, сонымен қатар кәсіпкерлер мен шаруа қожалық жетекшілері қолдау көрсетті.

Бөбекжайдың ашылу салтанатында бүлдіршіндер ән айтып, жырдан шашу шашты.

Пікірлер