РҮСТЕМ АШЕТАЕВ: Утильалым отандық әскери техникалар шығаруға бағытталуы керек

1024
Adyrna.kz Telegram

Утильалым жайында осы кезге дейін қарсылар мен қолдайтындардың, үкіметтің өз уәждері мен тәуелсіз сарапшылардың ойын оқып келдім. Түсінгенім үкімет ол “салықтың” мақсатын орынды уәждей алмай отырғандарының салдарынан “не өгіз өледі, не арба сынатын” жағдайға қалған секілді.

Отандық қандай өндірісті болса да қолдауды өз басым қолдаймын. Бірақ, ол арнайы мемлекеттік бағдарлама арқылы болса. Алдымен мемлекеттік бюджетке түсіп, одан кейін сол салаларға бөлініп жатса. Ол кезде бұл қаржылардың соңынан қазіргідей қоғам белсенділері емес, антикор мен прокуротура, парламенттің “шотный палатасы” деген секілді мемлекеттік құзырлы органдардың тікелей бақылауында болар еді.

Мемлекеттік бюджеттен тікелей алынған қаржының сұрауы да мемлекеттік деңгейде болады. Ол жерде орынсыз жаратылған қаржыны оңай “списать” ете алмайды. Сондықтан осы “Отандық өндірісті қолдаудың” жүйесінің өзі әу бастан дұрыс құрылмаған. Керісінше халықтан түсетін қаржыны “бір қалтадан екінші қалтаға” тікелей аудару арқылы,  мемлекеттік қадағалаушы органдардың тікелей құзірет шеңберінен “алыстау жерге апарып бөлісу” схемасына көбірек ұқсайды.

Қарап отырсаңыз халықтан түскен қаржы бір қордан екінші бір қорларға аударылу арқылы әртүрлі “қолдауларға” тікелей бөлініп отырады. Сондықтан нақты уәжделген арыз-шағым болған кезде ғана антикор мен прокурор “қозғалуы” мүмкін. Әрине екінші тараптың қарсы уәжін тыңдағаннан соң. Ал халықтан жиналған қаржы алдымен мемлекеттік бюджетке түсіп одан кейін бөлінетін болса, онда жоғарыдағы құзырлы мекемелер міндетті түрде бақылауға алып есебін май шаммен қарауға міндетті болады. Ол жерде ешкімнің артын ешкім жабуға құлықты болмасы анық.

Екі жағдайдың айырмашылығын түсініп отырған боларсыздар.

Екінші мәселе - Біз енді мың жерден отандық автопромды дамытамыз десек те, ол сала бойынша әлемдік брендтермен бәсекеге түсуіміз екі талай. Оның үстіне біздің өндірген көліктеріміздің бағасы бәсекеге қабілетті емес. Тым құрығанда көрші елдерге де өткізе алмаймыз. Яғни тек ішкі нарыққа ғана бағыттай аламыз. Ал ішкі нарықта алушылардың саны шектеулі. Демек ары кетсе алдағы он жылда бұл сала түбі тоқырайды деген сөз. Сондықтан бұл өмір бойы мемлекеттік дотацияда отыратын сала болады. Ал оларды өмір бойы қолдап отырарлықтай бұл сала бізде стратегиялық маңызды сала ма?

Менің ойымша бұл сала бізде ешқандай да стратегиялық маңызды сала емес. Стратегиялық маңызға ие болуы үшін, ол саласыз мемлекеттің өмір сүруі қиын болуы керек. Ал автопромсыз мемлекетіміз өмір сүре алмайды деп кім айта алады?

Сондықтан бұл - Экспо секілді имидждік бағыттағы бір сала деп қабылдауға болады.

Ал экологияға бағыттаймыз дегендері де “қолыңмен ұстап көре алмайтын” ауадағы абстракті ұғым. Сайда ізі қалмайтын.

Мысалы бұл салықтан түскен қаржы алдымен мемлекеттік бюджетке түсіп, одан кейін әскери техникалар мен қару түрлерін шығаратын өндіріске бағытталып жатса мен керісінше қолдар едім. Өйткені әскери техникаларды өзіміз шығару - нағыз стратегиялық салаға жатады. Оған ешкім дау айта алмас еді. Өйткені әрбір азамат өзінің қаржысының нақты өзіміздің әскерге бағытталып жатқанын біліп тұрады.

Сондықтан дәл қазіргі “бітісетін жерді таппай” тұрған екі тарапқа да өзімнің “төрелігімді” айтсам, төмендегідей екі ұсынысты ұсынамын:

1) “Утильалым” мен “первичный” деген салықтар тікелей мемлекеттік бюджетке түсіп, содан кейін салаларға бағытталуы керек.

2) Бұл салықтардан түскен қаржының кемінде 50%-ы отандық әскери техникалар шығаруға бағытталуы керек.

Сонда ғана барлық тарап “бітіседі” деп ойлаймын. Егерде екі тарап та қазіргідей мәселенің тереңіне үңілмей тек “бетін қарпи беретін” болса, онда бұл мәселе әлі ондаған жылдарға шиеленіскен күйі қала бермек.

Рүстем Ашетаев

Пікірлер