СОТҚА ДА СОТ КЕРЕК!

1574

Халықтың билікке, әділдікке, сот жүйесіне деген сенімін арттыруда сот жұмысының ашықтығы, жариялылығы, қолжетімділігі маңызды рөл атқарады. Сондықтан сот органдарының бұқаралық ақпарат құралдарын шақырып, өзінің атқарған қызметінің қорытындысын жариялап, жетістерімен бөлісіп, олқы тұстарын түзету үшін қандай іс-шараларды жүзеге асыратынын ортаға салуы әрдайым жұртшылықты да елең еткізеді. Біз де осы үмітпен Алматы қалалық сотының табалдырығын аттағанбыз. Алайда мұндағы мемлекеттік тілдің қолданылуы алып-ұшқан көңілімізді су сепкен басып тастады. Өйткені 2017 жылғы сот төрелігін жүзеге асырудағы жұмыс қорытындылары бойынша Алматы қаласы соттарының кеңейтілген кеңесі бойынша 2018 жылғы 6 ақпандағы (№10 (3035) «СОТ ҚАШАН ҚАЗАҚША СӨЙЛЕЙДІ?!» деген материалымызда сөз болған жағдай биыл тағы қайталанды. Баспасөз мәслихатын жартыжылдықтың қорытындысына арналған баяндамамен бастаған сот төрағасы Нұрғазы Әбдіқановтың сөзінен бір ауыз қазақша естуге зар боп қалдық. «Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба сонда жүреді» дегендей бастығының салып берген ізінен одан кейін сөз алған Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Бақытжан Қараманов пен Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Бақыт Қасейінов де жаңылмады. Тек конференцияның сұрақ-жауап алмасу бөлімінде ғана «Заң газеті» тілшісінің мемлекеттік тілде қойлыған сұрағынан Б.Қасейінов пен Н.Әбдіқанов мырзаны еріксіз қазақша сөйлеткендей болдық. Оның өзі басы қазақша басталып, аяғы қайта орысшаға ұласты. Сонымен басымыз әңкі-тәңкі болып біз қайттық, бір міндеттен құтылдық деп қуанып олар қалды. Әрине мұндай «есеп берулерден» кейін мемлекеттік тілде толыққанды ақпарат ала алмаған бұқаралық ақпарат құралдары еріксіз халық пен билік органы арасында дәнекер ғана емес аудармашы қызметін қоса атқаруына тұра келеді.

Мемлекеттік тілдің үстемдігін сот мойындай ма?

1995 жылы 30 тамызда республикалық референдум арқылы қабылданған «Қазақстан Республикасы Конституциясының» 7-бабының 1 тьармағында: «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп жазылған. Ал 1997 жылы 11 шілдедегі «Қазақстантан Республикасындағы тіл туралы» заңның 4-бабында: « Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi – қазақ тiлi. Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы. Үкiмет, өзге де мемлекеттiк, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар: Қазақстан Республикасында мемлекеттiк тiлдi барынша дамытуға, оның халықаралық беделiн нығайтуға; Қазақстан Республикасының барша азаматтарының мемлекеттiк тiлдi еркiн және тегiн меңгеруiне қажеттi барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларды жасауға мiндеттi» екені жазылған. Алайда біздіғң мәртебелі соттарымыз Констиуцияның 4-бабьының 2-тармағындағы: «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады». Сондай-ақ «Қазақстантан Республикасындағы тіл туралы» заңның «Орыс тiлiн қолдану» туралы 5-баптағы «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады» дегенге арқа сүйегісі келеді. Осы арада 2011 жылғы 29 масумыдағы ҚР Президентіенің №110 Жарлығымен қабылданып, 2019 жылдың 19 сәуіріндегі №29 Жарлығымен күшін жойған «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға апрналған мемлекеттік бағдарламасы» еріксіз еске түсері анық. Онда: мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесін (2017 жылға қарай – 80 , 2020 жылға қарай – 90 %); мемлекеттік тілді В1 деңгейінде меңгерген мектеп түлектерінің үлесін (2017 жылға қарай – 70%, 2020 жылға қарай – 100%); мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақ тіліндегі контенттің үлесін (2014 жылға қарай – 53 , 2017 жылға қарай – 62 , 2020 жылға қарай – 72 ); қазақ тілінің реттелген терминологиялық қорының үлесін (2014 жылға қарай - 20%, 2017 жылға қарай - 60%, 2020 жылға қарай – 100%); этномәдени бірлестіктер жанындағы қазақ және ана тілдерін оқытатын курстармен қамтылған этностардың үлесін (2014 жылға қарай – 60%, 2017 жылға қарай – 70%, 2020 жылға қарай – 80 ) ұлғайту қарастырылған болатын. Ал ҚР Мәдениет және спорт министрі 2017 жылы мемлекеттік тілді меңгерген ел тұрғындарының үлесі 83,1 пайызға жеткенін мәлімдеген болатын. Яғни қоғамдық қатынастардың барлық саласында Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдiң қолдану аясын кеңейтуге барлық мүмкіндік бар. Яғни Алматы қалалық сотының бұл үрдістен тыс қалуы бәркелді дейтіндей құптарлық нәрсе емес. Қайта мәдениет пе білімнің үлкен орталығы ретінде атына сын болуы тиіс. Тек оны түсініп, нәтиже шығарар жан болса.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, журналист

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket