Home » Спорт » Ресейлік маман кім чемпион болатынын болжады

Ресейлік маман кім чемпион болатынын болжады

Еркін күрестен Қазақстан ұлттық құрамасы өз елінде өтетін әлем чемпионатына дайындық аясында Польша астанасы Варшаваға аттанды.

Танымал балуан қазақ спортшылары ішінен кімнің тосынсый жасауы мүмкін екенін айтты.

Еркін күрестен Қазақстан ұлттық құрамасы Варшавадағы “Вацлав Циолковский мемориалы-2019” турниріне қатысады.
Осыған дейін бапкерлер штабы дәл осы жарыстан кейін толық құрам анықталады деп айтқан болатын.
Ресей құрамасы сапында аса ауыр салмақта белдескен танымал еркін күрес шебері Эдуард Базров, әлем чемпионатында қай қазақ атой салуы мүмкін екенін топшылады. Ол әр жылдары Ресей чемпионы атанып, ірі xалықаралық турнилердің жеңімпазы мен жүлдегерлер қатарынан көрініп, боз кілемде Билял Маxовтың басты қарсыласы болды. Қазір Эдуард Қазақстан Федерациясының шақыруымен Грек-рим, еркін және әйелдер күресі Академиясында жастар және жасөспірімдердің физикалық дайындығына жауап береді.
– Біз үнемі Академияда өмір сүргеннен кейін, жиын кезінде құрамамен бірге жаттығамыз. Жігіттер көз алмдымызда жүр. Кімнің қаншалықты деңгейде дайын екенін көре аламыз. Польшадағы турнир әлем чемпионатына деген дайындықтың шешуші кезеңі деп айтуға болады. Мықтылармен күресіп қалудың соңғы мүмкіндігі болып тұр. Әлем біріншілігіне дейін аз ғана уақыт қалды. Жалпы, бапкерлер штабы да үлкен додаға қатысатын команданың жоспары да бар шығар. Кейбір салмақ дәрежелерінде атой салмасақ та, кейбірінде медаль үшін күресе аламыз. Мысалы, Азия чемпионы, былтырғы әлем чемпионатының финалисті – Нұрислам Санаев. Данияр Қайсанов (74 келі) тамаша маусым өткізді. Азия чемпионы атанып, Сассаридегі турнир финалында атағынан ат үркетін Франк Чамизоға сәл есе жіберіп алды. 65, 86, 92 және 125 келіде нақты шешім қабылданбады. Осы салмақтағы балуандарды Польшадағы турнирден кейін білеміз. Жарыста кімнің бағы жанады, сол құраманың намысын қорғамақ.

– Эдуард, кезінде сіз аса ауыр салмақ дәрежесі 125 келіге дейін белдестіңіз. Осы салмақта Олег Болтин және Юсуп Батырмурзаев секілді екі үміткеріміз бар. Сіздің ойыңызша, кімнің мүмкіндігі көбірек?
– Батырмурзаев үшін биылғы маусым сәтті болды деп айтуға болады. 23 жасқа дейінгілердің арасында Азия чемпионы атанды. Ол жерде ересектерше күрес көрсетті. Олег Болтин ауыр салмақтағы Қазақстанның бетке ұстар балуандарының бірі. Екеуі де тәртіпке бағынатын, тамаша спортшылар. Екеуінің де Польшаға аттанғаны өте дұрыс шешім. Турнир қорытындысы бойынша үздігі анықталады. Ең мықтысы жеңіске жетсін.
– Әр әлем чемпионаты жаңа есімдердің тууына мүмкіндік береді. Қазақстандық қай балуан баршаның назарын өзіне аударып, таңғалдыра алады деп ойлайсыз?
– Біз көшбасшылар туралы айттық. Енді тосыннан жарқ етуі мүмкін спортшыларға келсек, 70 келіде Нұрқожа Қайпановтың айы оңынан тууы мүмкін. Балуан енді ғана 20-дан асты. Осы жылы ол Қазақстан чемпионатын жеңіп алып, ел тариxында ең жас Азия чемпионы ретінде қалды. Оның күрес стилінде қазақ күрес мектебі анық көрінеді. Әр мектептің өз көшбасшысы бар, мысалы, америкалық күресте – Кайл Снайдер, ресейлікте – Садуллаев, ирандықта – Яздани Черати. Қайпанов та айды аспаннан бір-ақ шығарып, болашақта қазақ күрес мектебінің алғадайы атануы ғажап емес. Қазір ол және басқа спортшылар да мықты бапкерлер штабымен, ірі жарыстарға дұрыс дайындықпен баруға тактика құра алатын Маирбек Юсуповпен жұмыс істеу мүмкіндігі бар.

Естеріңізге сала кетейік, Нұр-Сұлтан қаласындағы грек-рим, еркін және әйелдер күресінен әлем чемпионаты қыркүйектің 14-22 аралығында өтеді.

 

“Адырна” ұлттық порталы

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

“Қайраттың” экс-футболшысын өлтіріп кетті

“Қайрат” футзал клубының бұрынғы ойыншысы Дуглас Нуньес да Силваға белгісіз біреулер түнгі клубтан шығып бара ...