Home » Айдарлар » Әдебиет » Бейбіт Сарыбайдың таңдамалы жазбалары

Бейбіт Сарыбайдың таңдамалы жазбалары

Сал-сері

Уәлибек: Қарсы алыңыздар! Алдарыңызда көненің көзі, бүгінгінің өзі,..
Сал-сері: Ей, тоқта! Сен не мені ел танымайды деп тұрсаң ба?!
Уәлибек: Ойбай, көке-ау, өзіңіз емес пе едіңіз, күні кеше ғана атақ-абыройымның бәрін айт деп сабаған.
Сал-сері: Ол кезде мені ешкім танымайтын. Ал, қазір бәрі біледі. Сондықтан алты атанға жүк боларлық абырой-беделімді айтып, жарты күніңді алма. Өзімнің де уақытым аз.
А, жарайды. Көрінбей кеттіңіз ғой.
Сал-сері: Не мен саған көрініп тұруға міндетті ме едім?
Ойпырмай, көке-ау, не жаңалық деген түрім ғой. Қайдан жүрсіз, не шаруа деген әңгіме ғой менікі.
Сал-сері: Шаруа былай, осы елдің абыз ақсақалдардың бірі болғаннан кейін көрген-білгенімді халқыммен бөлісейін деп келдім. Көргенімді айтып, білгеніммен бөліспесем Әбілмәжнүн Ғибадати Ғажайыби Хақайық деген атым қайда?
Уәлибек: А, жөн екен көке. Сонымен не көрдіңіз?
Сал-сері: Сен одан да не көрмедің де. Бәрін көрдім. Бәрін айтып езіп тұрар уақыт жоқ. Мен саған Экспо туралы айтып берейін.
Уәлибек: Сонда сіз Экспоға бардыңыз ба?
Сал-сері: Бармаған да ше. Ахметжан Есімов бар, тағы бірді-екілі минситр бар, бәріміз бірге жүрдік қой. Ойпырмай Экспоны салуындай-ақ салған екен. Бай-бай-бай… Ұланасыр көрме болды. Алпыс мың қарүй, ой қарүй деппін ғой, алпыс мың павилион салды. Үш миллиярд адам жүр.
Уәлибек: Не дейді құдай-ау. Жер бетінде бар-жоғы жеті жарым миллиярд қана адам бар ғой.
Сал-сері: А-а-а?! Білмеймін әйтеуір сол уақытта жер шарында пустой материктер көп болды ғой. Соның бәрі Астанада жүрмегенде қайда жүрді. Айтып отырмын ғой, түрі жаман көрме болды.
Уәлибек: Ойпырмай, көке-ау, бос павилиондар көп болды десеңіз сенер едік, бос материктердің көп болғанын сіз қайдан білдіңіз?
Сал-сері: Енді ол Ахаңның айтысы.
Уәлибек: Ахаңыңыз кім тағы?
Сал-сері: Ахметжан Есімовты айтамын.
Уәлибек: А-а-а, сөйтіп бірден айтсаңызшы. Ахаңның әңгімесі дегеніңіз қазір апамның әңгімесі деген сияқты болып қалды ғой… Сену міндетті емес. Өзіңіз өнер көрсеткен шығарсыз.
Сал-сері: Көрсетпегенде.
Уәлибек: Қай өнеріңізді көрсеттіңіз?
Сал-сері: Қай өнері несі?
Уәлибек: Баяғыда өзіңізді ақын, жыршы, жырау, палуан, шабандоз, көкпаршы деп таныстырып едім. Содан ғой, қай өнерін көрсетті екен деп сұрап жатқаным.
Сал-сері: Ана этноауыл тұтасымен менікі болды ғой. Бар жиғанымды сәні мен салтанатын келістіріп жасап тастадым ғой. Бірақ өзім сол ақын болғаннан кейін экспоның жабылу салтанатында арнау айттым.
Уәлибек: Енді бізге сол арнауыңызды айтып берсеңізші.
Сал-сері: ә, ақыннан сөз артылған ба. Шықтым да айттым.
Әу, халау-лилау-лилау
Халау-халау-лилау.
Игог-гигок-гигок,
Игог-гигок-гигок,
Уаридай, даридай,
Ших-шаһ-пах,-дедім. Шетелдіктердің бәрі қол соқты.
Уәлибек: Көке-ау, әлі сөз қоспай айтып жүрсіз бе. Ештеңе түсінбесе шетелдіктер нәғіп қол соқты деймін да.
Сал-сері: Мәселе сонда. Біздің сен сияқты түк түсінбейтіндер не айтқанымды ұқпады. Шет елдіктер ақиқатты айтты деп шулады.
Уәлибек: Сонда ана сөздеріңізден не ақиқат көріп жүр олар?
Сал-сері: Тыңда. Халау-лилау-лилау дегенім – білім минім алжып, балам содан милау деген сөз. Игог-гигок-гигок дегенім – төмен жақта ми көп, жоғар жақта ми жоқ дегенім. Аридай-даридай дегенім – барын міне шаштым, осы маған не керек, миым болса тарыдай дегенім. Ал, енді ших-шах-пах дегенім эксподан кейінгі жағдайды суреттегенім…
Уәлибек: Ойпырмай, қатты айтқан екенсіз ғой.
Сал-сері: Әрине, өстіп жұмбақтап айтпасаң, айтқызушы ма еді олар?
Уәлибек: Айтпақшы, ана найзадай кірпіктері жерге қарап қалатын қыздар кезікпеді ме?
Сал-сері: Ой, олар алғашқы күннен бастап-ақ кезікті. Барған күні бір кәріс қыз қиылып қарады. Бір ойым гастиницаға алып кетсем ба деп қояды…
Уәлибек: Содан?
Сал-сері: Содан кейінгі әңгіме ел алдында айтатын әңгіме емес… Ұланасыр… Таңға жуық ояндым да ей пойызыңнан қалып кетесің дедім.

 

Бір ақын жігітке бұрынғы жүрген қызының (типа музасының) жазған хаты 

Эдик, сәлем. Қалайсың? Өлеңдеріңді оқып жүрмін. «Ғажап әдебиет» газетінің соңғы санына шыққан топтамаңды оқығаннан кейін, өзіңе хат жазайын деп шештім. Ана бір өлеңіңде «сен де мені ойлайсың ба?» деп жазыпсың. Қалай мен сені ойлаймын? И так проблема көп. Садиктің ақшасы, квартплата, кредит дегендер сен түгілі туған әкем мен шешемді ойлатпайды. Сен құсап сәтсіз махаббатқа ішім ашып жүрсе арман жоқ екен-ау, ломбардта күйіп кеткен алтындарымды ойласам, жылағым келеді. И ваще проблема жоқ болса да мен сені не үшін ойлауым керек? Жәрайды, ойладым дейін, содан саған удовно бола ма? Не сөз ол?.
Содан кейін әртүрлі гүлдерге теңегеніңді қойшы. Оқып отырып қараптан-қарап қысылам. Жалпы мені аңға, құсқа теңегеніңді қойшы а, Құдай үшін. Құралайым, көгершінім деген теңеулерің маған түк те келмейді. Мен баяғы әбшяганың артындағы қызыл қайыңның түбінде сызылып тұратын талдырмаш қыз емеспін. Мен екі бала туған әйелмін. И саған айтайын, екінші баладан кейін қарным тартылмай қалды. Айтпайын десем де айтқызасың, жалпы дене-бітімім бұрынғыдай емес. Көрсең лирикаңды жыйып қойып, сатира жазып кетер едің. Жәрайды оны да қойшы, бұрынғы кезімді елестетіп жазып жүрген шығарсың. Ал ана «жат құшақта жатырсың ба» дегенің не сөз? Айналайын-ау, ол менің некелі жарым. Қалай ол жат құшақ болады? Сонда менің құшағым – сенің құшағың ба не? Сенің құшағыңда жатсам өз құшағымда жатқан боламын ба? Қой, айналайын. Және «өзге ошақтың отын жақтың» дегеніңді де түсінбедім. Бұл менің өз ошағым, өзімнің отаным. Бұрын сенің ошағыңның отын жақсам бір жөн екен-ау. Газыңа шәй да қойып көрген жоқпын ғой.
Тағы да қайталап айтамын, «мәңгілік махаббатым өзің ғана» дегеніңді де қой. Жалпы мәңгілік махаббат деген сөзді айтпаңдаршы. Осы ақын, жазушы дегендер өтірік айтқандарыңды қойсаңдаршы. Жас балдар шын екен деп қалады ғой. Содан кейін «бір ғана махаббат» дегенді де айтушы болмаңдар. Сендердің кесірлеріңнен бірінші махаббатына қолы жетпегендердің барлығы да өздерін бақытсыз санап, сорлап жүреді. Көптеген жастардың үйленбей жүруіне сендер – ақын, жазушылар кінәлісіңдер. Егер бір ғана махаббат болатын болса, сен қайдан шықтың, мен қайдан тудым? Әлде мына жұрттың барлығы кластастарына үйленді деймісің? Жоқ, айналайын, барлығы да екінші, үшінші махаббаттарына үйленіп, ұрпақ өрбітіп отыр. Тіпті төртінші махаббатына үйленіп, күліп-ойнап жүргендер көп. Бесінші махаббатынан бес бала сүйіп, алтыншы махаббатымен алтын тойға жеткендер бар. Сендер осыны неге насихаттамайсыңдар? Баяғыда мамам кітап оқы, кітап оқы деп қақсаушы еді. Оқымағаным қандай жақсы болған. Оқысам Оспанова Айгүл құсап жүрер едім қиялданып, қашан бойында бір міні жоқ жігіт келіп, өле сүйіп, ертегідей ғұмыр кешер екенбіз деп.
Бұның бәрі әшейін ойласу ғой. Енді тікелей өзіме қатыстыларын айтайын. «Сен де мені сүйген едің» дегенді қайдан шығардың? Мен саған қашан сүйемін деп едім?. Рас, ұнаттым, жақсы көрдім. Әсіресе көзіңді сығырайтып күнге қарап тұрушы едің ғой. Сол сәтің ұнайтын. Бірақ, енді соған бола үйлене салмаймын ғой. Екеуміз қосылып алып, сен күнге қарап сығырайып, мен айға қарап аларып отырсақ, тіршілікті кім істейді? Иә, саған сол кездер үшін ешқандай өкпем жоқ. Шық дедің шықтым, кір дедің кірдім. Театрға бардық, киноаға бардық. Бәрі-бәрі ұнайтын. Бірақ өмір бойы Есентайдың жағасында жүре бермейтін шығармыз. Өмір бойы студент болып жүре беретін болсақ, мен де жүре берер едім. Ең құрымаса магистратураға да түсе алмадық. Тағы да екі жыл жүре тұрар едік. Жатақханадан айдап шыққаннан кейін қайда баруым керек?. Ауыл деген аноооу Атырауда. Бір барсаң қайта келу деген әңгіме жоқ. Ал, менің Алматыда қалғым келді. Сенің ала қоятын түрің көрінбеді. Сол кездерде Алмас жолықты. Алматыда үйі бар екен, астына машинасы бар екен… Солай…
Сен де енді ақын болып жүре бермей біруақ адам бол. Қазақ поэзиясының саған өкпесі жоқ шығар, өлеңді қоя тұр да өміріңді ойла. Жан-жағыңа қарашы, қаншама қыздар жүр. Шеттерінен әдемі, сүйкімді, ақылды, білімді. Солардың ішінен маған ұқсайтын біреуін тауып ал да, үйлен. Бөпелерің болады. Содан кейін бала туралы, отбасы туралы, сүйген жар туралы, отан туралы жаз. Тақырып аяң да кеңитін еді. Мен түгілі өлеңді де ойлауға шамаң келмейтін кездер болар еді, үйленсең. Ал сенің жүрісің мынау. «О, менің жүрегім, жүрегім…» дейсің де жүресің. Сенің жүрегің ауырмағанда, менің жүрегім ауыра ма?
Жүрегің ештеңе емес, арақты қоймасаң бауырың ауырады, сыраны қоймасаң бүйрегің ауырады, темекіні қоймасаң өкпең шіриді. Содан кейін… Жаман айтпай жақсы жоқ. Қой, айналайын. Бәрін де қой.
Саған баяғыда айттым, домбыра үйреніп алсаңшы деп. Бүйтіп өлең жазып жүре бергенше, жұрттар құсап айтысқа қатыс дедім. Айтысқа қатыссаң ғой жағдайыңды түзеп алар едің. Орын алмаған айтыскерлер де 100 мың теңгеден, 200 мың теңгеден алып қайтады екен. Орын алсаң тіпті жақсы. Машина ұтып алсаң тіпті керемет емес пе? Жұрттың балаларынан сенің бір жерің кем бе? Олар мінген машинаны сен мінсең, дөңгелегі түсіп қалар деймісің. Білем, осы жолдарды оқып отырып, баяғы қырсық мінезіңе салып, көше онсызда пропка деп отырған шығарсың. Айтыскер болмасаң да бет ашып жүрер едің ғой. Тойларға барған сайын, беташарға мың теңге, екі мың теңге салған сайын, сен есіме түсесің. Құдай-ау, ойламаймын деп отырып, есіме түсесің дегенім не тағы? Иә, кей-кейде есіме түсесің. Айтыскерлердің сенен бір жері артық деймісің. Сенің айтқан өлеңіңді айтады да соң жағын әрәйдім, дәрәйдім, дәрәйдім, дәй дей салады болды. Жәрайды қойшы, саған ақыл айтамын деп қолым да талып кетті. Бұның барлығы өзіңнің проблемаң. Менің ештеңем кетпейді.
Сөздің соңында айтарым, қолыңнан келеді ғой, бірді-екілі хит болатын әндерге сөз жазшы. Абысындармен отыра қалып әңгіме айтқанда, мақтана қояйын деп, маған баяғыда ақын жігіт ғашық болған десем, «қойшы, қай әндердің сөзін жазған?»- деп сұрайды.
Ал, сау бол, саған жыным келіп отырғанын да жаным ашып отырғанын да білмеймін. Айтпақшы, «сағынып сен де мені жүр ме екенсің?» дегеніңе айтарым. Сағынбаймын. Бірақ, кейде сенің тістеп сүйетінің есіме түсіп кете береді. Ернім ісіп кетуші еді ғой, жындыбас.
P.S. Хатты оқыған ақын жігіт жауап жазбаққа ниетті көрінеді…

 

Па, шіркін романтика 

Таңда тұрсам қар жауыпты. Тап-таза екен. Әппақ екен. Биылғы жылдың берекесімен жауған бірінші қары. Таңғы сағат 6:15те жаңбыр болып басталып, 6:35-те қарға айналған қар ғой. “Қар қылауымен, бала сылауымен өседі” деген мақал есіме түсті. Қалбалақтап қонып жатқан қар түйіршектерін алақаныма қондырып тұрып қатты әсерлендім. Баяғы бала күнгі ақындық қасиетім оянып кеткендей болды. Жыр жазбағалы біраз уақыт өтіп кетсе де қатты әсерленгендікі шығар, өлең жазғым келді. Сұмдық күшті өлең жазғым келді. Үйге жүгіріп кіріп қағаз бен қаламды ала салып отыра қалдым. Бірінші жолды Ерлан Жүніс құсап қиналмай бірден жазып тастадым. “Қар жауады жапалақтап” дедім. Сосын біраз ойланып отырып қалдым. так бұл жаттанды жолдар. Ән сөзінде де тура осылай айтылады. Қашанғы жапалақтап жауады, биыл қалбалақтап жаусын дедім. Бірінші жол осылай өзгеріске түсті. “Қар жауады қалбалақтап” дедім. Бірінші жол оңай жазылғанымен екінші жол біраз қинады. Ұйқас таппай ары отырдым бері отырдым. Шығатын түрі байқалмады. Сосын жыным кеп кетті де “ей қойшы құрсын, былтыр да жауып еді ғой” деп жаздым да орнымнан тұрып кеттім…

 

***

Баяғыда темекі тартып ұсталып қалғанымызда ағаларымыз дұрыстап ұрыспаған, негізі. -Біләт нақу, өстіп жүріп бір күні қораны өртейсің,-деп, бастан бір ұрып жібере салған. Содан біз темекінің жалғыз зияны сол, қораның өртеніп кетуіне себеп болады деп ойлағанбыз. Содан не керек, қораны өртеп алмасақ болды деп, аса сақтықпен будақтата бердік. Қорадан алыс кетіп, поля жаққа барып тарттық. Тарап кеткен колxоздың гаражы жаққа барып шектік. Жабылып қалған клубтың артына барып будақтаттық. Бұзау іздей шыққанда сазда жүріп түтіндеттік. Қора өртенбесе болды, шөп өртенбесе болды дедік. Өртенетін шөбі жоқ, қорасы қалаға келгенде сәпсім ашық кеттік… Енді не болды, ал? Жаман болды. Сол кезде ағаларымыз: Біләт нақу өстіп жүріп қораны өртейсің деп қоя салмай, осыншама бейшара қылатынын түсіндіргенде, тереңдемей тұрғанда қоя салар ма едік, кім білсін. Енді міне, жетпістегі әкемнің жарты жасына келместен, жазды күні шілдеде тоқсандағы шал құсап күрк-күрк жөтеліп жүрміз…

 

Кет-ей, гугл 

Өмірден керегіңді өзің іздеп таппасаң, гуглдан үміт жоқ екен.
Мен басқа нәрсе сұрасам, басқа нәрсе айтып қуып отыр. Мен одан шын байлық сұрадым. Ел қатарлы өмір сүрейін деп. Ол маған философия айтып, ақпарат беріп қарап тұр.
– Окей, гугл, бақыт керек бір керім.
– «Бақыт деген бірде шаттық, бірде мұң».
– Окей, гугл, бітпес байлық іздеп ем.
– Төле бабаң «еритұғын мұз» деген.
– Окей, гугл, достық деген немене?
– «Достық плаза». Тездеп жеткің келе ме?
– Окей, гугл, мен адалмын Отанға.
– “Нұр Отанға” мүше болсын ботаң да.
– Окей, гугл, қандай біздің болашақ?
– «Болашақ» ол білімдіге жол ашад.
– Окей, гугл, тойдыра ма қанағат?
– Вы хотели мм написать «Қағанат».
– Окей, гугл, …қайтарамын тамызда.
– Қазір ақша табу қиын қарызға.
– Кет-ей, гугл, беретұғын түгің жоқ.
– Ей, менің де ерігетін жыным жоқ.

 

Бейбіт САРЫБАЙ

“Адырна” ұлттық порталы

 

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

Ерболат БАЯТҰЛЫ: ТАСТАҒЫ ЖАЗУ!

Уа, Тәңірім! Төбемізде Көк Аспан, табанымызда Қара Жер, Сенің сөнбейтін нұрыңнан жаралғанбыз, Алтайдан төрткүл дүниеге ...