Нұрлан АМАНҚОСОВ: Басты мақсат - Токио Олимпиадасына лицензия алу

234

Қазақстанның астанасында өтетін әлем чемпионатына күрестен әйелдер құрамасы дайындығын пысықтап жатыр. Команданың жоспары мен дайындық барысы белгілі болды. Бұл жайлы бас бапкер Нұрлан Аманқосов айтып берді.
- Біз қазір Нұр-Сұлтан қаласында оқу-жаттығу жиынындамыз. Өздеріңіз білетіндей, былтыр елордада әйелдер күресі Академиясы ашылған болатын. Ай соңына дейін осы жерде жаттығамыз. Содан кейін Польшада өтетін "Вацлав Циалковский мемориалына" жол тартамыз. Варшавадан оралғаннан кейін бізді екі жиын күтіп тұр. Оның алғашқысын 10-25 тамыз аралығында Сочиде Ресей құрамасымен бірге өткіземіз. Ал екінші жиында еркін күрес Академиясында жаттығып, әлем чемпионатына тыңғылықты дайындаламыз.
- Қазір толық құрамды айта аласыз ба? Әлем чемпионатына қойылған мақсат қандай?
- Құрам 80% анықталды деуге болады. Әрине, бірнеше салмақ дәрежесінде ел намысын қорғайтын балуандарды әлі таңдай алмадық. Польшадағы турнирден кейін, тамыздың басында әлем біріншілігіне баратын спортшылардың есімі анықталады деп ойлаймын. Мақсатқа келер болсақ, әлем чемпионатына қатысы бар ресми қызметкерлердің, бапкерлер штабына, қыздарға артылған жауапкершіліктің қандай екенін білесіздер. Физикалық, функционалдық дайындықтан бөлек, өз отанымыздағы айтулы додада жақсы күресу үшін псиxологиялық әзір болуымыз қажет. Уақыттан озып, ештеңе айта алмаймын. Бірақ, медаль үшін күресетініміз анық. Ең басты мақсат - Токио Олимпиадасына лицензия алу. Осы жылдың ең басты жарыстарына дайындалу үшін барлық жағынан қолдау білдірген Қазақстан грек-рим, еркін және әйелдер күресі Федерациясына алғысымды білдіремін.
Айта кету керек, еркін күрестен Қазақстан ұлттық құрамасы да белсенді жаттығу үстінде. Еске сала кетейік, Нұр-Сұлтан қаласындағы грек-рим, еркін және әйелдер күресінен әлем чемпионаты 14-22 қыркүйек аралығында өтеді.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер