СӘКЕН СЫБАНБАЙ: Черчесов кешірім сұрасын!

1799
Adyrna.kz Telegram
Фото: adyrna.kz
Фото: adyrna.kz

Қазақстан футбол құрамасына бас бапкер боп тағайындалғаннан кейін ресейлік БАҚ-қа берген бірінші сұхбатында Станислав Черчесов «неге бұл команданы таңдадыңыз?» деген сұраққа:

– Бөтен тілдік ортада жұмыс істегім келмеді. Кейінгі екі жылда Венгрияда жұмыс істедім, онда футболшылармен негізінен ағылшынша, немісше тілдесуге тура келді. Енді Ресейде, өз тілдік ортамда жұмыс істесем деп келген едім. Ал Қазақстан – орыстілді ел ғой, бәріміз КСРО-дан шықтық, бұл тұрғыда [Ресей мен Қазақстанның] еш айырмасы жоқ, – деп жауап берген еді.

С.Черчесов Астанада алғашқы баспасөз мәслихатын өткізіпті. Жиын барысында журналист Нұрсұлтан Құрманның қайта-қайта қазақша сұрақ қойғаны ресейлік маманға ұнамай қалыпты. Оның бастапқыда қазақша қойған сұрағын ҚФФ президенті Әділет Барменқұлов орысшаға аударып берген. Ал журналист екінші рет қазақша сауал тастағанда Станислав Черчесов жатып кеп ренжіпті.

– Неге сұрақты орысша қоймайсыз? Мен қазір сізге өз ана тілім – осетин тілінде жауап берсем не болады? Оны ешкім түсінбейді ғой. Бірінші қазақша сауалыңызды федерация президенті аударып берді, енді ол кісіні қайта-қайта әурелеймін бе? Өтініш жасау бірінші рет тегін болады, ал кейіннен ондай жүрмейді, – депті ресейлік бапкер.

Бұл не масқара?

Сонда ол Қазақстан деген тәуелсіз елдің мемлекеттік тілін Ресейдің түкпіргі бір өлкесіндегі осетин тілімен салыстырып тұр ма? Мұнысы – нағыз басыну емес пе?

Бапкер таппағандай осындай шовинист маманға жылына 1 миллион доллардан астам жалақы кесіп, келісімшарт жасасқан Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) өздерінің нағыз орысқұл екенін дәлелдеп отыр. Жарайды, Черчесов Қазақстанды Ресейдің бір губерниясы деп ойлаған екен, ал бұл елдің Ресей емес, Қазақстан екенін, журналистердің қазақ тілінде де сұрақ қоюы мүмкін екенін, оған құқығы бар екенін ҚФФ президенті Ә.Барменқұлов неге ескермеген, неге ескертпеген? Неге аудармашы ертпеген? Әлде ол да «Қазақстан – орыстілді ел ғой» деп есептей ме?

Кеше ғана біз секілді «КСРО-дан шыққан» Грузия елінің футбол құрамасы Еуропа чемпионатының финалдық турнирінде азуы алты қарыс Португалияны ұтып, 1/8 финалға жолдама алды. Керемет табыс! Осы табысқа грузин футболшылары тек жасыл алаңдағы шеберлігі арқылы ғана жетіп отыр ма? Жоқ. Сол шеберлікке қоса ұлттық рухтың, ұлттық намыстың, отаншылдықтың (патриотизмнің) алапат күші арқылы жетіп отыр. Грузияны жаттықтыратын француз маманы Вилли Саньольдің айлығы Черчесовтан 6 есе (!) аз! Жарайды, ол да грузин тілін біле қоймас. Грузин футболшыларының көптен шетелде ойнайтындары болмаса, француз-ағылшын тілдеріне бәрі бірдей жетік емес шығар. Бірақ онда аудармашы бар ғой! Жүз пайыз грузин жігіттерінен құралған шын мәніндегі ұлттық құрамада бәрі де грузинше сөйлейді, жасыл алаңда грузинше айқайласады, ерегесіп қалса грузинше боқтасады!

Ал бізде қалай? Бірнеше қазақ футболшысы ойнап жүргенімен, Қазақстан ұлттық құрамасындағы негізгі тілдің орыс тілі екені бәрімізге де аян. Черчесовке осындай орыстілді орта қажет болып тұр. Жарайды, Самородов, Марочкин, Вороговскийлер басым ортада дәл қазір қазақ тілінің үстем болуын талап ету қиын да шығар. Бірақ тым болмаса БАҚ өкілдерімен кездесуге, баспасөз мәслихатына аудармашы шақыруға болады ғой! Неге қазақ журналистері тек Черчесовке түсінікті тілде ғана сұрақ қоюы керек? Қазақ журналистерінің әрқайсысының артында қазақ тілінде ақпарат, мәлімет, бейнекөрініс күтіп мыңдаған қазақтілді көрермен, тыңдарман, оқырман тұр емес пе?! Қала берді, қазақ дейтін халық тұр емес пе?! Неге олардың құқығы тапталуға тиіс?

Сәкен Сыбанбай

 

 

 

Пікірлер