Ерлан Қарин "Болашақ" стипендиясына қатысты бірқатар тапсырма берді

1209
Adyrna.kz Telegram

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның отырысын өткізді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Комиссияның шешімімен 184 отандасымызға «Болашақ» стипендиясы тағайындалды. Олар магистратура және докторантура бағыттары бойынша әлемнің үздік университеттерінде білім алады. Сонымен қатар отырыста отандық ғалымдардың жетекші шетелдік ғылыми орталықтарда ғылыми тағылымдамадан өту мәселесі қаралды.

Мемлекеттік кеңесші Президенттің аталған бастамасы Қазақстан ғылымының дамуын ынталандыруға бағытталғанын атап өтті. Ерлан Қарин ғылыми тағылымдамаға арналған гранттарды бөлу кезінде отандық ғылымның басым бағыттары бойынша тепе-теңдікті міндетті түрде сақтау қажет екеніне назар аударды. Бұл әлеуметтік-гуманитарлық, сондай-ақ инженерлік-техникалық мамандықтарға да қатысты. Мемлекеттік кеңесші отырыс қорытындысы бойынша «Болашақ» халықаралық стипендиясына және ғылыми тағылымдамалар бағдарламасына конкурстық негізде іріктеу процесін одан әрі жүзеге асыруға әрі жетілдіруге қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.

“Бүгін шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысын өткіздік. Жалпы биыл 184 отандасымыз «Болашақ» халықаралық стипендиясына ие болды.
Комиссия отырысында отандық ғалымдардың әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өту мәселесі қаралды. Бұл ретте ғылыми тағылымдама бойынша гранттарды бөлу кезінде отандық ғылымның басым бағыттары бойынша тепе-теңдікті міндетті түрде сақтау керек. Бұл әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы, сондай-ақ инженерлік-техникалық бағыттағы мамандықтарға да қатысты. Әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алып, жетекші ғылыми, өндірістік орталықтарда тиісті тағылымдамадан өтетін қазақстандықтар келешекте еліміздің дамуы мен өркендеуіне қызмет етеді деп сенемін” деп жазды Ерлан Қарин желіде.

Пікірлер