АРМАН ӘУБӘКІР: “Біздің қоғам Мағжанды дұрыс танымай отыр…”

1749
Adyrna.kz Telegram

Мағжанды терең білсе, түсінсе, бүгінгі көптеген мәселелер өздігінен шешілген болар еді.

Мағжанның рухты өлеңдері мотивацияға толы. “Мен жастарға сенемін!” деген жыр жолдары неге тұрады?! Мағжан қандай да бір қайшылыққа толы, қаншалықты мұңлы өлең жазса, шығармасын соншалықты позитивті нотада аяқтауға тырысады. Жылап-сықтап, ездік таныту Мағжанның өр табиғатына қайшы. “…ға” деген өлеңі Әлихан Бөкейханға арналған тәрізді.

Ұмтылған ізгі жолда тілегіңе,
Түссе де темір шынжыр білегіңе,
Қасіретті, қара күнде жанды сүйген
Қонған жоқ кіршік таза жүрегіңе.

Бұл өлең жолдарынан Алаш қайраткерлерін алға сүйреп, қазақ елін кіршіксіз жүрегімен сүйген Әлихан Бөкейхан бейнесі елестейді. Оның басынан ел үшін кешкен қайғы-қасіретін де дәлме-дәл береді.

Ардақты ер! Ұмытылмас еткен ісің,
Күні ертең айбынды алаш жинап есін,
Көксеген көп заманнан тілегіңді
Жарыққа шығаруға жұмсар күшін.

Әлгі өлеңнің соңы осындай үлкен сеніммен аяқталады. Бүгінде Әлиханды ұмытпай ұлықтап жүрміз, олар аңсаған азаттық таңы да атты. Мағжан ақынның өлеңі айна-қатесіз орындалып, сенімі ақталған екен. Осы күні сенім күшінің құдереті туралы қаншама фильмдер түсіріліп, кітаптар жазылып жатыр. Ал әділеттілікке, ізгілікке сенген ақын Мағжан заманынан озық туған ба деп қайран қаласыз.

Мағжанның тағы бір ғажап қасиеті - тарихи білімінің көкжтегі өте кең. Түркология саласына өлеңдерімен-ақ жаңа сүрлеу салғандай. Бір ғана Түркістан өлеңі жеке-дара арнайы зерттеуді қажет етеді. Ұлы даланы дүбірлеткен балаларымыздың тарихын тым ары сақтардан, ғұндардан бастайды.
Сақтар заманында Еуразия кеңістігінде екі мәдениет өзара иық тірестіріп, бәсекелесіп тұрды.

Олар - Тұран мен Иран мәдениеттері. Тұранда сақтар мекендесе, Иран парсылар елі еді.

Тұранда жер жүзінде жер жеткен бе?
Түрікке адамзатта ел жеткен бе?
Кең ақыл, отты қайрат, жүйрік қиял,
Тұранның ерлеріне ер жеткен бе?

Мағжан дәл осы бір шумақта бабалардың бойындағы асыл қасиеттерді атап өтіп, тегіміздің мықтылығын айтып рухтандыра түседі.

“Қорқыт”, “Қойлыбайдың қобызы” сияқты дастандары ежелгі бабаларымыздың дүниетанымын жан-жақты суреттейді. Қазіргі кей жас ақындар мұндай тақырыптарға бара бермейді, барса да қате мағлұматтармен бұрыс жазады.

Мағжан ақынның барынша арабша сөздерден аулақ болуға тырысқанын байқау қиын емес. Жалпы, Алаш қайраткерлерінің шығармаларында, мақалаларында осы игі үрдіс байқалады. Ашығын айтқанда алдыңғы толқын ақындарда араб сөздері мен сөз тіркестері жиі кездеседі.

Мағжанның діни фанатизмге қарсылығы көптеген өлеңдерінде көрініс тапқан. “Дін үйреткенге”, “Мешіт һәм абақты”, “Ораза” өлеңдерінде дінді ашық сынға алады.
“Мешіт һәм абақты” өлеңінде:

Бұл үйді мешіт дейді, құлыншағым,
Ерігіп, қуған болып ата заңын,
Анда-санда домалап бармағы үшін,
Салдырған өзіне арнап “жуан қарын”.
Бес минут “жатып-тұрып”, жуып алмақ
Былғаған бұзықтықпен ұят-арын, - деп дінді пайда табу құралы екенін ашық айтады.

Осы күні де өзінің арам жолмен тапқан ақшаларын мешіт салып, күнәларын осылайша “жуып-шайғысы” келетін жуан қарындар қаншама?!

Арыстан жүректі ақын ешнәрседен қаймықпайды. Отаршылдық сана орыстандыру ғана емес, дін күшімен арабтандыру арқылы жүргізіліп жатқанын сезіне білген. Бір ғасыр бұрынғы ойы жүйрік ақынның бұл айтқандарын әлі күнге дейін көп қазақ түсінбейді, түсінгісі де келмейді.
Ал ақынның сол кездегі Алаш арыстарына тән жастарды ғылым мен білімге шақырған өлеңдері қандай ғажап!

Қарағым, оқу оқы, босқа жүрме!
Ойынға, құр қаларсың, көңіл бөлме.
Оқымай ойын қуған балаларға
Жолама, шақырса да қасына ерме!

•••

Жасынан оқу оқып, өнер қуған
Жан жетпес көңілі жүйрік кемеңгерге…

Мағжанның осы тәріздес өлеңдері жетіп-артылады. Еліміз тәуелсіз болғанымен, қараңғылықтың шекпенінен әлі де дұрыстап шыға алмай отыр. Ілім-білімі мықты елдердің айы оңынан туып, жаңа заманның көшін бастап келеді. Мағжан соны ғасыр бұрын сезген екен ғой.

Арман Әубәкір

Пікірлер