Үш ұятыңды сақта, қазақтың қызы!

4886
Adyrna.kz Telegram

Үш ұят

Шымкентте сурет колледжінде оқып жүрген кезім. Гүлфайрус есімді қыз болатын. Менен 1 курс жоғары оқыды. Өзі еліктің лағындай. Әп-әдемі сондай… Ұнайтын. Жо-жоқ, түрі емес, мінезі, ұялшақтығы.

Көзіне тіке қарасаң да, ұялатын, күлдіргі сөз айтсаң да, ұялатын. Ұялғаны сол, шашын тістеп-ап, екі-үш рет айналатын. Жә, не айтқым келді дейсіз ғой? Бұл ұялу қызға тән ұялу екен. Негізі, әйел баласының бойында үш ұят болады. Біздің мынау айтқанымыз – бірінші ұялу. Бұл ұят алғашқы неке түні кетеді деседі. БІРІНШІ ұят демекші, бұл дүниені неке қиюшы молда жақсы біледі. Рәсім кезінде «тұрмысқа шығуға разымысыз?» – деп сұрақ қояды. Қыз қысылып, жауап бере алмай тұрса, қайта-қайта қыстамайды. Себебі, қыз бала «иә» деуге ұялуы мүмкін. Сондықтан, үндемеуі – келісті деп саналады. Ал жесір әйелге талап басқа. Ол неке қию рәсімінде міндетті түрде «иә, разымын» деп айтуы қажет. Себебі, ол қыз емес.

Енді, ЕКІНШІ ҰЯЛУға келсек, бала туғанда жойылады. Келін кезіндегісі мен бірнеше баланың «мамасы» болған шағында біраз «айырмашылық» көрсеңіз, осы ЕКІНШІ ҰЯТ кінәлі (Әрине әзіл).

ҮШІНШІ ҰЯТ. Біздің аналарымыздың көбісі, осы үшінші ұятын жоғалтпаған күйі бақилық болатын. Ал үшінші ҰЯТ — әйел адам зинаға түскен түні жойылады. Үшінші ұятын жоғалтқан қазақты да жоғалтады-ау осы… Бірақ, қыз ұятын жоғалтуға сіз бен біздің де қатысымыз бар. Жә, «Өгіз, тана» деген әңгімені қоя тұрыңыз…

 

Гитлерге хат

1941 жыл. Немістің Иозеф Менгеле дейтін дәрігерінің концлагердегі тұтқындарға түрлі тәжірибе жасап жүрген кезі. Не керек, қыркүйек айында, біздің кейіпкердің мекемесіне Ресейден алғашқы тұтқындар келеді. Тең жартысы қыз-келіншек екен. Менгеле оларды тәжірибе алаңына әкеп, біртіндеп зерттеп көре бастайды. Көреді. Көрген бойда, бірден, Гитлерге суыт хат жазады.

«Менің Фюрерім. Мына нәрсені айтқым келеді: Орыстармен соғыс ұзаққа созылуы мүмкін. Бәлкім, жеңіс…. Себебі – тұтқынға түскен орыс қыздарының 98%-ы бейкүнә…»

Осы хатты оқығанда Гитлерді қайдам, мен аң-таң қалғам. Пәктік пен соғыстың не қатысы бар? Кейін білдім. Мысал келтірейін, көз алдыңызда өскен бейкүнә, пәк қызды қайсыбіреулер қорлап жатса, сіз қайтесіз? Қыздың арын қорғау үшін әлгілердің қолында өлуге барсыз. Бұл ісіңіз ақтауға да, мақтауға да тұрарлық болар еді. Ал енді, керісінше болса ше?!

Көршінің қызы кім-көрінгенмен ыржалақтасып тұратынына куәсіз. Сырттай «жүргіш» екенінен де хабардарсыз. Сол қызды біреулер келіп, жұлқылап жатса, балағаттаса, шашынан жұлса… Сіз қайтесіз? Оқталып барып, «Әй қойшы, өзіне де сол керек» дерсіз. Бұл тірлігіңізді мақтай алмаймын, бірақ ақтауға болады.

Енді көрші-қолаңға қараңыз. Группалас, сыныптас, әріптес қыз-келіншектерге қараңыз. Қайсысына көмекке ұмтыласыз, қайсысының қасынан өте шығасыз? Мойындаңызшы, сіз жанынан өте шығатындардың қарасы көп, иә?! Сол көптің кесірінен ғой, қарындасын қорғауға тиіс бозбаланың аузынан шығар сөз «За бабу не базарим».

Бүгін қыз үшін «базарить» етпейтін ұрпақ, ертең анасы, қарындасы үшін де қыңқ етпейтін болады. Әйел баласының ар-абыройы жер болған ел – көп өтпей өзге бір елдің езгісіне түседі. Бұл аксиома. Мұндай қасірет болмас үшін қыздарымызға ар, намыс, ұят дегенді жастайынан құлағына сіңіру керек. Ұят демекші…

 

«Солай рұқсат сұрап ем, жылан біткен қабырғаға қарай ығыса кетті»

Бір «атам» бар еді… Иә, ол кісі біздің көшенің басында тұратын. Сақалы дөңгелене біткен, қияқ мұртты, қыр мұрынды. Қысқасы, түрі киноға сұранып-ақ тұр. Өзінің «мачо» екенін қу бәле білетін. Әдемі қыз-келіншек көрсе, сумаң етіп сол маңнан табылатын. Не керек, сол шал бір күні қайтыс болды. Қайтты деп қайырлы өлімге ұқсатқым келмейді. Өлді. Иә, өлді… Қабірге қоятын да сәт келді. Екі баласы шұңқырға түсті. Арулап, екі жағынан екеулеп ұстады. Еңкейіп қабірдің ұяшығына денені қойғалы жатқан. Шыңғырып екеуі де атып-атып шықты. Әкесінің мәйіті құлады да қалды… Жұрттың бәрі:

– Не болды? – десті.

– Қабір іші жылан тола, құжынап жатыр, – дейді.

Үрпиісіп қалдық. Бір уақытта қабірге молда түсті. Күбірлеп жатыр. Еміс-еміс естігенім: «Әй, қабір иелері! Мәйітті қинау сендердің міндеттерің. Біздің міндет жерге тапсыру. Орындауға рұқсат беріңдер!».

Кейін молда айтады: «Солай рұқсат сұрап ем, жылан біткен қабырғаға қарай ығыса кетті». Ағамыз мүрдені қабір ішіне салды. Енді лахатты (мәйіт жатқан ұяшық) кірпішпен жабу керек. Көмекке мен түстім. Арғы әлем мен бергі әлемнің арасын кесектермен жауып жатырмыз. Арғы беттен «қырш-қырш» еткен дыбыстар естіледі. Тісің қышырлап, денең шымырлайды-ай, анау дыбыстарды естісең… Зәрем зәр түбіне кетті.

Қайтып келеміз. Жанымда әлгі молда кісінің үш кейіпкер туралы хадис айтқаны есімде қалыпты. Кәззап патша, тәкаппар кедей, сосын зинақор шал. Міне осы үшеуі Алланың мейірімінен мақұрым қалатындар деді… Көзіме жас келді. Өзімді ойладым, өзімнің достарымды ойладым…

Көбіміз «Үйленгенше қызға барып қалайық» деп жүреміз. Үйленеді. Көзді ала бере, «левый» жүретінін қоймайды. 40-қа келгенде қоям дегені де сылтау боп қалады. Ақыры, хадистегідей зинақор шал болады, ал оған енді хадистің үкімі жүреді..

Ойнастың жазасын тек қабір мен ақыретте татпайды екенбіз. Осы өмірде де трихоманиаз, гарднереллез, мерез деген ақшаға емдеуге болар бәлекеттерді қойшы, ақшаға сатып ала алмайтындай дүниеңді бұзасың. Ол – өзіңнен кейінгі ұрпағың. Ойнастық пен ұрпақтың қандай қатысы бар дейсіз бе?! Келесі тақырып осы сұраққа жауап береді.

 

 «Қыздың «бетін» кім ашса, сол ыстық»…

Адам не себепті үйленеді? Соңынан ұрпақ қалдыру үшін. Бұл кез-келген адамның санасына жазылған бұйрық код. Бірақ, бағып-қағып отырған балаң өзіңдікі болмай шықса ше?! Жоқ, әйеліңде кінә жоқ. Саған тұрмысқа шыққалы көзіңе шөп салған емес… Мәселе неде? Осы арада өзіңе сұрақ қойып көрші. Үйленейік деп ұсыныс жасағанға дейін нақсүйерің пәк еді ме?! Неге сұрағанымды қазір түсінесіз.

Осыдан 150 жыл бұрын американдық жылқы өсірушілер бір құбылысқа куә болды. Олар жұмысқа шыдамды асыл тұқымды жылқы алу үшін ат пен зебраны шағылыстырады. Бірақ еркек зебра да, ұрғашы зебра да ұрықтанбай, тәжірибе сәтсіз өтеді. Мамандар бұл туралы мүлдем ұмытып кетеді. Тек арада біраз жыл өткен соң, қара-ала құлындар туыла бастағанда, тәжірибе еске түседі. Олар нағыз асыл тұқымды жылқылар еді!

Бұл құбылыс «телегония» деп аталады. Ч.Дарвиннің, Флинт, Феликс Ладантек сынды профессорлар мен ғалымдардың жасаған тәжірибелері бұл феноменді одан сайын растай түсті. Ф.Ладантек өзінің «Тұлға, даму, тұқым қуалау және жаңадарвиншілер» (1889 ж.) кітабында «Алғашқы еркектің әсері» деген тарауда жүргізілген тәжірибеге тоқталады. Тек тәжірибелі ит өсірушілер ғана асыл тұқымды қаншықтың көшедегі итпен байланысқа түссе, тіпті күшіктемегеннің өзінде одан текті төбет күтуге болмайтынын білген…

Кептершілер де мұны жақсы біледі. Егер тұқымы жасық құс асыл текті кептердің ұясын «бұзып» кетсе, оны бірден өлтірген. Өйткені аналық кептерді нендей мықтымен жұп етсе де, қанаты әлсіз, түсі бөлек балапан басып шығарады.

Сол телегония енді әйелдің бұрынғы серігінің болашақ ұрпағына әсер ететінін дәлелдейтін де ғылым. Әсіресе, алғашқысы.

Өйткені ұрпақтың ТЕКТІК ҚОРЫН баланың болашақ әкесі емес, әйелдің алғашқы серігі қалайды. Бұл әйелдің сәбиді кімнен көтергеніне байланысты емес. Яғни, қыздың етегін алғаш кім түрсе, демек оның болашақ балаларының әкесі сол болмақ.

 Пробиркадағы ДНК ізі немесе бірінші еркектің кесірі

1985 жылы КСРО ҒА физико-техникалық мәселелер Институтының академигі Петр Гаряев қызық мәліметке тап болды. Ол лазерлік спектроскопия арқылы ДНК молекулаларының тұқымқуалаушылық қасиетін зерттейді. ДНК ерітіндісінен лазерлік фотонды өткізіп, молекулалардың көлемі мен салмағы жөніндегі ақпаратты жазып алады.

Бірде Гаряев бірнеше спектр түсірген соң, ДНК-сы бар шыны түтіктің орнына бос түтікті қойды. Сөйтті де, таңғалды. Бос түтіктегі спектрлер алдыңғысына қатты ұқсайтын еді. Тек сигналдың күші әлсіздеу. Қайтадан ДНК іздері қалған ыдысқа бос түтік салды. Мұнда да солай.

Гаряевтың айтуынша, спектрометрде тұқымқуалаушылық қасиетін сақтаған ақпарат қалып қойған. Зерттеушілер оны қайта-қайта сүртіп, тіпті таза азотпен желдендіреді. Сонда ғана ДНК спектрі кеткендей болады. Бірақ 3-4 минуттан кейін қайта шыққан. Оларды тіпті жою мүмкін емес-тей.

Петр Гаряев бұл экспериментті жыл бойы жүргізеді. Ақырында ДНК-ны жойғаннан кейін де, ыдыста ДНК молекулаларының елесі (көрінбейтін із) қалатынына күмәні қалмайды.

Мұндай құбылыс адам баласына да тән дейді Гаряев. Демек, алғаш жақындасқан еркек қыздың генетикалық кодына ешқашан өшірілмейтін із қалдырып кетеді…

Негізі әйелдер пленкалы фотоаппарат сияқты. Сіз 36 кадр түсіріп, оны қайта пайдаланып көріңізші. Суретті шығарғанда не болады? Жеңіл жүрісті әйелдер де сондай. Бір бейненің үстіне екіншісі, оған үшіншісі түседі. Сөйтіп, «әкесіне де, шешесіне де ұқсамай, бала «көршісіне» тартып кетеді».

Мораль

Бауырым! Қарындасым! Сен үшін «Өмірден қалағаныңды ал», «Жас кезіңде жүріп қал» деген ұрандар өмірлік ұстанымың болмауы тиіс. Арыңды жасыңнан сақта. Себебі – дін тұрғысынан да, әлеуметтік жағынан да ең бастысы – ұрпақ. Сондықтан бәрі де, қандай жеміс егетініміз де, ұлтымызға қандай мүмкіндік беретініміз де – өз қолымызда.

 

Нұрбек БЕКБАУ

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер