Түркістан облысы Жетісай ауданы білім бөлімінің қызметкерлері мемлекеттік қаражатты аса ірі мөлшерде жымқыру фактісі бойынша күдікке ілінді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Тергеу барысында аудандық білім бөлімінің басшылығы мен есепшілері өздерінің, сондай-ақ туыстары мен таныстарының есеп шоттарына белгіленген жалақыдан жоғары ақша аудару арқылы бюджет қаражатын жымқырудың қылмыстық схемасын жасағаны анықталды.
«2021-2023 жылдар аралығында мемлекетке 4 млрд теңгеден астам залал келтірілген. Облыс прокуратурасының арнайы прокурорлары 41 қызметкерді, оның ішінде 2 білім бөлімінің басшысын, 1 бас есепші, 2 орынбасарын және 36 есепшіні күдікті ретінде таныды»,—делінген хабарламада.
Ауданның бұрынғы және қазіргі білім бөлімінің басшылары ұстау изоляторына жабылып, соттың санкциясымен қамауға алынды.
Қазіргі уақытта қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастырудың барлық мән-жайлары мен фактісін анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде.