Ғылым және жоғары оқу министрі Саясат Нұрбек университет ректоры екі мерзімнен артық басшы бола алмайтынын айтты, деп хабарлайды Adyrna.kz ұлттық порталы.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында министрге «Наурыз айында сіз ректорларды екі реттен артық тағайындамауға байланысты комиссия отырысы өтеді деп едіңіз. Өзіңіз айтқан комиссия отырысы қандай шешімге келді? Бір адам тапжылмай 13 жыл ректор бола бере ме, жоқ әлде комиссия отырысы қандайда бір жаңалық енгізді ме?» деп сұрақ қойды.
«Комиссия отырысы болып, тиісті өзгерістер енгізілді. Осы жылдың сәуір айынан бастап ректорлыққа өтініш берген талапкерлер 2 мерзімнен көп отыра алмайды. Себебі тиісті заңнамалық өзгерістерді енгіздік. Бір мерзім үш жылдан болса, ректор 6 жылдан артық басшы бола алмайды.
Сондай-ақ ректор болғысы келетін талапкерлерге талаптар күшейтілді. Енді ректорлыққа кемінде академиялық салада 10 жыл тәжірибесі бар, оның ішінде 5 жыл басқарушы-академиялық лауазымдарда ғылыми дәрежесі бар адамдар өтініш бере алады және ағылшын тілін білу талабын енгіздік. Сонымен қатар БАҚ-та, әлеуметтік желіде моральдық, репутациялық тұрғыдан жағымсыз пікір қалыптасқан адам ректор бола алмайды. Бұл талаптарды комиссияның шешімімен бекіттік, енді ректорлыққа талапкерлерге талап күшейтілді», – деді ол.
Сондай-ақ журналист «Бұл талап ректорлық қызметте 5 немесе 10 жылдан астам уақыт отырған азаматтарға қатысы бар ма?» деп сұрақ қойды.
«Қазақстанда негізгі заңнамалық принцип бар. Жаңадан қабылданған заңның бұрынғы қабылданған шешімдерге күші жоқ. Сол себепті заңнамалық өзгерістерге дейін тағайындалған ректорлардың контрактілері біткенде ғана қазіргі заңдық күшімен жалғастырады», – деді ол
Естеріңізде болса, бұған дейін Аdyrna.kz ұлттық порталында «Министр ректорлардың “АҚШ президенті секілді” шектелетінін айтты» деген тақырыпта ақпарат шықты. Аталған материалда Ерлан Сыдықовтың Еуразия университетін 13 жылдан бері басқарып келе жатқаны сөз болған. Демек Саясат Нұрбек енгізген өзгерістің Ерлан Бәтташұлына қатысы жоқ.