Home » Айдарлар » Салт-дәстүр » ​Қыздың ЖАСАУЫНА мына ЕКІ затты қосуға БОЛМАЙДЫ

​Қыздың ЖАСАУЫНА мына ЕКІ затты қосуға БОЛМАЙДЫ

«Жасауы жақсы қыздың тілі ұзын болады» дейді.  Мәссаған! Мұны айтатын ақылы, көрсететін өнегесі бар деген апаларымның аузынан естіп «шок» болдым. Шынында да қыздың мәртебесі мен мерейін өсіретін артынан келген жасауы ма әлде келген үйіме құт болайын, өсейін, өнейін, ұрпағын көбейтіп, ақ жаулықты әже болайын деген ниет пе?! Бүгінде қызының жасауына тұрмыстық заттар, жеңіл көлік, тіпті пәтер қосып жатқан жомарт әкелер бар. Соның бірі үлкен әпкем мен жездем. Тұңғыштары Тұмарды Шымкент қаласына ұзатып жатыр. Енді тойға дайындықтарын көрсеңіз, қып-қызыл шығын. Екі жақтың құдалары жастарға үй жасап, бірден еншісін берейік деп өзара келіскен екен. Жігіт жағы пәтер сатып алып, іші-сыртын жөндейді. Ал біздікілер үйдің ішін жиһаздармен жабдықтауды міндетіне алыпты. Соған жездем барын салып, ең соңғы үлгідегі жиһаздарға тапсырыс беріп, қызының жасауын жабдықтауға кірісті. Бүгін бәріміздің басымызды қосып қыздың жасауын көрсетіп жатыр. Біз де ұзатылатын қызға атағанымызды беріп, жиналып отырмыз. Әпкемнің ұзақ жылдар бойы ыдыс-аяқ сататыны олжа болды. Тұмардың жасауында біз көрмеген сан түрлі ыдыс-аяқ бар. Қамыр асатын қазан, қуырдақ жасайтын қазан… деп он саусақпен санадық. Пышақ, қасық-шанышқының алтыны да, күмісі де бар, ағаш ыдыстың жиынтығынан көз сүрінеді. Ал дастархандарына сөз жоқ. Жиылғанның бәрі аузын ашып, тамсанып отыр. Бұдан бөлек тұрмыстық техниканың бәрін түгелдеген. Тіпті, ыдыс-аяқ жуатын машинаға дейін алыпты.

…Қызымды оқыттым. Диплом да әпердім, жалақысы жақсы жұмысқа да орналастырдым. Күйеу балам да осал емес. Білдей прокурор. Маған бұдан артық бақыт бар ма, – деп жездекем бірде мақтанып, бірде марқайып отырды. Тұмардың көлік айдайтынына да 2-3 жыл болып қалды. Сөз арасында көлікті де ауыстырғанын естіп қалдық. Мұның бәріне құтты болсын айтып, тілеулестігімізді білдіріп отырмыз. Бірақ, жездемнің анасы мұның ешбірін ұнатып отырған жоқ. Жасыратыны жоқ, жездемнің анасына қарап нағыз ақ жаулықты, салиқалы ананы көремін. Басындағы орамалы, көп сөйлемейтін сабырлылығы, бата бергендегі шын ниеті кәдімгідей таңдай қақтыратын. Қыздың жасауымен танысып болғасын, ас жеп, дастарханға бата қайыратын кезде ғана құдағиымыз сөз алды. Келгендерге алғысын білдіріп, немересінің бақытты болуын бізбен бірге тіледі.

…Сабыржан балам, Инабат келінім! Немерем Тұмарға сендердің жолдарыңды берсін! Бағы ашылып, өсіп-өнсін. Мәуелі ағаштай жайқалсын! Менің қызым найман елінің айтулы келіні, ақ жаулықты анасы, ақ самайлы әжесі болсын! деп даусы дірілдей, көзіне жас алды. Жездем анасының иығынан құшақтап, қуаныштың көз жасы екенін айтып өзі де жасын сығып алды. Ұлының маңдайынан сүйген құдағи артық демесең өз ойымды қосайын деп ұлының жауабын күтпей сөз бастады: «Бақыттың – дүниемен өлшенбейтінін балаға үйрет. Оқыттың, диплом әпердің, жұмысқа орналастырдың. Енді құтты орнына қондырып, ата-аналық парыздарыңды өтеп жатсыңдар. Жастар еңбектенсін, маңдай терін төгіп дүние тапсын. Сонда жоқ пен бардың қадіріне жетеді. Иә, жасауға не қоссаң да артық етпейді. Бірақ, бүгінгі жастарға бәрін жасап беріп, қатты қателесіп жүрміз. Қазақта қыздың жасауына міндетті түрде жүкаяқ берген. Оның үстіне құрақ көрпе, көрпеше, жастық сынды жүк жиналады. Әжелеріміз ұзатылатын қызының «бағы ашылып, басы құралсын, табысы еселеніп, берекесі артсын» деген ырыммен бәріне құрақ тіккен. Ал сендер сандықтың орнын жүк жинайтын «купе» есікті шкафқа, құрақ көрпені синтепон көрпелерге айырбастадыңдар. Жасауға берілетін әрбір заттың өз салмағы мен мәні болады. Ал қазан мен пышақты жасауға қоспайды. фото: priceguard.ru Өйткені қазақ халқы қазанда ырыс пен береке бар деп сенген. Үйімнің ырысы, босағамның берекесі, отбасымның несібесі қазанда болады деп, өзгелерге бермеген. Сол секілді ұзатылатын қызға да қазан бермейді. Кей елдер жасауына қазан алып келген келіндерді жақтырмайды. Ол «келмей жатып қазанымды билейін деген екен» деп жаманға балайды.

Пышақта да айтарлықтай сөз жатыр. Пышақтың жүзі өткір, қауіпті зат болғандықтан, жаңа құдалардың арасына салқындық салмасын, жас келіннің тілі өткір болмасын деп, жаңа құдалар пышақ алғанды ұнатпайды. Пышақ әкелген күннің өзінде «сатып алу» ырымын жасайды. Білмесеңдер, бір ауыз сұраңдар. Айтудан біздер жалықпаймыз» деді құдағиымыз. Осындағылардың бәрі аңтарылып қалдық. Әпкем де бір сөзге келместен, қатардағы қазан пен пышақты шетке алып қойды. Ақыл айтып, жөніменен жол көрсетер ене мен тілалғыш келінге қарап, қызығып-ақ қалдық.

 

Жазып алған – Асыл Арман

“Адырна” ұлттық порталы

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

ЕРКЕКШОРА ДЕП КІМДЕРДІ АЙТҚАН?!

«Еркекшора» деген ұғым — ұл балаша өскен қыз дегенді білдіреді. «Еркек» және «шора» — үлкен ...