Home » Айдарлар » Салт-дәстүр » Ененің тілі әрі шәрбат әрі у!

Ененің тілі әрі шәрбат әрі у!

Әйел әлемі әдемілікпен әрленсе, жүрегі махаббат пен мейірімге малынған. Нәзік жаратылыс иелерінен қатыгездік шығады деп күдіктену қателік. Өмірде әйелдердің орны ерекше. Өйткені олар ардақты ана, ақ жаулықты әже, аяулы жар, сүйкімді қыз және ене. Әрқайсысынан әртүрлі жылылық еседі. Әженің алақанынан, ананың құшағынан, ал енеден ше? Бұлардың мейірімі тілінде екен ғой…

Аудандағы ең әдемі тойханада үйлену тойымыз өтіп жатты. Бәрі қуанышты. Би қызып, ән шырқалып, жылы лебіздер ақтарылуда. Бір кезде сөз кезегі менің ақтөбелік құрбыма келді. Ол тілек арасында: «Сиырдың жауы – кене, қыздың жауы – ене» демекші, Құндыз енеңді өз анаңдай сыйла!» демесі бар ма? Қасында қуаныштан жүрегі жарылардай болған енем тұр. Оның жүзіндегі өзгерісті көзімнің көруі нашар болғандықтан байқай алмадым. Мүмкін елемеген болар, тыңдамаған шығар деген жақсы ниет те көңілге келді.
Той соңында микрофонды иемденген енем: «Айналайын, кененің де, ененің де тілін тапқанбыз», – деп жауап қайырды. Мен тұрмын желі шыққан шарға ұқсап. «Енді не болар екен?» деген сұрақпен тойханадан аяғымды санап басып шығып келе жатсам: «Ойбай, Құндыз, енеңнен абайла. Тілінің ащылығы бар мінезді кісі сияқты», – деп құрбым құлағыма сыбырлап кетті. Жығылғанға жұдырық сияқты анамның: «Ертең енең көрсетеді саған көкеңді» дегені есіме түсіп, жаным жабырқады.
Біраз уақыт жүрексініп жүрдім. Жат жерге бірден бейімделіп, сіңісіп кету оңай емесі анық. «Бірдеңе дей ме екен, сонда мен не айтамын?» деген ой маза бермеді. Қойшы, әйтеуір, қорқыныш сейілді-ау. Алайда енем бойымнан кемшілік іздеп, көктікке салынбады. Көргенділігінің белгісі шығар, тектіліктің төл әліппесін үнсіз ғана үйретті. Кемшілігіме кешіріммен қарап, өзіне де үйдің тіршілігіне де бейімдеді. Шын мәнінде, оның дипломы жоқ психолог екенін түсіндім. Әйтпесе, қолынан түк келмейтін келінді жерден алып, жерге салып, тілімен у шашып, көңілге қаяу, жүрекке жара түсіріп, жеккөрінішті көрініп жүрген енелер қаншама?!
Ауылдық жерде тұрғандықтан ауламызда мал қора бар. Кішкене сүйретпе арбамен сырттан су тасимыз. Кәдімгі ауыл өмірі. Бір күні үйдің де, түздің де жұмысын өз жауапкершілігіне алған енемді алыстан бақыладым. Сол уақытта көз алдыма кезінде көз майын тауысып оқыған әдеби кітаптардағы әйел бейнесі келді. Киімі, үстіндегі тоны, басына таққан орамалы, шай үстінде айтқан әңгімелері, өзін-өзі ұстауы, құдды бір Ұлпан отырғандай. Көздеріндегі қуаныштың тереңінде реніш жасырынып, бетінде өмірдің сүрлеу ізіндей әжім жатыр. Сонда да ажарлы, жүзінде нұр бар. Неге дейсіз ғой? Себебі ол ешкімге арызданып, шағым білдірмейді. Біреуді кінәлаудан аулақ. Менің көзімше еріне «әй» деп те, «қой» деп те айтып көрмепті.
Тіршіліктің теперішіне көндіге жүріп, балаларының бақытын көксеген енемнің үйде орны бөлек. «Жақсы әйел үйінде ханым әрі күң» деген нақыл сөзді ұстанған ол ардақты да абзал адам. Әжімді жүзі өзіне сән берген ұлымның әжесі, сүйгенімнің анасы барлық құрметке лайық. Жастары отызға таяған ұл-қыздарынан қолдау мен көмегін аямай, саналы ғұмырын соларға құрбан еткен енемнің өнегелі өмірі – біздей келіндерге берік бағдаршам.
Құндыз ӘСКЕРБЕК
Жанқожа батыр ауылы
“Адырна” ұлттық порталы

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

ЕРКЕКШОРА ДЕП КІМДЕРДІ АЙТҚАН?!

«Еркекшора» деген ұғым — ұл балаша өскен қыз дегенді білдіреді. «Еркек» және «шора» — үлкен ...