СЕРІК ЕРҒАЛИ: Азаттық таңына сәуле болғандардың бірі - Мұрат Әуез

855
Adyrna.kz Telegram

Кеше, 2024 жылдың 14 маусымында 82 жасқа қараған шағында Мұрат Әуезов бақиға озды. Ол 80 жасқа толған кезінде қайраткерді тікелей де, желіде де құттықтап, көпшілік өзінің ықыласын білдірген. Естелік, эсселер жазылған. Бүгін де жазылып, жарияланып жатқандары бар. Сондай жазбалардың бірін қысқарған нұсқада жариялағанды жөн көрдік. Автор айтқандай, қайраткердің "Жас Тұлпар" ұйымы кезеңіндегі белсенділігі әлі күнге жеке зерттелмей келеді.    

Мұрат Мұхтарұлы Әуез - ХХ-ғасырдың екінші жартысындағы ұлттық "Жас Тұлпар" қозғалысының баскері ғой. Бұл қозғалыс елге үлкен дүмпу әкелді. Саясаттан гөрі рухани-мәдени салаларда жаппай серпіліс туғызуға септік еткен қозғалыс. Қазақ халқы өз жерінде ұлт екенін сезініп, өз тағдырын өзі қолға алуға бекінген сәт, осы "Жас Тұлпардан" басталды. Бұны әлі күнге саясаттанушылар,тарихшылар ресми-ғылыми түрде жазбай, зерттемей, бағаламай отыр.

Бұл қозғалыс қызыл империяның 2-әлемдік соғыстан кейінгі қазақты кезекті отарлауына деген қарсы ішкі бұлқыныс болатын.

«Жас Тұлпардан» кейін "Дос-Мұқасандар", "Гүлдер" сықылды өнерпаз топтар туды, жастарды дүр сілкіндірді, одан әрі ақын-жазушылар түледі. Ұлттың рухы самсап шыға келді. Әсіресе, бұл серпілістің рухани шыңы Олжас Сүлейменовтың "Аз и Я" кітәбі. Бұл енді қызыл империяға рухани түрде "Біз енді бұдан әрі отар болудан бас тартамыз!" тұрғыдан берілген жауап еді.

1989 жылы құрылған "Невада-Семей" антиядеролық қозғалысын Олжекең басқарып, оған орынбасарлық еткен Мұрат Мұхтарұлының тандемі жақсы еді. Сол жылы мамыр айында Алматыда үлкен жиын болып, арты Семейге, Қарауылға ондаған автобустармен барған жастардың ішінде болдық.

Сонда көп бастаманы Мұрат ағамызбен шешіп едік. Ылғи 28-30-дағы жастар Семейде, Олжас ағамызбен кездесуді шешкенбіз. Содан сол ойды Мұрат ағамызға айтып едік, ол кісі оны 1 сағаттың ішінде шешіп, екеуі қонақүйдегі кең бөлмеде оншақты жігітті қабылдап, сағаттан астам әңгімелескеніміз бар. Кейін сол жігіттер бұдан рухтанып, өз өңірлерімізде қозғалыс құрып кеттік - мен Ақтөбеде "Жем" антиядролық қозғалысын, Әлихан Баймен "Ұлытау" қозғалысын құрды, басқа да жігіттер дүр ете түсті. Кейін бәріміз де елдің азаттығына кірісіп кеттік. Мұрат ағамыздың іске дегенде шығармашыл адамға тән ырғалмай-жырғалмай-ақ кірісіп кететін әбжіл мінезі барын, дәл әрі тап басатынын сонда көргем. Кейін ол авторитаризмге қарсы тұрған ең алғашқы оппозицияны басқарды - "Азамат" партиясын құрды! Осының бәрі аға ұрпақ тарапынан тарихтағы босалқы дүниені толтыратын қайраткерліктер!

«Жас Тұлпардың» басында тұрған Мұрат Мұхтарұлы Әуездің өмірі осындай ұлттық серпіліске толы, финалы - Азаттық, әрине!

 

Serik Ergali

 

 

 

 

 

Пікірлер