Home » Айдарлар » Қоғам » Жәкішев пен Ұлттық сенім кеңесінің арасында байланыс бар ма?!

Жәкішев пен Ұлттық сенім кеңесінің арасында байланыс бар ма?!

Ертең Семей қаласында Мұхтар Жәкішевті мерзімінен бұрын бостандыққа шығару туралы сот отырысы өтеді. 2009 жылдан бері түрмеде отырған саяси тұтқынның бостандыққа шығуы мүмкін бе? Сондай-ақ, Мұхтар Жәкішевтің соты мен Ұлттық сенім кеңесінің арасында байланыс бар ма?
14 жылға бас бостандығынан айырылған Мұхтар Жәкішев 2009 жылдың мамыр айынан бері түрмеде жазасын өтеп жатыр. Міне, содан бері халықаралық және отандық құқық қорғау ұйымдары сотталушыны саяси тұтқын деп танып, оны тез арада бостандыққа шығаруды талап етіп келеді. Алайда 10 жылдан бері құқық қорғау ұйымдарының талап-тілегіне құзырлы орган назар аударған емес. Ал ертеңгі сотта Мұхтар Жәкішевтің бостандыққа шығуы мүмкін бе? Бұл туралы белгілі құқық қорғаушы Абзал Құспан өз ойын ортаға салды.

– Мерзімінен бұрын шартты босату заңмен белгіленген тәртіп болғандықтан, бұл – Мұхтар Жәкішевтің ең алғашқы мүмкіндігі. Негізі мерзімінен бұрын шартты бостандыққа шығару сотталушы мен адвокаттың өтінішінен кейін жүзеге асады. Ал енді оны қанағаттандыру-қанағаттандырмау – соттың, шын мәнісінде биліктің, қолындағы іс. Жалпы жазасының 3/2 бөлігін өтеген сотталушының талап-арызын сот міндетті түрде қарауы керек. Сондықтан аталған арызды қараусыз қалдыруға соттың қақысы жоқ. Жазасының 3/2 бөлігін өтегеннен кейін Мұхтар Жәкішевтің бостандыққа шығуға мүмкіндігі бар. Дәл осындай жағдай 12 жылға сотталған Саят Ыбырайға қатысты қолданылған болатын. Жазасының 3/2 бөлігін өтеген профессор түрмеде кітап жазып, ішкі тәртіпті бұзбағаннан кейін мерзімінен бұрын бостандыққа шықты. Егер сотталушы түрменің ішкі тәртібін бұзбаса, соттың оны мерзімінен бұрын шартты босатпауға қақысы жоқ. Жәкішев біреудің басын жарып, тұмсығын бұзатындай қылмыс әлемінің серкесі емес. Оның үстіне денсаулығы сыр беріп, ауыр халде жатқан тұтқынды сот мерзімінен бұрын босатуы мүмкін, – дейді адвокат.

Құқық қорғаушы Саят Ыбырай мен Мұхтар Жәкішевтің мамандығы физик-математик екенін айтады. Яғни, олар түрмеде емес, төрде отырып қоғамға пайда әкелуі керек.
Бұған дейін белгілі бизнесмен Марғұлан Сейсанбай «Ұлттық сенім кеңесіне саяси тұтқындарды босатқан жағдайда кіремін» деп мәлімдеген болатын. Сондықтан да көпшілік Мұхтар Жәкішевтің бостандыққа шығуын Ұлттық сенім кеңесімен байланыстырып жатыр. Алайда, бұл уәжбен Абзал Құспан келіспейді.

– Жәкішевтің соты мен Ұлттық сенім кеңесінің қатар келуі жай ғана сәйкестік. Жалпы біз Жәкішевтің ісін саясиландырып оның бостандыққа шығуына кедергі келтірмеуіміз керек. Өйткені әлеуметтік желідегі азаматтар Жәкішевтің соты мен Ұлттық сенім кеңесін байланыстырып жатыр. Алайда жоғарыда айтқанымдай, сотталушы мерзімінің 3/2 бөлігін өтегеннен кейін сотқа өтініш беруге құқылы. Біз осының аражігін ажыратуымыз керекпіз. Шын мәнісінде, Жәкішевті түрмеде ұстап отыру жаңа билікке түкке қажеті жоқ. Билік қанша қара күйе жаққанымен Жәкішевке деген елдің ықылас- ниеті жоғары. Өйткені қарапайым халық оның саяси себеппен сотталғанын жақсы біліп отыр. Сондай-ақ, әлеуметтік желідегі жұрт «Макс Боқаевты бостандыққа шығарады» деп отыр. Шын мәнісінде, Макстың өзі мерзімінен бұрын шартты босанудан бас тартып отыр. Макспен бірнеше рет түрмеде кездескеніммен оны кейбір азаматтар сияқты әлеуметтік желіге салып, мақтанған емеспіз. Негізі биліктің өзі «Мерзімінен бұрын шартты бостандыққа шығу туралы құқығыңызды пайдаланыңыз» деп Максқа жалынып отыр. Әйтсе де, ол приципке салып, мерзімінен бұрын бостандыққа шығу құқығын қолданбай жүр. Ал 18 жылға сотталған Аран Атабек жазасының 3/2 бөлігін өтеген болуы керек. Алайда сот оны түрменің ішкі тәртібін бұзды деп шығармай тастауы мүмкін, – дейді адвокат.

Абзал Құспанның айтуынша, Мұхтар Жәкішевтің бостандыққа шығуына құқықтық кедергі жоқ. Сондықтан да ертең қуанышты хабар естіп қалуымыз әбден мүмкін.
Жалпы сарапшылар Мұхтар Жәкішев мықты менеджер деп жоғары бағалайды. Өйткені ол тақыр жерден «Қазатомпромды» құрып, әлемдік деңгейдегі компания жасады. Алайда саясаттанушылар ұлттық компания Ресейге бәсекелес ретінде кедергі келтірді деген болжам келтірді. Сондықтан да Мұхтар Жәкішевтің түрмеге жатуына сыртқы күштердің де ықпалы болуы мүмкін. Сыртқы күш демекші, 2015 жылы «Қазатомпром» ұлттық компаниясының басшысы Нұрлан Қаппаров Қытайда жүрек талмасынан қайтыс болған еді. Небәрі 45 жастағы азаматтың жұмбақ жағдайда қайтыс болуы «Қазатомпромды» басқару қауіпті екенін аңғартса керек.

Серік ЖОЛДАСБАЙ

“Адырна” ұлттық порталы

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

“ДРЕВНИЙ РИМДЕГІ” ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС НЕГЕ СОЗЫЛЫП КЕТТІ?

Қарағандыда «Древний Рим» мейрамханасындағы іске қатысты тергеу ісі аяқталды, деп хабарлайды Новый вестник сайты. Рахымжан ...